КЕМ ӨЛШЕУДІҢ ТҮБІ – КЕРІСУ

КЕМ ӨЛШЕУДІҢ ТҮБІ – КЕРІСУ

КЕМ ӨЛШЕУДІҢ ТҮБІ – КЕРІСУ
ашық дереккөзі
Қазақта «Жылы, жылы сөйлесең жылан іннен шығады, қатты, қатты сөйлесең мұсылман діннен шығады» деген сөз бар. Адамдар арасындағы қарым-қатынасқа сыпайылық пен мәдениеттілік керек екенін бұдан артық дәл түсіндіру қиын шығар?!. Қоғамда ешкім де жалғыз жүріп тұлға болмайды, сондықтан адамның кім екені оның жұртпен қарым-қатынасынан көрінеді. Адамды белгілі бір дәрежеде ерекшелеп тұратын мінез болғанмен, кім көрінгенге «мінезім осындай» деп өзің қалаған түрде араласа алмайсың. Сенің мінезің болса, өзгенің де мінезі бар. Бірақ бүгінгі қоғамда осы бір қарапайым ережені түсінбейтін немесе түсінгісі келмейтіндер көбейіп барады... Ал ондай құбылысты қай жерлерде байқаймыз?

Қоғамдық көлік һәм қызбалық

Қала тұрғындарының көпшілігі таңертең жұмысқа жету үшін, қоғамдық көлікке отыратыны белгілі. Қала халқын тасымалдау көбіне автобустар арқылы іске асады. Ал автобусқа мінгендегі алғашқы міндетіміз – жолақы төлеу. Бұрын жол­ақыны қолма-қол төлеп келсек, осыдан екі жыл бұрын «Оңай» жүйесі енгізіліп, төлемді арнаулы карта арқылы іске асыратын болдық. Басында тек «Оңай» картасы арқылы жүру міндеттелсе, соңынан қолма-қол төлемге де рұқсат берілді. Бірақ картамен төлесең 80 теңге, ал қолма-қол төлем – 150 теңге. Міне, осыны әділетсіздікке балаған көпшілік әлі күнге наразы... Мейлі, қала әкімдігі белгілеген ережемен жүреріміз хақ, бірақ қоғамдық көліктегі осы бір өзгеріс жолаушылар мен тасымалдаушылар арасында әлі күнге түсінбестік тудырып келеді. «Оңай» жүйесі енген соң қаптаған бақылаушылар пайда болып, кез келген жерден қоғамдық көлікке кіріп, жолаушылардың картасын тексеріп, зықысын шығаратын еді. Алғашқы кезде автобустарда «Оңай» картасы жоқ жолаушылар қолма-қол төлемесе, оларды сыртқа сүйреп, айыппұл төлетуге мәжбүрлеп жатқан жағдай жиі болды. Кейде «Оңай» бақылаушылары мен автобус жүргізушілері арасында түсінбестік туындап, айқай-шу болып жатты. Тіпті, автобус жүргізушісі бақылаушыларға суық қару алып жүгірген кезінің бейнетүсірілімі ғаламторға шыққаны бар. Осыншама шудың бір ғана себебі – талап етушілер мен жауапкер адамдардың арасындағы түсінбестік. Анығы, сыпайылық пен мәдениетті тіл қатысудың кемшіндігі еді. Бүгінде өмір көрсеткендей, қоғамдық көлікте «Оңайдың» ыңғайлылығын көпшілік түсініп келеді. Бұрынғыдай айқай-шу аз, тек кейде автобус жүргізушілерінің шыдамсыздық танытып, сылбыр қимылдайтын жолаушыларға жиі ескертетіні болмаса...

Базарда байқамай сөйлесең...

