1830
Телешоулар Қазақстан туралы сөз етеді
Телешоулар Қазақстан туралы сөз етеді
Қазақстан туралы бағдарламалар АҚШ пен Еуропаның әйгілі телешоуларынан көрсетілетін болды.
«Өздеріңіз білетіндей, Мәдениет және спорт министрлігі кинематография туралы заңды даярлау бойынша біршама ауқымды жұмыстарды атқарған болатын. Өткен жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары барысында Голливудтың мейджор-студияларының басшыларымен кездескен болатынбыз», – деп жазды Арыстанбек Мұхамедиұлы Фейсбук парақшасында.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Алматыға құрамында сексен адам бар америкалық түсірілім тобы келіп жеткен. «Соңғы күндері біздің қала АҚШ пен Еуропада әйгілі телешоулар жұмыс жүргізіп жатқан алып түсірілім алаңына айналды. Оларды Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы қарсы алуда. Белгілі бір себептерге байланысты біз бағдарламалардың атауын әзірге айта алмаймыз. Бірақ жуық арада қай арнадан қандай бағдарламалар түсірілетіні туралы білетін боласыздар. Қазақстандағы шоулардың түсірілімі сәтті өтті. Бұл дегеніміз кезекті мәрте біздің жергілікті кинематографистердің жоғары кәсібилік деңгейін көрсетеді», – дейді ол.
Арыстанбек Мұхамедиұлы атап өткендей, бұл әріптестік Қазақстанның кино саласына ірі инвестиция салуға, сонымен бірге туризм саласына серпін бермек. «Телеэкранға аталмыш бағдарламалар шыққаннан кейін Қазақстанға деген қызығушылық арта түсеріне сенемін», – дейді министр.