Боннер ханымның баспалдақтары

Боннер ханымның баспалдақтары

Боннер ханымның баспалдақтары
ашық дереккөзі
1 желтоқсан күні «Теңізшевройл» кәсіпорнының басшылық құрамы ауысты. Корпорацияның бас директоры Тед Этчисон 38 жылдық еңбек өтілінен кейін зейнетке шығып, оның орнына өндіріс бөлімінің бас менеджері Имер Боннер келді. Тед Индонезия, Нигерия, Қазақстан және АҚШ-тың түрлі бизнес бөлімшелерінің жобалау, өндіріс, басқару салаларында әр алуан басшылық қызметтерді атқарды. «Мен және жұбайым Сюзан шамамен 8 жылдай Алматы мен Атырауда жұмыс істедік. Мен үшін, осынау тамаша елдің бір бөлшегі болу – үлкен құрмет. Бірнеше жыл бойы ТШО сияқты әлемдік деңгейдегі кәсіпорынды басқарып, Қазақстан Республикасының дамуына және Теңізшевройлдың қызметкерлерін шыңдауға үлес қосқанымды мақтан тұтамын. ТШО-ның 25 жылдық мерейтойы жылы кәсіпорын тізгінін Имерге тапсыра отырып, оның басшылығымен кәсіпорын одан әрі дами түсетіндігіне кәміл сенемін», – деді Тед Этчисон. Тедтің басшылығымен ТШО қауіпсіз және сенімді өндіріс екенін дәлелдеп, 1993 жылдан бері 3 млрд баррель мұнай өндіріп, маңызды межеге қол жеткізді. Аталған жайдың Қазақстан экономикасы үшін де әсері мықты болды. «Теңізшевройл» құрылған уақыттан бері Қазақстан Республикасына қосқан үлесі 132 миллиард АҚШ долларынан асты. Ол қазақстандық тауарларды сатып алу ақысын, ТШО-ның қазақстандық серіктесі «ҚазМұнайГаз» компаниясына төленген дивидендтерді, жер қойнауын пайдалану үшін мемлекет бюджетіне төленген салықтар және ұлттық қызметкерлерге төленген жалақыларды қамтиды. Жалпы, 1993 жылдан бері ТШО қазақстандық тауарлар мен қызметтерге 24 миллиардтан астам АҚШ долларын инвестициялаған. «ТШО келешек кеңею жобасымен дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Кәсіпорын мен ел үшін осынау маңызды кезеңде осында болу мен үшін зор құрмет», – деді кәсіпорынның жаңадан тағайындалған бас директоры Имер Боннер. Имер Белфасттағы Квинс университетінде химия инженері мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған. Кейін Лондонның Империялық колледжінде ілгеріленген «Химия өнеркәсібі» және «Мұнай өндіру технологиялары» бойынша екі магистр дәрежесін иемденген. Имер Боннер 2015 жылдан бастап осы уақытқа дейін ТШО-ның өндіріс жөніндегі бас менеджері қызметін атқарып келді. Имер «Шеврон» корпорациясымен Ұлыбританияда, Америка Құрама Штаттарында, Тайландта және Қазақстанда жауапкершілік жүгі біртіндеп салмақтана түскен техникалық және басқару қызметтерін атқарған. Қазақстандағы алғашқы қызметі 2012-2013 жылдары басталған. Қазір Имер Майкл Боннер атты жұбайы және екі қызымен Атырау қаласында тұрады. «Теңізшевройл» ЖШС – Қазақстандағы мұнай-газ өндіретін бірлескен кәсіпорын. 1993 жылы ҚР Үкіметі мен «Шеврон» (штаб-пәтері Сан-Франциско) корпорациясы бірігіп, 40 жылға Теңіз және Королев кен орындарын игеру жөнінде келісімге келген. Қазіргі кезде кәсіпорынға «Шеврон» (50 пайыз), «ЭксонМобил»  (25 пайыз), «ҚазМұнайГаз» (20 пайыз) және «ЛукАрко» (5 пайыз) компаниялары енеді. ТШО-да жұмыс істейтін қазақстандық қызметкерлердің үлесі 1993 жылғы 50 пайыздық көрсеткіштен 81,8 пайызға өскен. Ал жергілікті ұлттық басшылардың жоғары және орта буын жетекшілерінің үлесі жалпы басшылық құрамның 62,4 пайызын құрайды. Кадрларды оқыту және шыңдау жөніндегі тұрақты бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде жауапты басшылық лауазымдарға тағайындалған жергілікті қызметкерлер қатары көбеюде.