387
«Бизнестің жол картасы – 2020»: Кәсіпкерлер ертеңгі күнге күмәнданбайды
«Бизнестің жол картасы – 2020»: Кәсіпкерлер ертеңгі күнге күмәнданбайды
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдаудың ең оңтайлы әрі көлемді жобасы. Аталған бағдарлама іске қосылғаннан бері Алматы облысының кәсіпкерлері де оны тиімді пайдалануға талпынып жатыр. Атап айтқанда, облыс кәсіпкерлеріне осы кезге дейін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы негізінде 30 миллиард теңге қаржы бөлінген. Осының нәтижесінде Алматы облысында 7800 адам жұмыспен қамтылған.
Алматы облысындағы Панфилов ауданы Қытай елімен шекаралас өңірде орналасқаны белгілі. Атақты ауданда халыққа қызмет көрсету саласы мен туризм қарқынды дамып келеді. Өткен жылы мұнда кәсіпкерлікті дамытуға 300 миллион теңге көлемінде несие берілсе, биыл 170 миллион теңгенің займдарына құжаттар рәсімделді. Өз кезегінде бұл жағдай кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы атмосфера жасап, елдің еңбекке деген ынтасын күшейте түсетіні белгілі.
Мәселен, кәсіпкерлікке бұдан біраз жыл бұрын қадам басқан Ләйла Атимованың қазір жеке автомектебі бар, табысы да жақсы. Алайда ол біраздан бері асхана, кафе ашуды ойластырып жүрсе де, арманын іске асыруға қаржының тапшылығы қолбайлау болып келген еді. Енді «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы ойлағанын жүзеге асыруға оған үлкен көмегін тигізді. Қазір ол ашқан дәмханаға келушілер көбейіп, табысы еселене түскен. Себебі алыс қалалардан жиі келетін туристер Ләйланың асханасынан тамақтанады екен. Сол сияқты оның жеңілдетілген пайызбен берілген несиеге салған балабақшасы да өз дәрежесінде жұмыс істеп тұр. Бүгінде сол балабақшаның 7 тобында 180 бала тәлім-тәрбие алып, талапқа сай жұмыс жүруде. Балабақшаның мүмкіндігі тағы 30 баланы қабылдауға жетеді. Жас ұрпаққа тәлім беретін бұл орында дефектолог, логопед сияқты мамандар бар. Олар өз жұмыстарында озық әдістемелер қолданып, сұранысқа сай жұмыс істеуде.
Мемлекет тарапынан қолдау болып тұрған кезде кәсіпке келу қиындық тудырмайды. Өйткені «Бизнестің жол картасы – 2020» кәсіппен айналысамын дейтіндер үшін мол мүмкіндік. Соның бір мысалын кәсіпкер Гүлнәр Ақсубаеваның жұмысынан көруге болады. Ол аталған бағдарлама негізінде 160 миллион теңге несие алып, Жаркентте шипажайға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сауда үйін салып бітірген. Қазір жемісті жұмыс жасап отыр.
Жалпы мемлекетімізде кәсіпкерлікті дамыту үшін халыққа керекті ақпаратты жеткізіп, дұрыс бағыт-бағдар беріп отырса, шағын және орта бизнестің жұлдызы жанатыны анық. Ол үшін кәсіпкерлікті құру мен дамытуға қанша несие керек, оны қайдан, қалай алу керек екенін білу қажет. Бұл туралы қажетті ақпаратқа ие болса, кәсіпкерлікке икемі бар адамдардың өзіне деген сенімі күшейіп, өз ойындағы жоспарларын біртіндеп жүзеге асыратыны белгілі. Демек, мемлекет осы жағдайды есепке алып, қарапайым халықты кәсіпкерлікке тартып, қоғам үшін пайдалы істің көбеюіне мақсатты түрде мүмкіндік беріп, жағдай жасап отыр.
Жалпы, Алматы облысында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы басталғалы бері 1200-ден астам жоба жүзеге асырып, оған 30 миллиард 500 миллион теңге қаражат жаратылған.