318
«Бабадан аманат» – күйшінің мол мұрасын дәріптеу
«Бабадан аманат» – күйшінің мол мұрасын дәріптеу
Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған шаралар жалғасуда. Дәулескер күйшінің шығармашылық мұрасы айтарлықтай дәріптеліп, тың зерттеулер ұсынылды. Бұл – қазақ ұлттық музыка өнерін әлемге паш етуге жасалған талпыныс.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай «Бабадан аманат» дәстүрлі музыка фестивалі өтті. Фестивальдің ашылу салтанатын ашқан консерватория ректоры Арман Жүдебаев:«Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО-ның 2018-2019 жылдардағы атаулы күндер күнтізбесіне енгізілуі ұлы баба мұрасының құндылығын әлем жұртшылығының мойындап, жоғары бағалағандығының белгісі. Біз үшін ол үлкен мәртебе. Осындай үлкен шараның аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Бабадан аманат» дәстүрлі музыка фестивалінің мәні, жастарға берері көп деп санаймын», – деді.
Биыл елімізде алғаш рет қазақтың күй өнерін жалпыұлттық деңгейде насихаттау және мәдени ұлттық бірлікті одан әрі нығайту мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылдың 12 маусымындағы №699 Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып бекітіліп, аталған мейрам республикамыздағы мерекелік күндердің тізбесіне енгізілген болатын. Бұл бабалардан қалған мол рухани мұра – ән-күй мен жыр-термелерді көздің қарашығындай сақтап, асыл мұраны уақыт талабына сай насихаттай білуіміз міндет. Ол үшін «Бабадан аманат» сияқты іс-шараларды көптеп ұйымдастыру маңызды.
Фестивальдің бірінші күніндегі дәстүрлі музыка кешіне Алмас Алматов, Сержан Шәкірат, Едіге Нәбиев, Қатимолла Бердіғалиев, Айтжан Тоқтаған сияқты аға буын орындаушылар қатысты. Өнер майталмандарына ықыласпен қошемет көрсеткен көрерменге лық толы залда ән мен күй, жыр, термелер салтанат құрды. Ал мәдени шараның екінші күнінде талай халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары Нұржан Жанпейісов, Еркін Шүкіман, Ақмарал Ерімбетова, Саян Ақмолда, Салтанат Құдайбергенова, Динара Нұрбаева, Ерлан Рысқали, Нүркен Әшіров, Абылай Тілепберген сияқты басқа да орындаушылар өз өнерлерін ортаға салып, көрерменнің ризашылығына бөленді. Жастар кешегі ағалардан өнерді аманаттап алды.
Сыр өңірі жыршылық мектебінің осы замандағы бірегей өкілі, жырау Алмас Алматов фестиваль жайында: «Дәстүр – 1000 жылдық мәдениет 100 жылдық тарихымыздың бізге жеткен алтын арқау тілі, олай болса, өнер халықтың шежіре баяны. Өнер мұрагер ұрпақтары арқылы дәстүрлі сипатқа ие болады. Демек «аманат» деп отырғанымыз ол мұрагерлік. Аманат бұл атадан жеткен миллиондаған жол жыр мұрасы, жүздеген күй мұралары, бұл қала берді қазақ даласындағы батырлық эпостық жырлардың аманаты. Олай болса, кез келген өнер өзінің мұрагер ұрпақтары арқылы ғана дәстүрлі күйге айналады дегеніміз сол. Аманат деген мұрагер ұрпақтың арқалаған жүгі, бұл болашаққа бастайтын жол. Ұлттық код деп жатқанымыздың барлығы осымен түйіседі. Әрбір күй, әрбір ән, әрбір жыр, толғау-термелердің тарихы бұл ұлттың тарихы, халықтың тарихы. Сол дәуірдің философиялық ойлау зердесінен туындаған шығармашылық туынды деп қарау керек», – деп өз ойын айтты.
Батыс Қазақстан әншілік мектебінің өкілі, әнші-ұстаз Қатимолла Бердіғалиевті білмейтіндер кем де кем. «Қазақ халқы жалпы жазба мәдениетке кейін келген халық. Біз өнерімізді, әнімізді, күйімізді тарих-шежіремізді құймақұлақ арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан халықпыз. Аманат жазуға да, нотаға да жалғасты. Енді ұрпақтан-ұрпаққа құймақұлақ арқылы да, нота арқылы да, жазу арқылы да таратып келеміз. Бұл фестиваль да соның бір үлкен жалғасы» деген жүрекжарды пікірін білдірді.
ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші-ұстаз Рамазан Стамғазиев: «Фестиваль деген дәстүрлі орындаушылар үшін қажетті нәрсе. Мысалы, алдыңғы буын, орта буын, кейінгі буын орындаушылардың бір-бірімен араласуы. Осындай бір арқаны кеңге салып, өткен-кеткенді түгендеу, ғасырдан келе жатқан құнды дүниелерді ортақ қазанға салып, үлкен ой-толғауларды бөлісу жас ұрпақ үшін үлкен өнер сабақтастығы», – деді.