4049
«ТӨЛЕГЕНСІЗ» ӨТКЕН БІР ЖЫЛ
«ТӨЛЕГЕНСІЗ» ӨТКЕН БІР ЖЫЛ
Қазақ өнерінің биік күмбезіне айналған, қазақ батырларының ерлігі мен қазақ қыздарының көркемдігін асқақтатқан әрі терең тарихи маңызға ие «Қыз Жібек» фильмі, әрине, көрерменнің көз алдында! Лиро-эпостық жырдан бастау алатын бұл көркем фильм, сонымен бірге асқан сүйіспеншіліктің, мөлдір махаббаттың символындай десек, тағы артық кеткендік емес. Ал... кейіпкерлері ше?! Бас кейіпкерлерінің сол тарихи картинадан кейінгі тіршілік-тыныстары да өз халқының көз алдында өтіп келеді.
Бұл сөзіміздің дәлелі, өткен жылы желтоқсанның ызғарлы, суық күндерінің біріндегі тосын хабар болды десек... жанымызды тағы бір рет суық ызғардың тоңазытып өтері сөзсіз... Ес біліп қалған бозбала мен бойжеткеннен бастап, халқымыздың салиқалы қарияларына дейін әппақ сақалын жас жуып, көкіректеріне өксік тығылған сәті ұмытыла қоймағаны анық.
Мына жарық та тәтті ғұмырда жақыныңды жоғалту, кім кімге де жеңіл болмасы анық. Өмір бар жерде қайғының да қосарлана жүретінін заңдылық десек те, тағдырдың ауыр соққысы әркімді-ақ теңселтеді. Қайғырады. Жоқтайды. Жылайды. Мойынсұнады. Сосын сабырға келеді. Етегің қанша жасқа толса да, қимас жаның қайта оралмайтынына көзің жеткен сайын сағына, іздей түсетінің тағы бар. Жылағаннан қайта тірілтіп алар болсаң, мәңгілікке кеткен ата-бабалар, ата-аналар, бауырлар қайда?!.
Ет жақынын өкпеге қиса да, өлімге қимайтын халықпыз. Сол жаның елжіреп, жүрегің қан жылап отырып іздеген жақыныңды бүкіл халық болып жоқтап жатса ше?!.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де сананы меңдеген сағыныштан әлі арыла алмай, жан дүниесіндегі күйзелістен әлі де шыға алмай дел-сал күйде жүрсе де, қаршадай күнінде қалың елге танытқан Өнер деген құдіреттің күшімен сары уайымға дес бермей келе жатқан қазақтың Қыз Жібегі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі – Меруерт Өтекешова.
– Меруерт ханым, қайғыңызға ортақ екенімізді кезінде газет бетінде білдіргеніміз есіңізде болар. Тағы да көңіл айтамыз. Уақыт дегеніңіз соншалықты жылдам екенін тағы да дәлелдеп, Құман ағаның жылы да келіп қалыпты... Сізге қаншалықты ауыр қайғы болғанын білеміз, дегенмен әңгімені де осыдан бастасақ, айып етпессіз...
– Иә, жаныңа жалау болған, сүйіп қосылып, өмірге ортақ перзент әкеліп, тәрбиелеп өсірген айтулы азамат ретінде де, өнердегі жұптасым ретінде де, Құманның қазасы мәңгілік дауасы жоқ жан жарасына айналғалы бір жылға таяп қалыпты. Екеуміздің арамыздағы махаббат сезімі қалай басталып, қалай отбасы болғанымыз талай рет айтылып та, жазылып та келе жатыр. Бізді махаббат символына айналдырған туған халқымыздың әрбір перзенті жылы қабылдайды, әрі өте жақсы білетін тарих қой деп ойлаймын. Бәрі де «Қыз Жібек» кинофильмінен басталған-ды. Кино жайлы азды-көпті хабарымыз болғанмен, театрдың, өнердің не екеніне терең бойлай қоймаған оныншы сыныптың оқушысы фильмге басты рөлге үміткерлер іздеп, байқау жарияланғанда, балалық арман-қызғушылықпен бағымды сынап көру үшін, киностудияға бардым. Жібектің рөлін сомдау үшін тек сұлулық қана емес, сонымен бірге ақыл-парасат, талант керек екенін әу баста сезіне де алмаған болуым керек. Дегенмен төрт жүзге жуық үміткердің ішінен соңғы ақтық сында он қыздың қатарынан бір-ақ шықтым. Режиссер Сұлтан Қожықов, суретші Гүлфайруз Ысмайылова, композитор Нұрғиса Тілендиев, оператор Асхат Ашрапов бастаған комиссия мүшелері қырағы-ақ. Қалт жібермейді. Әрбір сөз, әрбір қимыл бақылауда. Сценарий бойынша Төлегенмен жұптасып үзінділер орындаймыз, жаттығамыз. Несін айтасыз, Ғ.Мүсірепов, Ш.Айманов, М.Бегалин, С.Бегалин, К.Смайылов, А.Қарсақбаев сынды қазақтың біртуар азаматтарынан құралған көркемдік кеңестің мүшелері сараптай келіп, Құман екеумізге тоқталды.