Бүгінде қала халқының көбі азық-түлік, киім-кешек алуға, негізінен, базарларға барады. Өйткені онда сатылатын тұрмыстық тауарлар, азық-түліктер супермаркеттерге қарағанда арзандау әрі саудаласып, алғың келген заттың бағасын түсіріп алуға мүмкіндік бар. Қазақтың сөзімен айтқанда, «Әкең бермегенді базар береді». Алайда «Аларманға алтау аз, берерменге бесеу көп» демекші, осы саудаласудың үстінде сатушы мен алушы қызылшеке болып, бір-біріне аузына келгенін айтып, жағаласып жататын жағдай жиі кездеседі. Айталық, алушылардың біразы көбіне затқа көңілі толмайды немесе сапалы тауарды арзанға алғысы келіп, түрлі қитұрқылық жасайды. Осыдан кейін сатушылардың «қан қысымы көтеріліп», арзан әрі сапалы тауарды қалайтын «талғампаз» клиентке арп етеді, арғы жағы белгілі... Ондайға өзіміз жиі куә болып қалатын кездер де болады. Мысалы, осыдан бірер жыл бұрын қала сыртындағы «Алтын орда» базарында киім сататын бір танысымның бутигіне соққаным бар. Бір жас балаға көйлек көрсетіп жатыр екен. Әлгі бала анаусын бір киіп көреді, мынаусын бір киіп көреді. Әйтеуір, ұнатпай жатыр. Ақырында біреуіне тоқтағандай болып, сатушыдан бағасын сұрады да, «Ой, тым қымбат екен, бұндай көйлекті осы базардың басқа бір бутигінде мұнша бағада сатып жатқанын көргем» деп, саудалаған көйлектің жарты бағасын айтып тұр... Ал керек болса! Төзімі таусылған саудагер: «Арзан болса, сол жақтан ала салмадың ба, жұртты әлек қылғанша», – деп еді, әлгі жас жігіт, «Онда сіздің шаруаңыз болмасын», – деп шатынап шыға келді... Бір жерде сатушының кесірінен, тағы бір жерде клиенттің мәдениетсіздігінен сауда орындарында осындай жағдай минут сайын жүз беріп жататыны өкінішті. Ал азық-түлік алатын жердегі жөнсіздіктер тіпті сорақы. Көкөніс, жеміс-жидек сататындарға клиенттер жиі наразы болып жатады. Жұрттың айтуынша, картоп, сәбіз, пияз секілді заттарды сатушылар өлшеп жатып, арасына шіріктерін салып жіберетін көрінеді, онымен тұрмай таразылары да кем өлшейтін көрінеді. Кейде «неге кем өлшейсің», «шірік затты неге саласың» десең, кейбір саудагерлер «енді қайтейін, мен де көтере сатып алғам, маған да килосын кем берген, шірігінің де салмағына ақша төлегем» деп бет бақтырмайды. Шынына келсең, бәрінің айтар уәжі бар, кімді кінәларыңды да білмейсің. Бірақ алушы мен сатушының арасында сыпайылық пен мәдениетті түрде сөйлесу болмағасын басқа нәрсені даулау да тым артық көрінеді. Клиент құқығын талап етсе, сатушы «ұнамаса, бара бер, сенен басқа алушы құрып қалмайды» деп дөрекі жауап беру қалыпты жағдайға айналып бара жатқан қоғамда бәрін өзім білем дейтіндерді тәртіпке шақырудың жолын таппаса болмайды.

