533
Педиатрия орталығының қызметкерлері мен дәрігерлері қан тапсырды
Педиатрия орталығының қызметкерлері мен дәрігерлері қан тапсырды
Бүгін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Донор күні» өтті. Игі шараға орталықтың 80-нен астам қызметкерлері, ақ халатты абзал жандар мен жас дәрігерлер де қатысып, мұқтаж жандар үшін қан тапсырды.
Шараның тұрақты түрде ұйымдастырушысы, клиникалық трансфузиология бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Үмбетовтың айуынша, «Қан тапсырып, өмір сыйла!» акциясымен өтетін шара жылына екі рет ұйымдастырылып келеді.
- «20 жылдан бері қан тапсырып келемін. Дәрігер ретінде айтарым бұл игілікті шараның маңызы зор. Біріншіден, біздің қанымыздың біреуге, осында жатқан балаларға көмегі тиіп қалуы мүмкін. Екіншіден, қан тапсыру денсаулыққа пайдалы. Қан тапсырған адамның ағзасы тазарып, қысымы реттеледі. Қан тапсыруды әр адамның азаматтық борышы деп есептеймін», дейді тұрақты қан тапсырушы донор, Педиатрия орталығының реаниматолог-анестезиолог дәрігері Гүлжахан Абдулаева.
Шарапаты мол шараға Республикалық қан орталығының мамандары атсалысты.
Биыл «Донор күні» жыл басынан бері осымен үшінші рет ұйымдастырылды. Айта кетерлік жайт, орталықта жылдан-жылға ерікті қан тапсырушылар саны артып келеді. Көптеген жандардың сауығып кетуіне септігін тигізетін ізгі шараға қатысқан барша орталық дәрігерлері мен қызметкерлеріне шексіз алғысымызды білдіреміз! Мұқтаж жандардың рақметі мен ықыласына бөлене беріңіздер!
Оқырмандар назарына!
Ескерту:
а) қан тапсыру алдындағы 3 күнде донор спирттік ішімдіктер қолданбауы керек;
ә) қан тапсыру алдындағы 1 күнде майлы, күйдірілген, ащы, сүт тағамдары және бутербродтарды пайдаланбауы тиіс;
б) қан тапсыру күнінде темекі шекпеу қажет.