334
Инфрақұрылымды дамыту – уақыт талабы
Инфрақұрылымды дамыту – уақыт талабы
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы мен энергия үнемдеуді арттыру жөніндегі шаралар талқыланды.
Жиында алғашқылардың бірі болып баяндама жасаған Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов «Нұрлы жол» бағдарламасына бөлінген қаражаттың игерілуі жөнінде мағлұмат берді. Вице-министр ұсынған деректерге сүйенсек, үстіміздегі жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша бағдарламаға бөлінген қаражаттың 411 млрд теңгесі (52 пайызы) игерілген. Республикалық бюджеттен қарастырылған 439 млрд теңгенің 335 млрд теңгесі игерілген. «Көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша қазір 25 автожол жобасы іске асырылып жатыр. Жалпы 4,6 мың шақырым жол салу жəне қайта жөндеуден өткізу жоспарда, жыл соңында 528 шақырым жол пайдалануға беріледі. Бүгінгі таңда 805 шақырым теміржол күрделі жөндеуден өтті», – деді Руслан Дəленов.
Одан әрі инфрақұрылымды дамытуға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы жөнінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Министрдің айтуынша, алдағы уақытта бағдарлама шеңберінде 7 мың шақырымдық автожол жаңадан салынбақ. Сондай-ақ, республикалық маңызы бар 10 мың шақырым автожол жөнделуі тиіс. «Бөлінген қаражат есебінен республикалық маңызы бар 2,4 мың шақырым автожол салынып, қайта жаңғыртылса, 7,5 мың шақырым жол жөнделді. Барлық нысанда 100 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Жол құрылысына 95 пайыз отандық өндірушілердің материалы пайдаланылды», – деп атап өтті министр. Жеңіс Қасымбек келтірген деректерге сүйенсек, Орталық-Оңтүстік дəлізі бойынша Астана-Теміртау учаскесі аяқталды, келесі жылы Теміртау-Қарағанды жəне Қарағанды қаласын айналып өтетін жол бөлігі аяқталады. Биыл Қарағанды-Балқаш-Бурылбайтал-Күрті учаскелерінде жұмыс басталды. 2019 жылы Күрті-Қапшағай жолында жұмыс басталмақ.
Бұл жобалардың барлығы 2019-2020 жылдары толығымен аяқталуы тиіс. 2018 жылдың соңына дейін 528 шақырым автожол пайдалануға берілмек. «Ал ақылы автожолдарды дамыту бойынша, биылғы қазан айынан бастап Ішкі істер министрлігінің жүйелерімен интеграцияланған Алматы – Қапшағай, Алматы – Қорғас жəне Астана – Теміртау учаскелерінде ақы алу жүйелері тестілік пайдалануға енгізілді. Келесі жылдың қаңтар айының екінші жартысынан ақы алуды бастау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 5,9 мың шақырымдық жолға ақы алу жүйесін енгізу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы əзірлеу жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дəлізі де бар. Төлемдерді жинау жүйесін монтаждауды келесі жылдан бастау жоспарланды. 2020 жылға қарай ұзақтығы шамамен 6,6 мың шақырым жолға төлем алу жүйесі қосылады», – деді министр.
Сондай-ақ, жиында су көлігі саласында Құрық портын дамыту шаралары жүзеге асырылып жатқаны сөз болды. Қуаттылығы 4 млн тонна болатын теміржол терминалы жəне қуаты 2 млн тонна болатын автомобиль байланысы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Соның нəтижесінде, Ақтау мен Құрық порттарының өткізу қабілеті 19,5 млн тоннадан 25,5 млн тоннаға дейін артпақ. Аталмыш тақырыпты түйіндеген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев көлік-логистикалық жəне энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Үкімет басшысы министрлер мен өңір əкімдерінің назарын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту мəселесіне назар аударды. «Бұған қатысты тапсырманы Мемлекет басшысы биыл 7 қарашада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген болатын. Қазіргі кезде желілердің тозуы 60 пайыздан 57 пайызға дейін төмендетілді. Дегенмен ТКШ нысандарын жаңғыртуға бөлінген қаражат мақсатты пайдалануы тиіс. Үкімет тарапынан қосымша шаралар қабылданып жатыр. Барлық мемлекеттік органдар аталған мəселені қатаң бақылауға алуы керек», – деді Бақытжан Әбдірұлы.
Бұдан кейін Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек күн тәртібіндегі екінші мәселе – энергия үнемдеуді арттыру бойынша атқарылған жұмыстар жайында баяндама жасады. Баяндама барысында министр Қазақстанның энергия үнемдеуге арналған 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары мен «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамасына тоқталды. «Еліміздің ішкі жалпы өнімінің энергия сыйымдылығын 2020 жылға қарай кем дегенде 25 пайызға жəне 2050 жылға қарай кем дегенде екі есеге төмендету міндеті тұр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздің ІЖӨ энергия сыйымдылығы 2008 жылғы деңгейге қарағанда 18 пайызға төмендеді. Сонымен қатар энергия тиімділігі картасы құрылды. Онда энергия сервистік келісімшарттардың тетігі арқылы іске асыруға дайын энергия үнемдеу жəне энергия тиімділігін арттыру саласындағы жобалардың бірыңғай республикалық тізімі жасалды», – деді министр.
Министр ұсынған деректерге сүйенсек, бүгінде энергия үнемдеу бойынша Павлодар облысы көш басында тұр. Ал Алматы шаһары бұл тізімде ең төменгі көрсеткіш көрсетуде. «Министрлік жыл сайын энергия үнемдеу саласындағы жергілікті атқарушы органдардың қызметіне мынадай өлшемдер бойынша бағалау жүргізеді: индикаторлар мен міндеттерді орындау, мемлекеттік мекемелер мониторингі, бюджеттік ұйымдарда энергия аудитін жүргізу, тиімді жарықтандыру көздеріне көшу жəне тағы басқалар. Астана қаласын қосқанда 10 өңірдің көрсеткіші орташа. Ал Алматы қаласын қосқанда 5 өңірде көрсеткіш төмен», – деді Жеңіс Қасымбек.
Аталмыш мәселе бойынша сөз алған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жаңғырту жəне қайта құрудан кейін барлық мұнай өңдеу зауыттарында энергетикалық аудит жүргізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Ал талқылауды қорытындылаған Үкімет басшысы: «Еліміздегі энергия үнемдеу тапсырмасын Елбасы бірнеше рет атап өткен болатын. Жалпы, өнеркəсіп салаларының энергияны көп қажет етуін азайту жөнінде бізде тек ортақ деректер ғана бар», – деп атап өтті. Үкімет басшысы «Самұрық Қазына» АҚ-ын да үнемшілдікке шақырды. «Самұрық-Қазына» құрамындағы компаниялардың энергия тұтынуын жөндеу жөніндегі жұмыстарды дұрыс жолға қою керек. Жеңіс Махмұдұлы, сізге осы нақты алгоритмдерді əзірлеуді тапсырамын. Өңір əкімдіктері инвесторлармен жəне энергияны көп жұмсайтын кəсіпорындармен жұмысты жандандыруы қажет. Оның ішінде мемлекет-жекеменшік əріптестігі жобаларын іске асыру жəне энергияны үнемдеуді насихаттау жұмысына көңіл бөлінуі тиіс», – деді Үкімет басшысы. Жиын соңында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев энергия үнемдеуге арналған тұжырымдаманы қайта қарау туралы тапсырма берді.