976
Медициналық нысандар көбейіп келеді
Медициналық нысандар көбейіп келеді
Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа жолдауындағы басым міндеттерді орындау бойынша барлық өңірлерде өркенді істер қолға алынуда. Жамбыл облысында да халықтың тұрмыс сапасын арттыруға негізделген ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар аз емес. Оның бір нәтижесі ретінде облыста ҚР Тұңғыш Президент күніне орай 41 нысан ашылды.
Елбасы Жолдауында медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналатынын баса айтты десек, мереке қарсаңында ашылған 41 нысанның 32-сі медициналық мекемелер.
«Ең алдымен, әсіресе, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырамын. Осы мақсаттарға келесі жылы 5 миллиард теңге бөлінеді. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс. Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деген болатын Мемлекет басшысы.
Бүгінгі таңда облыс көлемінде халық денсаулығының сапасын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жекеменшік секторды жұмылдыра отырып, қаржыландыру мен басқарудың жаңа әдістері қолданылуда. Медициналық қызмет сапасын арттыру бойынша инновациялық әдіс-тәсілдері, енгізіліп жаңа ғимараттар мен нысандардың құрылысы жүргізілді.
Мереке қарсаңында облыс орталығы Тараз қаласында медициналық жедел жәрдем стансасына берілетін автокөліктердің кілтін тапсыру салтанаты өтті. Бұл күні барлығы жалпы саны 27 көлік тапсырылды. Оның 1-і Газель мен 16-ы Уаз көлігі.
Дәрігер, соның ішінде жедел жәрдем дәрігері – қоғамдағы ең қажетті мамандық. Бұл өте күрделі, жанқиярлықты, кейде адам өмірін құтқаруда шұғыл шешім қабылдауды талап етеді. Медицина қызметкерлерінің тәжірибесі, оларға тән адам өмірі мен денсаулығына деген жоғары жауапкершілігі реформалардың сәтті жүзеге асырылуының және қоғамның тұрақты дамуының кепілі. Яғни, қоғамның басты байлығы – адам өмірін сақтап қалуда елеулі еңбек етіп отырған жедел жәрдем қызметінің, олардың техникалық жағдайының жақсы болуының маңызы зор екендігі айтпаса да түсінікті.
Бұдан бөлек, ашылған 32 медициналық нысанның 29-ы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген. Оның 13-ауысымына 5 келушіге арналған медициналық пункттер. Олар Байзақ ауданындағы Шахан, Көкөзен, Жаңатұрмыс, Жібек жолы, Сарыбарақ, Тегістік, Қордай ауданындағы Көкадыр, Меркі ауданындағы Екпінді, Сарысу ауданындағы Шағалалы, Қамқалы, Т.Рысқұлов ауданындағы Шолаққайыңды, Талас ауданындағы Сейілбек, Тұрымқұл ауылдарында орналасқан.
Сондай-ақ, бұл күндері Байзақ ауданындағы Ынтымақ, Жамбыл ауданындағы Бектөбе, Бесағаш, Гродекова, Пригородное, Ақбұлым, Түркісіб, Жуалы ауданындағы Шақпақата, Меркі ауданындағы «Мыхан», Сарысу ауданындағы Игілік, Шу ауданындағы Шоқпар ауылдарында 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді.
Ал ауысымына 10 келушіге арналған 7 фельдшерлік-акушерлік пункт Байзақ ауданындағы Аймантөбе, Жамбыл ауданындағы Ерназар, Меркі ауданындағы Екпінді, Мойынқұм ауданындағы Ұланбел, Көкжелек, Сарысу ауданындағы Ұйым, Т.Рысқұлов ауданындағы Қарақат, Шу ауданындағы Тасөткел ауылдарында ашылды.
Айта кету керек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген 29 медициналық нысанға барлығы 843 миллион теңге қаржы жұмсалған. Аталған мемлекеттік жекешелік әріптестік шеңберіндегі бұл нысандардың құрылысын салу барысында өзге өңірлердегі бюджеттік инвестициялық жобалармен салыстырғандағы құны төмен болып, 1,4 млрд теңге бюджеттік қаражат үнемделді.
Бұл арқылы ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық көмек көрсету қажеттілігі 84 пайызға қамтылады. Ал жалпы облыста 95 алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдарына ғимарат қажет еді. Бұл бюджеттік инвестициялық жоба ретінде жүзеге асырылғанда, оған жалпы 6 567,6 миллион теңге және 7 жыл уақыт керек болатын. Ал мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салу арқылы мерзімін 3 жылға, жұмсалатын қаржы көлемі 2 376 миллион теңгеге үнемделді. Нақтырақ айтқанда, 4 жыл уақыт және 4 млрд 192 миллион теңге қаржы үнемделіп отыр. Яғни, 95 нысанның – 29-ы биыл ашылса, 2019 жылы – 40, 2020 жылы 25 нысан бой көтереді деп жоспарлануда.
ҚР Тұңғыш Президент күніне орай, Жамбыл облысында халықтың медициналық мекемелерге деген қолжетімділігін арттыруға арналған бұл нысандардан бөлек, жұртшылықтың әлеуметтік тұрмыс сапасын арттыруға негізделген мекемелер де ел игілігіне берілді. Атап айтар болсақ, Тараз қаласында полиция басқармасы №1 полиция бөлімінің қабылдау бөлмесі, Жамбыл ауданында «Мөлдір», Жуалы ауданында «Әсем достар» жекеменшік балабақшалары, Қордай ауданында 75 орындық «Балалық-шуағы», 50 орындық «Нұр-Әділ»», 50 орындық «Балалық базары» балабақшалары және 120 орындық «Болашақ» шағын орталығы, Т.Рысқұлов ауданында 120 орындық «Бота» бөбекжай, Ауқатты ауылдық полиция бөлімшелері ашылды.
Бұл пайдалануға берілген барлық 41 нысан алдаға уақытта Елбасы жолдауындағы негізгі міндеттердің орындалуы жолында ел игілігіне жұмыс жасай бермек.