Әлеуметтік желі әдепсіздік әлеміне айналды

Еркіндік деген қасиетті түсінік, бірақ соны кім қалай түсінеді, мәселе сонда. Мәселен, кейбір адамдар, қазақша айтқанда, «Аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін» өркөкірек болады. Дәп оның бастауы тәрбиеден кеткен кемшілік. Десе де, қоғам белгілі біреулердің менмендігімен санаса бермейтінін ескерсек, көпшілікпен адами қарым-қатынаста сыпайы болуға тиіспіз. Бірақ осы бір адами қағидаттар ескеріле бермейтін бүгінгі ортаның бірі – әлеуметтік желідегі виртуалды қарым-қатынас. Кезінде ресейлік «Майл ру агент» желісінен басталған әлеуметтік желідегі қарым-қатынас бүгінде қанат жайып, шырқап кетті. Бүгінде елімізде «Facebook», «Іnstagram», «Whatsapp», «Telegram» секілді әлeуметтік желілерге тіркелмеген адам аз. Әрбір нәрсенің жақсы да, жаман да жағы болады десек, әлеуметтік желілер арқылы жүзбе-жүз кездесуге мүмкіндік аз кісілермен байланыс жасап, сұхбаттасуға, әңгімелесуге кейбір жағдайда аса қажетті ақпараттар табуға көмектесуін өтінуге болады. Сондай-ақ, алыстағы таныс-біліс, достармен хал-жағдай сұрасып тұруға ыңғайлы. Алыстағы жақындарыңмен жаңалықтар бөлісіп отырасың, жаны жақын кісілерді өз өміріңде болып жатқан жаңалықтардан хабардар етуге де қолайлы. Бұл оның күнгей жағы болса, көлеңкелі тұстары да жетерлік. Әлеуметтік желілерге тіркелу ақысыз және оны пайдалану да қымбат тұрмайды. Сондықтан болар, түрлі шаруаларды бітіруге қолайлы осы ортада іскер тұлғалар да, қарапайым қолы бос адамдар да әлеуметтік желінің мүмкіндігін қалт жібермейді. Бұл ортада түрлі ұсыныстар айтылып, түрлі жаңалықтар бөлісіліп, түрлі тақырыптарда талқылаулар болып жатады. Оған жасы да, жасамысы да қатысып, пікір білдіріп, көзқарастарын танытады. Десек те, әркім-ақ ойына келгенді айта беруге болатын желінің басты кемшілігі – шектен тыс еркіндігі. Осыдан келіп түрлі қиындықтар туындайды. Әрине, әлеуметтік желіде сөзің жараспаған адамдармен ара қашықтық ұстауға мүмкіндік бар. Ондайларды бұғаттап қоюға (бір-біріңнің жазбаларыңды көре алмайтындай қылып) болады. Бірақ виртуалды достарыңның қайсысына не нәрсе ұнамайтынын, сені қайсысы ұнатып, қайсысы жақтырмайтынын біле қою қиын. Сондықтан пікір қайшылығы жүз берген жағдайда, біреудің екінші бір адамды кекетіп-мұқатып, қорлап, тіпті, балағаттап отыратын жағдайы кездеспей қалмайды. Бұның бәрі адамның ішкі мәдениетіне байланысты. Десек те, өзінің «айтқыштығын» жетістік секілді көріп, жұрттың бетін қайтарып тастағанына мәз болып отыратындар әлеуметтік желілерде мың сан. Жасыратын несі бар, бүгінде кітап оқымайтындар ғаламтордағы сауатсыз жазбаларды оқып алып, соны өзінің пікірі қылып алып, жұртқа білімділігін көрсеткісі келіп тұратын болып алды. «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ» ортада белсеніп шыға келетіндер – жеке-жарым адамдар емес, тұтас буын. Бұрын сайттарда жарияланған мақалалардың астында жасырын атпен түсініктеме жазып, мақалаға не мақала авторына жөнсіз тиісіп, тіл тигізіп отыратындар енді әлеуміттік желілерде зәрін шашып отыратын болды. Өйткені мұнда да жасырын атпен тіркелуге мүмкіндік бар. Кейбірі, тіпті, өз атымен-ақ аузына келгенін айтады. Бірақ ғаламторға қатысты кейінгі заңдарда ондайларға тыйым салатын ережелер қабылданып, біраз шектеу қойылғандай болды. Тіпті, әлеуметтік желіде ұлт араздығын қоздырғандар, жеке тұлғаларға жөнсіз тіл тигізгендердің алды қылмыстық жауапкершілікке тартылып, істі болып та жатыр. Бірақ әлі жағдай түзеліп кетті деуге ерте. P.S. Халықтық тәрбие көзінің бірі нақыл сөздер десек, онда ғажап ойлы сөздер көп. «Басқа пәле – тілден» деп жамандықтан сақтандырса, «Кісі болар баланың кісімен ісі бар, кісі болмас баланың кісіменен несі бар» деп, жақсылықтың бастауы өз бойыңда екенін ескертеді. Ал мінез-құлықтың жақсылығын «Әдепсіз өскен адамнан, тәртіппен өскен тал жақсы» деп сипаттаса, «Ақылсыз адам айқайлай келеді, жан-жағын жайпай келеді. Ақылды адам жай келеді, жан-жағын байқай келеді» деп, бойдағы керек қасиеттің сырын түсіндіреді. Заман қанша дамып, өркениет қаншалық қарыштап кетсе де адамды адам ететін қасиет – ақылдылық пен мәдениеттілік болып қала бермек. Сондықтан «ақырын жүріп, анық басуға» үйреніп, өзгені де өзіндей көріп, сыйлай білуді ұмытпаған адам ғана қоғамда сыйлы, тұрмысы күйлі болып өмір сүреді.