«Қыз Жібек» фильмі жайлы әңгіме болғанда, әсіресе, кинокартинаның режиссері Сұлтан аға Қожықов жайлы, ал жалпы өнерге, қазақ өнеріне еңбек сіңірген Қожықовтар туралы айтпай кетуге болмас, сірә! Сонау тарихы тереңде жатқан сәулет өнерінің, бейнелеу өнерінің насихаттаушысы, аса жетік меңгерген әрі осы әулеттен шыққан Сұлтан (Сұлтанахмет) ағаның соғыста жараланып, елге оралуы «Мосфильмнің» Алматыға қоныс аударуымен тұспа-тұс келеді. «Абай әні» фильміндегі «Толағай» әнінің эскизін жасаған үлкен ағасы Құлахметтің ақылымен киноға бет бұрса керек. «Мәскеудегі С.А. Герасимов атындағы Бүкілресейлік ұлттық кинематография институтының режиссерлік бөліміне оқуға түс, кең көлемді фильм түсірейік», – деп ақыл айтып, жол көрсетеді. Ол заман ұлттық нақыштағы кинофильм жоқтың қасы. Тіпті, ұлттық өнер деген терминнің өзі де айтыла бермейді. Ал халықтық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа негізделген аңыз жыр-дастандар жеткілікті. Не істеу керек? Осы идеямен сол кездегі мәдениет министрі Ілияс Омаровқа ұсыныс жасап, халықтық мұраның алтын жәдігері – «Қыз Жібек» эпосының желісімен кино түсіру де осы азаматтардан бастау алғанын біреу білсе, біреу білмеуі де мүмкін. Сондықтан үнемі ел есінде, әсіресе, жастардың жадында қалуы үшін де қайталап айтылып, жазылып отырса құба құп болар еді. Егер Сұлтан ағадан басқа режиссер болса, бәлкім, менен Жібек шықпас па еді?.. Әлі бас кейіпкерлерді сомдайтын қыз бен жігіт айқындалмай тұрып-ақ, ол кісі ерекше бөлек бақылауға алды. Жеке ат үйретуші бекітілді. Қазір ойлаймын, талантты режиссердің ішкі түйсігі Құман екеумізге тоқталса керек, бізді, әсіресе, мені байқауға қатысушы үміткер ретінде емес, нағыз Жібек сынды қабылдағаны анық. Өйткені дайындық жүріп жатқанның өзінде Жібектің көйлегі мен сәукелесі менің өлшеміме сай болып тігіле бастағанын кейін білдім. Ал үміткерлер көп болды. Төлегеннің де, Жібектің де рөліне үміткер қыз-жігіттер жетерлік еді.
– Сізді көркем гимнастикамен айналысқан деген сөз айтылып қалады. Ол кездері қазақ қыздарының гимнастикамен айналысуы ерекше жәйт. Ата-анаңыз қарсы болмап па еді?..
– Әке-шешем басқа саланың адамдары болды. Бірақ әкемнің ғажайып даусы бар-тын. Соғыс ардагері емес пе, бір өліп-бір тіріліп келген азамат қой, қазақтың халық әндерін нақышына келтіріп орындайтын-ды. Анам да өнерден құралақан емес. Сондықтан болар, жастайымнан көркем гимнастикамен айналыстым. Ән-биге әуес болып өстім. Актриса болуды армандадым. Әкем Қаратай Әспенбетұлы мен анам Кәмила Мамайқызы жеті ұл-қыз тәрбиелеп, өсірген ұлағатты, ұйыған отбасы болды. Екеуі де өте көпшіл, қонақжай болатын. Туған-туыс, жақын-жекжаттың бәрі біздің шаңырақта бас қосатын-ды. Қазір заман солай ма, отбасындағы ұсақ-түйек шараларды да мейрамханада өткізу үрдіске айналды ғой. Ал отбасындағы жиынның орны мүлдем басқаша, ол ынтымақты, татулықты, бауырмалдықты нығайта түседі деп отырушы еді әкем марқұм. Шынында да, үш қыз, төрт ұл өскен шаңырақ шаттықты еді. Бауырмал болып өстік. Әке-шешем бар жағдайымызды жасады, оқытты. Балалық шағым өте бақытты өтті.
