Балапанның қанатынан төнген қауіп

Балапанның қанатынан төнген қауіп

Балапанның қанатынан төнген қауіп
ашық дереккөзі
Жуырда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мектептердегі тексерудің қорытындысын жариялады. Келтірілген деректерге сүйенсек, 4 мың асхана стандартқа сай болмай шықты. Вице-министр Алексей Цой әлі 2 мыңға жуық мектеп асханалары тексерілмегенін айтады. Оған бірден бір себеп, жеке және шағын бизнестің санатына жататын мектеп асханаларын жөн-жосықсыз тексеруге тыйым салынғаны. Тек жылына 2 рет тексеруге рұқсат етілген. Ал стандартқа сай жұмыс істемеген 4 мың асхана иелеріне 67 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Тіпті, 1000-ға жуық кәсіпкер жауапқа тартылып, 291 адам қызметінен кетті. Мамандар мектеп асханаларын тексеру барысында тамақтың лас жерлерде дайындалатынын, сонымен қатар, аспаз бен даяшының жеке гигиенаны сақтамайтындығын анықтаған. Тіпті, тағам дайындайтын өнімдерінің көбі жарамдылық мерзімінен асып кеткен. «Асы бар аяқтан аттама» деп, астың қадірін жоғары бағалайтын елміз. Дей тұрғанмен азық-түлік өнімдерінің төңірегінде түйіні тарқамаған түйткіл көп. Өткен аптада Ақтау қаласында 3 жасар бала астан уланып шетінеді. Бүтін бір отбасы қуырылған шұжық пен макарон жеп ауруханаға түскен. Оқиғаның мән-жайына үңілсек, жәбірленушілер аталған шұжықты көршілерінен алған. Тұрмысы төмен отбасына шұжықты бергенде, көршісі оның жарамдылық мерзімі өтіп кеткенін ескертіпті. Әйтсе де, 4 баланың анасы шұжықты қуырып талғажау еткен. Тамақтан кейін 3 жасар ұлының іші қатты ауырса керек. Анасы ішін арнайы ерітіндімен тазартып, ұйықтап қалған. Түнде қалған отбасы мүшелері де іштері өтіп, өздерін жайсыз сезінген. Жедел жәрдем келгенде 3 жасар сәби шетінеп кеткен болатын. Анасы 3 баласымен аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылған. Баланың өліміне себеп болған жағдай қазір тексерілуде. Мамандар әзірге олардың қандай шұжық жегенін анықтай алмады. Өйткені қолданған шұжықтың не өндірушісін, не атауын ешкім білмейді. «Азық-түлік шикізатының және тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі туралы нұсқаулықты бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2000 жылғы 29 қарашадағы қаулысында: «Балаларды тамақтандыру өнiмдерiнiң тамақтық құндылығы бала организмiнiң жай-күйi мен жасына сәйкес келуi және денсаулық үшiн қауiпсiз болуы тиiс» делінген.

ЖАРАМСЫЗ АЗЫҚ-ТҮЛІК  ЕЛГЕ ҚАЛАЙ ЕНЕДІ?

Жалпы, әлемде азық-түлік қауіпсіздігі ұғымының қалыптасуына 1972-1973 жылдардағы Астық дағдарысы әсер еткен. Алғашында әлемнің барлық елдері үшін негізгі азық-түлік қолжетімділігін, сондай-ақ, нарықтағы тұрақтылықты сақтау ретінде қарастырылды. 1974 жылы БҰҰ-ның «әлемдегі азық-түлік  қауіпсіздігін  қамтамасыз ету бойынша халықаралық міндеттемелер» резолюциясы дайындалды. Сонан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, көп мәселелер шешімін таппай келеді. Азық-түлік қауіпсіздігін басқару деңгейлері сатылы түрде жүзеге асады. Олар: жаһандық деңгей, мемлекетаралық деңгей, ұлттық деңгей, аймақтық деңгей, үй шаруашылығы деңгейі және жеке деңгей. Бүгінгі қоғамда жеке бастың қауіпсіздігіне селқос қарау, жаһандық деңгейдің тұрақтылығына күрт әсер етіп отыр. Осы тұрғыдан келгенде шекараның ар жағынан келетін кейбір тауарлар тіпті ешқандай рұқсатнамасыз-ақ ел ішінде еркін саудада жүр. Үкімет қаулы еткен азық-түлік шикізатының және тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі туралы нұсқаулықта: «Сатуға арналған тамақ өнiмдерi химиялық және биологиялық, оның iшiнде адамдардың денсаулығы үшiн қауiп туғызуы ықтимал радиоактивтiк, микробиологиялық заттар мен олардың қосылыстарының құрамындағы мөлшерi жөнiндегi нормативтiк құжаттарда белгіленген талаптарға сай болуы тиiс» делінген. Сай болу былай тұрсын, тіпті, тыйым салынған тауарлар да елді кезіп жүретіні кімге құпия. Өткен аптада Тараздағы белгілі бір сауда орнынан адам денсаулығына қауіпті құс еті сатылғаны анықталды. Мұхиттың арғы бетінен жеткен үйрек етінің құрамынан сальмонелла анықталған. Құрамында зиянды бактериясы бар тауардың қаншасы қолға өтіп кеткені белгісіз. Әйтеуір, дүкен иесі әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төлейтін болды. Оның сөзінше, небәрі 13 келі күдікті үйрек етін базардан алған. Қазір мамандар америкалық үйректің етін тасымалдаушыны іздестіріп жатыр. Ал АҚШ-тан бар болғаны 13 келі құс еті жеткізілмегені анық. Қалғаны Қазақстанның қай қиырын аралап жүр екен? Жоғарыда айтып өткен заң негіздемесі бойынша, «Қазақстан Республикасының аумағына сату үшiн әкелiнетiн азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерi нормативтiк құжаттардың талаптарына сай болуы тиiс». Не анықтамасы, не сатуға болады деген рұқсатнамасы жоқ тауар шекарадан қалай өтіп кеткенін әзірге ешкім білмейді. Ал апта басында Ресей тауығын Қазақстанға тасымалдауға уақытша тыйым салынды. Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі  «Ставропольский бройлер» құс фабрикасының өнімдерінен адам денсаулығына зиян микроорганизмдерді анықтаған. Аталған фабрикада өндірілетін «Благояр» балапанының қанаттары адам денсаулығына тіпті қауіпті дейді мамандар. Сонымен қатар, «Курников» құсының құрамында да зиянды микроорганизмдер шектен тыс көп болып шыққан. Бұған дейін тағы алты ресейлік кәсіпорынның өнімін Қазақстанға кіргізуге шектеу қойылған еді. Осы жағдайлар әсер етті ме, Ресейдің ветеринарлық және фитосанитарлық федералдық қызметі АҚШ-тан Қазақстанға келе жатқан 185 тонна құс етін өз аумағынан өткізбей қойды. Айтуларынша, импорттық құс етінің көбінің сақтау мерзімі өтіп кеткен, кейбірінің заттаңбасы Еуроодақ аумағына келгенде бір-ақ жапсырылған. Ал ҚР Ауыл шаруашылығының вице-министрі Арман Евниев «Біз үшін оның пайдасы бар. Нарықтың бос қалған бөлігін отандық өндірушілер басып, отандық өнімдерді жеткізу көлемі артады. Біз министрлік ретінде өз өндірісіміздің артуын қалаймыз», – деді. Отандық құс өндірушілері ішкі сұраныстың 80 пайызын қамтамасыз ете алады. Бірақ соңғы күндері сауда орындарындағы құс етінің бағасы 20 пайызға дейін өсіп кетті. Ал қауіпті азық-түліктен бас тартып, қымбатшылыққа ұрынамыз ба деп шағымдануда кейбір  жұрт.

