6 Желтоқсан, 02:16 106 0 Қоғам Аяулым САЛЫҚЖАНОВА

Сағатпен төлем жасап көрдіңіз бе?

Қазақстанда ақшасыз есеп айырысу сәтті дамып келеді. Бұл туралы БАҚ қызметкерлеріне «Қазақстан нарығындағы инновациялық төлем технологиялары және төлем индустриясының болашағы» атты баспасөздік таңғы аста ҚР Ұлттық Банкі және Халық­аралық Mastercard төлем жүйесінің өкілдері айтты.

Ұлттық банк Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков және Төлем жүйесі бөлімінің басшысы Алина Иманғазина, сондай-ақ, Қазақстан, Белоруссия және Армениядағы Mastercard басшысы Нина Виллемс пен қарқынды дамып келе жатқан еуропалық нарықтың бизнесті дамыту және цифрлық төлемдері бойынша Mastercard компаниясының вице-президенті Михаил Федосеев журналистермен кездесіп, Apple Pay жаңа жүйесінің қызметін түсіндірді.

2018 жылдың 1 қарашасына дейінгі мәлімет бойынша, халық­ара­лық және жергілікті төлем жүйелерінің карталарын шығарумен 22 банк және «Қазпочта» АҚ айналысады. Қазақстан айналымында 21,8 млн төлем карталары жүр. Ал карта ұстаушылар саны 18 млн адамды құрайды екен. 2018 жылдың он айында карта арқылы жалпы сомасы 15,8 трлн теңгені құрайтын 632,7 млн мәміле жүргізілген. Оның 64 пайызы қолма-қол ақшасыз жасалған операциялар болып табылады. Оның ішінде Mastercard картасын ұстаушылар көлемі 31 пайызға өсіп, 6,6 млн адамға жеткен.

«Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз есеп айырысу төлемдерінің үлесі тұрақты түрде өсіп келе жатқанын қанағаттанушылықпен атап өтеміз. Бұл қазіргі заманғы төлем құралдарына сенімнің және халықтың қаржылық әлеуетінің артқанын білдіреді. Бұл процесте нарық қатысушылары – халықаралық төлем жүйелері, банктер, инновацияларды енгізетін сауда және сервистік кәсіпорындар маңызды рөл атқарады. Біз цифрлы экономиканың одан әрі өсуін қолдаймыз, себебі қолма-қол ақшасыз төлемдер нарықтың барлық қатысушылары үшін ашық, қауіпсіз, тиімді орта қалыптастыруға көмектеседі», – деді Ұлттық банк Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков.

Қазақстанның қолма-қол ақшасыз экономикасының өсу факторларын талқылау барысында, Mastercard халықаралық төлем жүйесінің өкілдері 2018 жылы компания серіктестерімен бірге нарық үшін маңызды жобаларды іске асырғанын хабарлады. Осылайша, Қазақстан Халық Банкімен бірлесіп, смартфон арқылы байланыссыз төлемдерді жүзеге асыру жүйесі, сондай-ақ, Еуразиялық Банкпен бірлесе жасалған жоба – «Eurasian Pay» цифрлы әмиян жүйесі іске қосылды.

«Бұл – Қазақстандағы төлем индустриясының тарихы үшін өте маңызды сәт. Mastercard қазақстандық бес банктің – Халық банкі, Сбербанк, Форте Банк, Еуразиялық банк және ЦентрКредит Банктерінің карточкаларын пайдаланушыларға Apple Pay қызметін іске қосты. Бұл – смартфон қолданушылары үшін өте ыңғайлы дүние. Енді аталған банктердің картасын пайдаланушылар Apple Pay арқылы Mastercard-тың байланыссыз технологиясын қолданатын барлық дүкендер, мейрамханалар және т.б. сауда орындарында карточканы пайдаланбай-ақ, смартфонымен төлем жасай алады.

Қазақстан тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу және өмір сүру деңгейін арттыру үшін сандық экожүйені дамытуға бағытталған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қабылдағаны белгілі. Ал біз осы тектес жобаларды Қазақстанда іске асыру арқылы мемлекеттік бағдарламада бекітілген мақсаттарды ойдағыдай іске асыруға және дамытуға көмектесетінімізге сенімдіміз», – деді Mastercard-тың Қазақстан, Беларусь және Армениядағы басшысы Нина Виллемс.

Mastercard-тың байланыссыз төлем технологиясы Қазақстанда, сонымен қатар бүкіл әлемде де белсенді түрде таралуда. Жүйенің танымалдылығы карточканы смартфонның, тіпті, сағаттың (Apple watch) ішіне сақтап, орналастырып қоюға болатындығына байланысты. Бүгінде әлемнің 111 елінде 8 миллионнан астам сауда орны, оның ішінде еуропалық 50 ел және Қазақстан Mastercard технологиясымен байланыссыз төлем жасауда және бұл сан үнемі өсіп келеді. Мысалы, өткен жылы Еуропадағы байланыссыз төлем нүктелерінің саны 42 пайызға, мәмілелер саны 109 пайызға, ал мәмілелердің көлемі 145 пайызға артты. Жыл басынан бері Қазақстанда карта немесе смартфон арқылы жасалған байланыссыз төлемдер саны барлық операциялар үлесінің 40 пайызын құрап отыр.

Жалпы, енді Apple Pay арқылы смартфон қолданушылары картасыз-ақ төлемдер жасай алады. Оған жоғарыда аталған бес банк мүше. Бар болғаны картаны смартфонға түсіріп, сақтап қою керек. Төлейтін кезде төлем қабылдайтын терминалға телефоныңызды жақындатсаңыз болды, автоматты түрде картаңыздан қажетті ақша алынады. Бастысы, қауіпсіз әрі жылдам.

Қолма-қол ақшасыз төлем жасау – экономика ашықтығының негізгі көрсеткіші. Сондықтан Ұлттық Банк өкілдері тек заманауи сауда орындары мен дүкендерде ғана емес, сонымен қатар қаумалаған базарларда да осы жүйені енгізсек деп отыр. Бұл екі мәселені бірден шешпек. Біріншісі – чек бермеу, екіншісі – чек бермеу арқылы таза табыс көзін жасырып, мемлекетке қажетті салық төлеуден жалтару мәселелері.

Соңғы жаңалықтар