– Сонымен... Құман ағамызбен арадағы шынайы махаббат қалай туды? Бір сұхбатыңызда Төлеген-Құманға деген сүйіспеншіліктің фильмдегі құда түсу эпизодынан, яғни бірінші бөлімнің аяғында отаудағы оңаша сөйлесетін сәттен басталған шығар дегеніңіз есімізде қалыпты...
– Кім білсін?!. Дегенмен сол сәт фильмнің бүкіл болмысын ашатын, ғашықтық хикаясының шешуші сәті десе де болғандай. Екеуміз де образға кіріп, қос ғашықтың рөлі емес, өзіне айналып кеткендей әсер аларыңыз сөзсіз. Әдемі көрініс! Қайталап көрген сайын сол бір көркем көріністер көз алдымнан көлбеңдеп, жан-дүниемді әлем-жәлем етеді десем, сенерсіз. Әрине, жас, ерке, бұла бойжеткен кезім ғой, қалай толқымассың?.. Кинолентаның дәл сол тұсын елестетіп көріңізші, Құманның да қос жанары оттай жанып, бойын ғашықтық билеп алған бозбаланың кейпіне еніп кетеді, ал мен... Мен тіпті, шын Жібекке айналып кетемін. Кино түсірілім бір жылға созылды. Түсіру алаңында күнде кездесеміз. Көз үйренді. Ал көңілде киноға дұрыстап түсу, рөлімді алып шығу ғана болған болар. Жаз айларының бірінде Құманның даланың алқызыл гүлдерін сыйлағаны бар. Он сегізге енді толған бойжеткеннің жиырмадан асқан бозбаладан алғаш сыйлық алуы, кепкен сол гүлдер әлі күнге жатын бөлмемдегі вазада тұр...
Құман қыз ғашық болмайтын, қыз аңсары аумайтын жігіт пе еді, жо-оқ, жарқ етіп атқа қонғанда қай бойжеткеннің де жүрегін дір еткізері сөзсіз. Ол да, мен де жаспыз, сондықтан махаббат оты жанбауы мүмкін емес еді. Байқауға қатысқан жүздеген қыздың ішінен дара шығып, Жібектей сұлу бойжеткеннің рөліне таңдалып алындым. Енді сол бір қазақтың көркем мінезді, оның үстіне шалқыған байдың көзінің қарашығындай жалғызы болғандықтан, еркеліктен гөрі ақылды-қылықты қызының рөліне енгенім үлкен жауапкершілік жүктегенін ол кезде аса сезінбеген де шығармын. Бірақ уақыт өте келе, тіпті, өзіме таң қалатын кездерім де болады. Тағдырыма өте ризамын. Құманмен тату-тәтті ғұмыр кештім. Сол фильмнен басталған арамыздағы сыйластық, сүйіспеншілік өмірбойы жанымды жадыратып келді десем, артық айтқандық емес. Мектепті үздік бітіріп, Өнер институтына оқуға түстім. Қазақтың жұлдызды қыздарының бірі, халық әртісі Хадиша Бөкееваның жетекшілігімен институтты бітіргеннен кейін, 1973 жылы қасиетті қара шаңырақ – М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында қызметке орналастым. Өмірде де, өнерде де бірге болдық. Өнер сапарларында қол ұстасып бірге жүрдік. Жұбайлар үшін бұдан асқан бақыт бар ма?!.