ӨНДІРІСТЕН СҰРАНЫС КӨП

БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы материалдарына сүйенсек, 2010-2012 жылдар аралығында 870 миллионға жуық адам аштық жағдайында болған. Ол дегеніміз жер шарының әрбір сегізінші тұрғыны. Ал бүгінде аталған цифр еселеніп, 925 миллион адамға жетті. Жер шарын мекендеген адамдардың 14 пайызы. Әлемдегі ашығушылардың үштен екісі – Бангладеш, Қытай, Конго Демократиялық Республикасы, Эфиопия, Үндістан, Индонезия және Пәкістан сынды мемлекеттер еншісінде. Ашығушылар санының төмендеуі үшін ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында ресми көмекті ұлғайту қажет дейді мамандар. Мұндай көмек 1980 жылы 19 пайыз болса қазір 6 пайызға дейін төмендеген. Бір сөзбен айтсақ, көткеншектеп кеткен. Әрбір ел үшін азық-түлік қауіпсіздігі тұрақты дамудың маңызды бөлігін құрайды, ол табиғатты қорғау мәселелеріне қатысты, сондай-ақ, адамдардың өмір сүруінің сапасына да қатысты. Тіпті, азық-түлік  қауіпсіздігін  қамтамсыз  ету – кез келген мемлекет үшін ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесіндегі күрделі жаһандық мәселе. БҰҰ-ның болжамы бойынша, Жер шары тұрғындарының саны 2050 жылы 9,3 миллиардтан асады. Жер шарындағы тұрғындар саны күрт көбейгенде азық-түлік қауіпсіздігі сақталуы мүмкін бе? Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ШЫҰ мүше мемлекеттері басшыларының отырысы кезінде сөйлеген сөзінде: «Қазіргі уақытта әлемдік тұтыну мен табиғат апаттарының салдарынан шикізат пен энергия ресурстары бағасының өсуі азық-түлік өнімдерінің қымбаттауына алып келді. Азық-түлік дағдарысының зардаптары бүкіл әлемдегі әлеуметтік және саяси жағдайдың ушығып кетуіне соқтырады. Бұл жағдайда азық-түлік қауіпсіздігін аймақтық және халықаралық деңгейде тұрақтандырып, үйлестірілген және келісілген әрекеттерді жүзеге асыру шарт», – деген еді. Мемлекетаралық, ұлттық деңгейде де ауыз толтырып айтатын жұмыстар атқарылып жатса да, жұрт шекарадан өтіп жатқан кей өнімдердің сапасы мен құрамындағы улы заттардың мәнісін түсіне алмай дал. P.S: Өткен аптада «Түркістан» газеті (№ 46, 15 қараша, 2018 ж.) 50 жастағы вьетнам әйелінің қатыгездігін жазды. Жұмыс берушіге ызаланған Ми Ут Тринх құлпынайлар ішіне тігін инесін жасырған деп айыпталып отыр. Тіпті, сот барысында заң бұзу тармақтары бойынша жеті айып тағылған. Австралияда болған жағдайдан кейін, банан мен алма ішінен де осындай инелер табылған. Билік өкілдері кез келген жемісті турап жеуге кеңес берді, қылмыстың бетін ашуға көмектескен жандарға 100 мың австралиялық доллар көлемінде сыйақы тағайындамақ. Қаскөйлерді 15 жылға бас бостандығынан айыру қарастырылуда. Ал бізде ше?! Рұқсат етілмеген өнімдерді шекарадан заңсыз өткізгендер ісі жалғаса бере ме? Пайда ойлап, арды ұмытқан кәсіпкерлер жеке бастың мүддесі үшін ұлт саулығына қиянат жасауды қашан тоқтатады?