Джордж Буш та бақилық болды

Джордж Буш та бақилық болды

Джордж Буш та бақилық болды
ашық дереккөзі
Қараша айының соңғы күндерінде АҚШ-тың бас кеңсесі – Ақ үй қара жамылды. АҚШ-тың 41-ші президенті Джордж Герберт Уокер Буш дүниеден өтті. 94 жастағы Джордж Буштың қайтыс болуына байланысты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың 43-ші президенті кіші Джордж Бушқа көңіл айту жеделхатын жолдады. Онда: «Сіздің әкеңіз өз елінің нағыз патриоты болды әрі Американың өркендеуіне адал қызмет етті. Ол қырғи-қабақ соғыстың аяқталуына және жаһандық қауіпсіздікті сақтауға зор үлес қосқан аса көрнекті мемлекет қайраткері ретінде әлем тарихында өшпес із қалдырды», – делінген. ҚР Президенті атап өткендей, Қазақстан халқы Джордж Бушты екі жақты достық қарым-қатынасты орнатуға және оны нығайтуға көп күш жұмсаған дана саясаткер ретінде әрдайым есте сақтайтын болады. Ол – Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған көшбасшылардың бірі. «Біз Джордж Буш екеуіміз жақсы дос болдық және жиі кездесіп тұрдық. Оның Техастағы резиденциясында, әсіресе 2006 жылы Кеннебанкпорттағы үйінде маған көрсеткен қонақжайлығын әрқашан жылы сезіммен еске аламын», – деді Назарбаев. 1989-1993 жылдары АҚШ президенті болған қария Джордж Буш туралы материал жариялаған «Вашингтон пост» басылымы оны «ғасыр адамы» деп бағалады. Оның ел басқарған уақыты ХХ ғасырдың шешуші кезеңі, Кеңес Одағы құлап, қырғиқабақ соғыс аяқталған кезбен тұспа-тұс келді. АҚШ президенті атанған сәтте Джордж Буш халық алдында: «Жоғары моральдық принциптерді ұстанбайынша, Америка өзімен-өзі бола алмайды. Бүгінде халқымыздың алдында ұлттың мейірімді, ал әлемнің бауырмал бейнесін қалыптастыру мақсаты тұр. Достарым, осы іске кірісуіміз керек», – деген болатын. Соңғы бірнеше күнде әлемдік ақпарат құралдары Джордж Буштың қызмет жолы мен өмір кезеңін жарыса жазып жатыр. Үлкен Буштың президенттік қызметінен бөлек жетістіктері де жіпке тізілуде. Бұл ретте Джордж Буштың АҚШ-тың ең ұзақ жасаған экс-президенті екендігі де аталуда. Айта кетейік, 1924 жылы Массачусетсте белгілі банкир әрі сенатор Прескотт Буштың отбасында дүниеге келген Джордж 1981-1989 жылдары Рональд Рейганның кезінде екі мерзім вице-президент лауазымында болып, кейін президенттікке сайланды. Одан кейін ұлы кіші Джордж Буш АҚШ президенті болып сайланып, бұл қызметті екі мерзім атқарды. Екінші ұлы  Джеб Буш екі мерзім қатарынан Флорида штатының губернаторы болды, алайда оның 2016 жылы Республикалық партия атынан президенттікке түспек болған әрекеті нәтижесіз аяқталды.