Ауылдан шыққандарды менсінбеушілік деген «сұрқия көзқарас» болушы еді ғой сол жылдарда. Ал Құман өте сауатты, кітапқұмар болып өскен. Ата-енем де мінезге бай, мейірімді кісілер еді. Отау құрғаннан кейін қолымызға көшіріп алдық. Негізі, өз пайымым бойынша, қария кісілерді өмірбойы өсіп-өнген, туып-өскен ортасынан көшірмеу керек екен. Қала тірлігі мүлдем басқаша ғой. Жаспыз, ол кезде олардың жағдайын түсінбеппіз. Үлкендерге көмек беру керек екенін, бірақ отырған орындарынан қозғамау керек екенін енді ғана түсініп жүрміз. Таңертеңнен кешке дейін жұмыстамыз, ол кісілер үйде. Демалыс күндері болмаса, көбіне көңіл бөле алмай жатасың, бірақ ата-енем мені аса жақсы көрді. Өзім де ол кісілерге қарсы келіп, не болмаса қабақ шытып көрмеппін. Тату-тәтті тұрдық. Ұлынан кем көрмеді. Риза болып, батасын беріп отыратын.
– Құман ағамыз қандай сыйлық жасағанды жақсы көретін еді? Тастанбековтің қандай актер екенін білеміз, қандай әке болды?
– Ойпыр-ай, талай сыйлықтар сыйлады ғой, әрине, міндетті түрде гүл сыйлағанды жақсы көретін. Өзі де жаны нәзік, мейірімді, жүрегі елжіреп тұратын азамат емес пе?!. Жаны сұлу болатын. Адал, шыншыл еді. Артық сөз, жағымсыз мінез деген жоқ. Келбетті, көркем азаматтар аз емес қой, дегенмен Құман тым бөлек болатын. Балажан-тын. Әсіресе, кішкентай Томирис аурушаң болды да, соны көп уайымдайтын. «Бала ауырмай өсуші ме еді» деп қоятынмын. Кенжесі болған соң болар, өте жақсы көрді. Құманның айта жүретін тағы бір қасиеті, әйтеуір күтіп сарсылып отыратын, не болмаса, дайын асын ішуге ерінетін «еркектерден» емес еді. «Мынау әйел, мынау еркек жасайтын тірлік» дегенді білмедік. Ерте келді ме, ас-суын өзі әзірлеп, балаларымен тамағын ішіп-жеп отыра беретін-ді. Тамақ та талғамайтын, жағдай да талғамайтын. Несін айтасың, қазір сол бір қимас уақыттардың қадірін білдік пе, жоқ па деген сансыз сұрақ жанымды жегідей жейді. Бірақ өте бақытты жұп болдық! Ол да бақытты еді. Ең бастысы, бір-бірімізді сүйдік, сендік. Екеуміз ғана емес, төңірегіміздегілерге де ғашықтықтың символындай, махаббаттың үлгісіндей өмір сүру бақыты бізге ғана бұйырғандай күй кешіп, іштей тоқмейілсіп, өмірге, өзімізге сенімді болдық. Ал мереке, отбасылық жиындарда үнемі анаммен бірге, сол кісінің шаңырағында бас қосатынбыз. Менің анам осыдан екі жыл бұрын тоқсаннан асқанда қайтыс болды, сол кісінің үйі біз үшін «Штаб квартира» еді. Немере-шөберелерін жинап, отбасылық шараларды бірге атап өтетінбіз. Біз үшін, бала үшін ең үлкен бақыт, бағасыз бақыт осы ғой.
– Кино мен сахнаның айырмашылығын ерте сезіндіңіз бе?
– Қалай дегенде де, екеуінің де орны бөлек. Сахна да ыстық, кино одан да ыстық. Театр – өз шаңырағымызға айналды. Кинодан жанған бағымыз театр сахнасында жалғасып жатты. Жас кезімізде көптеген кейіпкерлерді сомдадық. Шетел классикасын да, қазақ драматургтерінің шығармаларынан да талай рөл сомдадық. Жаспыз, спектакльге бекітілгеннен бастап жанымыздан тыныштық кететін. Әсіресе, Құман! Өте ұқыпты, жауапкершілігі мол еді. «Шоқанды» қалай сомдады. «Ана–Жер-Анада» – Қасым, «Сенім патшалығында» – Маздақ-Құманмен партнер болдым. «Айман-Шолпан» – Әлібек, «Қарагөз» – Нарша, «Еңлік-Кебек» – Абыз, «Абайда» – Айдар, «Қан мен тер» – Тәңірберген, «Құлыным меніңде» – Жан рөлдерінде ойнады. Осы рөлі үшін кезінде,1976 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын алды. Бір басына жететін сый-сияпатты көрудей-ақ көрді, ҚР еңбек сіңірген артисі, Халық артисі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері болды. Өмірін сахнаға, өнерге арнаған Құман қандай атаққа болса да лайықты өмір сүрді деп айта аламын. Әріптес ретінде де, өмірлік жолдасым ретінде де мақтанышпен айта аламын. Өйткені бүкіл ғұмыры, бүкіл шығармашылығы менің көз алдымда. Оның «Қыс – мазасыз маусым», «Ағам менің», «Ерекше күн», «Аққулар ұшып келеді», «Махаббат жаңғырығы», «Ағама арналған қалыңдық» сынды кинокартиналардағы рөлдері бір төбе еді. Өмірдегі жары, балаларының анасы, қала берсе өнердегі әріптесі ретінде өнер жайлы, сахна мен кино төңірегінде көп сырласатынбыз. Ондай сәттерде үнемі «Құман, сен сахна королісің» деуші едім риза болып, ол үнсіз жымиып, риза кейіппен иығымнан құшақтап, қысып қоятын-ды.
