Үшінші индустрияландыру бағдарламасы қаралды
Отырыста Үкімет мүшелері Үшінші индустрияландыру бағдарламасының тұжырымдамасын құптады. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бұл құжат «қарапайым заттар экономикасын» дамыту, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру, өңдеу өнеркәсібіндегі экспортшыларды қолдау, шетелдік және жеке инвестицияларды тарту арқылы ірі, серпінді жобаларды іске асыру тәрізді бағыттарды қамтиды. – Жалпы, 2020 жылы басталатын жаңа индустрияландыру бағдарламасы индустриялық саясат сабақтастығын сақтайды және күш-жігерді өңдеу өнеркәсібін дамытуға шоғырландырады. Біз қолданыстағы инфрақұрылымдық және институционалдық ұстын-каркасты барынша пайдаланатын боламыз, – деді министр. Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін индустриялық-инновациялық дамудың 5 бағыты ұсынылады. Бірінші бағыт аясында Еуразиялық одақ елдерімен саудадағы кедергілерді жоюға, Қытай, Орталық және Оңтүстік Азия нарығына шығуға, сондай-ақ, ішкі нарықты ұтымды қорғауға бағытталған проактивті сауда саясаты жүргізілмек. Екіншіден, өсу ошақтарында өндірістің мамандандырылған факторларын алдын ала құру қолға алынбақ. Бұл ретте сапалы өнеркәсіптік, цифрлық және сертификатталған инфрақұрылымды, адам капиталын, біліктілік орталықтарын дамытуға күш салынады. Үшіншіден, мемлекеттің шикізаттық ресурстарды бөлу және инвесторлар үшін тартымды жағдайлар жасау мүмкіндіктерін пайдалана отырып, капиталды және ғылымды қажет ететін жаңа өндірістерді ашуға басымдық беріледі. Төртіншіден, ішкі және сыртқы нарықтарда тиімді кәсіпорындар тікелей қолдау көреді. Олардың тиімділігі ішкі және сыртқы нарықтарда тұрақты бәсекеге қабілеттілігімен өлшенетін болады. Бесіншіден, индустрияландыру саясатын үйлестіру, қаржыландыру және мониторинг жүргізу үрдістерін барынша жолға қою арқылы индустриялық инновациялық қызметті қолдау жүйесінің тиімділігін арттыру жоспарлануда. Осылайша, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үшінші индустрияландыру бағдарламасы алдыңғы екі бесжылдықтан ерекшеленетінін жеткізді. Біріншіден, Қазақстан бұған дейін белгілі бір салаларға басымдық беріп келген, енді басымдық өңдеу өнеркәсібінің барлық салаларындағы тиімді өндірушілерді қолдауға ауысады. Яғни, сала емес, өндіруші қолдау көреді. Екіншіден, өндірілетін өнімнің, оның ішінде халық тұтынатын тауарлардың жаңа түрлерін игеруге, ал қолданыстағы аталым-номенклатураларын кеңейтуге және күрделендіруге күш салынады. Үшіншіден, мемлекеттен нақты қолдау бұдан былай бизнес өз өндірісін жаңғырту, экспортын өсіру және басқа да нақты көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша міндеттеме алса ғана беріледі. Төртіншіден, өнеркәсіпті цифрлық дәуірге дайындау аясында қажетті инфрақұрылым мен стандарттар түзілетін болады.Тұрғын үй саласы да цифрланбақ
Келесі мəселе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыруға арналды. Бұл туралы баяндама жасаған Инвестициялар жəне даму министрі Ж.Қасымбек көппəтерлі үйлерге орнатылатын есептеу құралдарының пайдасын түсіндіре келе, оны орнату арқылы ай сайынғы төлем ақыны 36 пайызға азайтуға болатынын айтты. Мəселен, 60 шаршы метрлік екі бөлмелі пəтердің жылуы үшін ақының көлемі орташа есеппен 2 720 теңгеге дейін төмендейді. Ал республика бойынша жыл сайын 32,5 млрд теңгені үнемдеп отыруға мүмкіндік бар. − «Осы орайда Ақтөбе қаласында жалпыүйлік жылуды есептеу құралы мен автоматты жылу пунктін орнатқаннан кейінгі үнемдеу шараларын мысал ретінде келтіруге болады. Өткен жылы 29,8 шаршы метрлік пəтердің қазан айындағы жылуы үшін 3 547 теңге төленді. Жылуды есептеу құралы мен автоматты жылу пунктін орнатқаннан кейін 2018 жылдың қазан айында жылыту құны 466 теңгені құрады, яғни үнемделген қаржының көлемі – 3 081 теңге немесе 86,8 пайыз», – деді Ж.Қасымбек. Министрдің мəліметіне сəйкес, республика бойынша көппəтерлі тұрғын үйлерде есептеу құрылғыларын орнату көрсеткіші 45 пайызды құрайды. Яғни, бүгінде 50 мыңға жуық үйге арнайы құрылғы орнатылған, енді 62 мыңы қажет екендігі анықталып отыр. − «Бүгінде қанатқақты режімде «e-SHANYRAQ» деп аталатын Тұрғын үй қоры мен Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай ақпараттық жүйесін құрдық. Жобаны іске асыру аясында жылдың соңына дейін е-SHANYRAQ-қа 190 көппəтерлі тұрғын үйді қосу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта 1405 көппəтерлі тұрғын үй техникалық паспорттар мен 3862 есептеу құрылғысы жүйеге қосылған», – деді Ж.Қасымбек. Оның айтуынша, жыл соңына дейін көппəтерлі тұрғын үйлерге шамамен 2 мыңнан астам техникалық паспорт жəне 4 мыңнан астам есептеу құрылғысын қосу жоспарланған.