КӨЛІКТІҢ АТЫ ЖЕҢІЛ, ҚҰНЫ ҚЫМБАТ

КӨЛІКТІҢ АТЫ ЖЕҢІЛ, ҚҰНЫ ҚЫМБАТ

КӨЛІКТІҢ АТЫ ЖЕҢІЛ, ҚҰНЫ ҚЫМБАТ
ашық дереккөзі
Тәуелсіздіктен бері халықтың қолы жеткен игіліктің бастысы – шетелдік жеңіл көлік шығар, сірә. «Қой көрмеген қой көрсе, қуалап жүріп өлтірер» дегендей, бағасы қолжетімді «иномаркаларға» деген сұраныс күрт көбейіп, жұрт тапқанын көлік алуға жұмсап, шетімізден темір тұлпарды  тізгіндеп шыға келдік. Әрине, қашанда «көрпесіне қарап көсіле білетін» халыққа басында – бағасы ондаған мың доллар тұратын су жаңа шетелдік көліктерден (автосалондарда сатылатын) гөрі, шыққанына бірнеше жыл болған, жүрілген арзан көліктер тиімді болғаны рас. Бірақ уақыт өте келе бағасы қалтаға тиімді болғанмен, сапасы сыр бере бастаған ескі көліктердің жөнделуі де, оған салынатын салықтардың көбеюі де елдің ақылын оятқандай болды. «Бақсам бақа екен» демекші, шыққанына ондаған жыл өтсе де, кеңестік кездегі көліктерге қарағанда сапасы мықты көрінген Еуропадан әкелінген жеңіл көліктердің арзан болуында сыр бар екен. Біріншіден, олар ескі көліктерін сыртқа сатып пайда көрсе, екіншіден, өз елін ескі автокөліктерден құтқарады. Яғни, сол кезде еліміздегі БАҚ-тардың жазғанындай, бізді арзан көлікке қарық қылған Еуропа «қоқыс мәселесін оңай шешкен» көрінеді. Мейлі, өткен өтті, кеткен кетті. Бірақ одан бері де халықтың автокөлік мәселесінде көретін қиындықтары аз болған емес. Рөлі оң жағында орналасқан көліктерді «жол апатын туғызуға себепші болады» деп, иелеріне де көптеген қысым жасалды. Яғни, «оңқай» рөлділерді «солақай» рөлді көлікке айналдыру науқаны жүріп, талай жеңіл көлікке күрделі жөндеу жүргізілді. Одан бір уһ деп құтылғанда, Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық одаққа қосылып, шеттен көлік сатып алудың жаңа ережелері пайда болып, шетелдік көліктің бағалары көтеріліп кетті әрі оған салынатын кедендік алымдар көбейіп, бұрынғыдай Еуропадан көптеп келетін арзан көліктің жолы кесілді. Сонымен бірге шеттен келетін жеңіл көліктердің шыққан жылына байланысты шектеулер қойылды. Сондықтан елімізде жеңіл көлік клиенттерінің талабын қанағаттандыру үшін «Азия авто», «Сарыарқа авто­пром», «Хюндай» секілді автомашина құрастырушы компаниялар пайда болды, сол секілді Өзбекстан мен Ресейдің бағасы біршама қолжетімді, орта класты жеңіл автокөліктері көптеп сатылуына жол ашылды. 2015 жылы Қазақстан ресми түрде Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Осы кезде де басты мәселенің бірі ретінде жеңіл автокөліктер туралы әңгіме айтылып, ел нарығында бұл мәселе оңтайлы шешілетіні туралы мемлекет тарапынан мәлімдеме жасалған-ды. Сол тұста Инвестициялар және даму министрінің орынбасары болған Алберт Рау жаңа ұйымға кіргеннен кейінгі көлік мәселесі туралы: «Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылғандықтан бірқатар заңдарымызды жетілдіріп, қажет жеріне түзетулер енгізу керек болып жатыр. Соның бірі – ескі көліктерді елімізге қаптатпау. Пайдаланылған автокөліктерді жылына қарай тіркеу шарасы да осы себептерге және еліміздің экологиялық тазалықтарына, сондай-ақ, жол қауіпсіздігіне орай жасалып жатыр», – деген болатын. Расында бұл бойынша, кейіннен бірқатар шаралар іске асырылды. Атап айтқанда, Еуропа мен араб елдерінен әкелінетін көліктерге кедендік салықтар мөлшері көбейіп кеткені себепті, олардың елімізге әкелінуі тоқтатылды десе де болады. Есесіне, ресейлік жеңіл көліктер көптеп кіргізіліп жатыр. Жасыратыны жоқ, еуропалық сапалы жеңіл көлікке үйреніп қалғандардың ресейлік жеңіл көліктерге «тақымы толмайды». Солай болса да, халықтың көпшілігі қазір орыс жеңіл көлігін тұтына бастаған сияқты. Бұны еліміздегі көлікке қатысты соңғы статистикалық мәліметтерден білуге болады. Қазақстан Автобизнес қауымдастығының мәлімдеуінше, 2018 жылдың қараша айында ІІМ органдары 106 654 автокөлікті есепке алған. Ал 2018 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстанда 1 094 106 көлік құралы тіркеуден өткен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 53 953 бірлікке артық екенін білдіреді. Мәліметтерді одан әрі таратып айтсақ, тіркеуден өткізілген автокөліктердің 423602-сі (38 пайызы) – пайдаланғанына 20 жылдан асып кеткен көліктер. Оның ішінде 10-20 жыл бойы пайдаланылған көліктердің саны – 300289 (27 пайыз). 