Әрине, өзеннің екі жағасындай кино мен театрдың қай-қайсысы болса да, серіктес-әріптеске, яғни артистер ансамбліне көп нәрсе байланысты екені ақиқат. «Қыз Жібектің» соншалықты сәтті шыққаны А.Әшімов, Ф.Шәріпова, Қ.Байсейітов, Ы.Ноғайбаев, К.Кенжетаев, Ә.Молдабеков сынды талантты актерлердің де еңбегінің жемісі дер едім. Сахна да солай! Құман өмірінің соңына дейін сахнадан алыстаған жоқ. Өткен жылдың қараша айында «Жүрейік жүрек ауыртпайда» қандай ойнады! Жүрегіне жасалған отаны да ұмытып, сахнада бар болмысымен, дарынымен жанып жүрді. Өзім көре алмадым, жолсапарда едім. Бірақ әріптестеріміз жамырай құттықтап, риза болысқанын айтып, жеткізіп жатты. Мүмкін, соңғы спектакль, өмірінің соңғы күзіндегі сол бір кеш екенін де сезінген болар, кім білсін...
Лос-Анджелесте өткен кинофестивальге «Қыз Жібекпен» барған сапарымызда да өте көңілді жүрді. Алдында ғана ауруханаға жатып, он күн ем қабылдады. «Алыс жол, бармай-ақ қоярсың» дегеніме көнбеді. «Ол деген кез келген актердің арманы ғой» деп қатты қуанды. Дайындалды. Дәрігерлер де рұқсат берді. Басқалар қала аралап, дем алып жатқанда Құман өзімен бірге ала шыққан Ә.Әлімжановтың кітабын оқып бітірді. «Голливудты көрген де, көрмеген де арманда» деп өзіне-өзі риза болып, жолсапардан түйген сәттерін көпке дейін әңгімелеп отыратын. Сол сапардан кейін Астанада өткен кинофестивальге бірге бардық. Онда да өте көңілді жүрді. Денсаулығына алаңдап, уайымдап жүрген мені: «Бәрі дұрыс, жүрек норм», – деп күліп жұбатып қояды. Оның жүріс-тұрысына, кездесулердегі орынды әңгімесіне қарап мен де жайбарақат күйде жүрдім. Соңғы кездері ұшақпен көбірек жүргеніміз көңіліме онша ұнамаса да, білдірмеуге тырыстым. Одан қала берсе, ағайын-туыстың той-томалағы да көбейіп кетті. Ақтауда өткен тойда батасын беріп, жап-жақсы отырды. Тойдан кейін қонақүйге де көңілді оралдық. Бөлмедегі жайлы диванға жайғасты да, жәймен қисайған қалпы жүріп кетті. Көз алдымда! Адам баласының ажал алдында соншалықты дәрменсіз екенін сонда ғана сезіндім... Бейшара күй кешіп, солай қала бердім. Желтоқсанның сол бір ызғарлы түні өзінің бозбала-жастығы өткен сүйікті қаласына жансыз денесін алып қайттым ғой...
Иә, қиын әрі ауыр әңгімені сағыздай созып, онсыз да жанары жасқа толып отырған кино және театр актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Қаратайқызы Өтекешованың жан жарасын одан ары ауыртқымыз келмеді. Үнсіз ғана қоштастық...
Әңгімелескен Таңсұлу Алдабергенқызы