2008-2015 жылдары шығарылған автокөліктер бойынша 266476 көлік, (24,3 пайыз), қолданылғанына 3 жыл болған көліктер саны – 102 810. Елімізде саудадағы ең көп сұранысқа ие автокөлік – бұрынғыдай Toyota Camry маркасы. Қазақстанда көлік саудасына қатысты келісімнің әрбір алтыншысы осы маркаға тиесілі. Жалпы, 2018 жылдың 1 желтоқсанына дейін елімізде барлық типтегі 4,45 млн көлік құралы тіркелген. Есепке алынғандардың ішінде ең көбі – ВАЗ Lada (770 мың), екінші орында Toyota (450 мың). Үшінші орынға Volkswagen (280 мың) дана көлікпен жайғасқан. Ал аймақтар бойынша айтар болсақ, Алматы облысы көлікті тіркеу жағынан бірінші орында тұр. Осы жылдың 11 айында Алматы облысында 158 636 автокөлік есепке алынған. Шымкент қаласы пен Түркістан облысында 157 454 көлік тіркелген.  Үшінші орынды түйіндеген Алматы қаласында 138 874 дана көлік тіркеліпті. Одан кейінгі орындарда Астана қаласы (93659 көлік тіркелген), Қарағанды облысы (75519 көлік есепке алынған) тұр. Көріп отырғанымыздай, елімізде барған сайын ресейлік көліктердің үлес салмағы артып, еуропалық жеңіл көліктердің саны азайып бара жатқаны байқалады. Солай да болса, арзан әрі сапалы көлік іздеген халықтың еуропалық жеңіл көліктерге қол жеткізу жолындағы ұмтылысы тоқтаған емес. Ол жолда қателіктер де орын алып жатқаны бар. Мысалы, осыдан екі-үш жыл бұрын Қырғызстаннан шетелдік көліктерді сатып алған отандастарымыздың талайы, заңдағы өзгерістерге сәйкес, көршілес елден алған көліктерін тіркете алмай, қайтадан қырғыз еліне апарып сатуға мәжбүр болғаны бар. Соңғы кезде осындай құбылыс тағы қайталанып жатқаны байқалады. Бұл жолы қиындық Армения тарапынан туындап отыр. Осыдан үш жыл бұрын Еуразиялық экономикалық одаққа кірген Арменияға көлік апаратындар осы елдің жаңа ұйымға мүше болғаны арқылы бұрынғы 42 пайыздық кедендік баж салығынан құтылған-ды. Енді сол елден елімізге келіп жатқан арзан көліктер түрлі қиындық туғызып үлгерді. Мысалы, бір ғана Атырауда Армения мен Ресейдің мемлекеттік нөмірімен зулап жүрген автокөліктер көп. Тіпті, олардың анық санын ешкім білмейтін сияқты. Себебі шетелдік темір тұлпарларды қолжетімді бағаға сатып әкелгендер, көліктерін тіркетуге құлықсыз. Шынына келсек, сырттан келген көліктерді бақылайтын мемлекеттік орган әлсіздік танытып отыр, ал қала көшелерінде шетелдік нөмірмен жүйткіп жүрген көліктер Армения мен Ресейде әлдеқашан утилизацияға кеткен көрінеді. Демек аталған елдерден көлік әкеп сататын делдалдар бағасы арзан көлікпен атыраулықтарды қарық қылған. Мәселен, Атырау тұрғындарына Армениядан арзан көлік алып келуге жолбасшы болатындар әр адамнан 60 мың теңге алып, шаруасын бітіреді екен. Осы ақшаға олар барып-қайту мен құжаттық мәселелерді шешуге көмектеседі. Ал атыраулықтардың армяндар жақтан әкелетін көліктерге неге қызығатынына келсек, Атырауда «Тойота-центрде» сатылатын машиналардың құны 14 млн теңге тұрса, Арменияда 3 миллион теңге. Оларды алып қайту үшін алушы машина сататын кісінің үйіне 3 айлық уақытша тіркеуге тұрып, машинаны өз атына аударып алады, содан соң айдап қайта береді. Оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Ішкі істер департаменті ондай машиналар жол-көлік оқиғасына себепші болған кезде ғана назар аударып, көлік иесіне айыппұл салса да, автокөліктің қайда тіркеуде тұрғанына назар аудара бермейтін сияқты. Негізінен, заң бойынша шетелдік көлік Қазақстан аумағына кіргеніне бір жылдан асқан жағдайда ғана шара қолданылады. Ал егер тексерген жағдайда, құжаты бойынша армян елінен әкелінген әлдеқашан утилизация болғанға кеткен көліктердің сыры әшкере болса, оны сатып алып мініп жүрген адамның жағдайы қалай болады? Бүгінде оны елеп-ескеріп жүрген ешкім жоқ... Халықты кінәлауға болмайды, әркім-ақ қолжетімді әрі сапалы машина мінгісі келеді. Бірақ оған жағдайы көтермесе қайтсін, шыққан жылы ескі болса да арзан шетелдік жеңіл көлікті көрші елдерден сатып әкелуге мәжбүр болады. Ал елімізде су жаңа шетелдік жеңіл көліктердің бағасы қымбат. Тіпті, елімізде құрастырылатын көліктердің де бағасы аспандап тұр. Қалайда, өзге елден тасығанша, көлікті өзімізде өндірмей, өндіргенде де елге қолжетімді қылмай, халықтың ақшасы өзгенің есі-құсқысына жұмсала беретіні анық.