ҮШ БӨЛЕК НӘРСЕ – БІР ҰҚСАСТЫҚ

ҮШ БӨЛЕК НӘРСЕ – БІР ҰҚСАСТЫҚ

ҮШ БӨЛЕК НӘРСЕ – БІР ҰҚСАСТЫҚ
ашық дереккөзі
Жыл өткен сайын адамның жасына жас қосылатыны – жаңалық емес. Тек бір қиыны – адам бұрынғыдай сәл нәрсеге болса да қуанып, лапылдап, ішкі дүниең баяғыдай лезде құлпырып шыға бермейтіні ме дерсің. Себебі адам көбінше тек бала кезде, тек жас кезде ғана ұшып-қонып, лапылдап-лекілдеп тұрады емес пе?!. Ал келе-келе, асау толқындардың бірте-бірте жуасығаны тәрізді – бәрі басылып, байсал тартады. Тіпті, бір уақыттарда көп нәрсеге көңіл бөле қоймайтын енжарлық, селқостық, салқындық та пайда болады. Өйткені адам жүре-жүре өзінің артық эмоциясын тежеуге дағдыланады. Бұған қоса, кей жағдайда көп білгеннің де пайдасынан зияны көбейіп кететіні бар. Ал жалпы, дүниенің жалғандығын ұққан соң... адамның айналасына бұрынғыдай қызығушылығы қатты кемитін, тіпті жоғалатын тұстары да жоқ емес. Құдай осындай қиын кездерден сақтасын! Ең бастысы, осындай көңілсіз тұстардың тұтқынына түспеуге тырысқан жөн болса керек. Себебі – осы өмірге келгенің бекер емес шығар... Өмірді сүюдің кереметтігін білуің, махаббаттың мәңгілігін ұмытпауың керек емес пе. Өйткені осы өмірде – сенен шығарда ғана жаны бөлек ата-анаң болды, кеудесіндегі жүрегін суырып беруге әзір, жаһандағы жалғыз сүйіктің болды. ... Әрі сен өзің ешкімнен сұрамастан осынау жер бетіне әкелген, мәпелеп өсірген үлпілдеген балапандарың да бар ғой... Сондықтан да осынау өмірді бағалаудан, адамдарды шынайы құрметтеуден, өзің өмір сүріп отырған қоғамның кемелдене түсуіне титтей де болса үлес қосудан артық, әрі құнды ештеңе жоқ болса керек... Айналаңдағы жақсылықтарды көруден, жан-жағыңдағы сұлулыққа, ізгілікке табынудан өткен нендей керемет болсын?! Құдай тағала адамды осы жанды, нәзік, мөлдір сезімдерден айыра көрмесін... Осыған орай, соңғы уақыттарда айналамда кездескен, өзімді шын мәнінде таң қалдырған, жақсы мағынада ойландырған... бірер нәрселер жайында айтқым келеді. Біріншісі – қасымызда жүрген қарапайым қазақ әйелінің мінезі мен әрекетіне байланысты еді. Ол – күні бүгінге дейін қаламыздың бір шағын ауданында, қаптаған көп қабатты бетон үйлердің бірінде тұрады. Дарынды музыкант, кезінде дүркіреп шығып, елдің құрметіне бөленген – «Сазген» ансамблінің шаңқобызшысы болатын. Оның екі бөлмелі аядай пәтері қаншама дос-жаранға жұмақтай жылы, жайлы рахат сыйлады десеңізші. Туыс-туғанды былай қойғанда, талай жолдас-жораларына қажет кезінде пана да болды. Әсіресе, өзімен бірге жұмыс істейтін, үш баласы бар құрдасы – Мұрат отбасымен пәтерсіз, көшіп-қонып жүргенінде, сол азаматтың жанұясына асқар таудай қорған бола алды. Сенбі-жексенбі күндерінде ерлі-зайыптылар бала-шағасымен оның үйіне келіп, балаларын шомылдырып, бір шәугім шайын бөлісіп ішіп, бәрі мәз-мәйрам шүйіркелесіп, ән айтып, күй тыңдап шұрқырасып, рахаттанып қалатын. «Көңіл сыйса – бәрі сыяды», деген, сөз жоқ, рас нәрсе. Сондай күндердің бірінде Рая Мұрат құрдасына: – Отбасыңмен үй алып көшер болсаңдар, мына мебельдің бәрін сендерге беремін! – деп айтып қалғаны бар. Айтқаны періштенің құлағына шалынды ма, көп ұзамай, бірде Рая жұмыстан келгенде, есігінің алдында жүк машинасының тұрғанын көзі шалды. Келіп тұрған өзінің құрдасы Мұрат екен. Ол: – «Үй алғанда мебеліңді бізге берем», – деп едің ғой... – деп ақсия күліп тұр. – Иә, айтқаным – айтқан! Алыңдар! – Рая замандасымыз үйдегі бар мебелін, бүкіл қабырғаны алып тұрған тұтас «стенканы», диванды креслосымен, тіпті, үстіне «Садко» телевизорын да қосып, жүк машинасына толықтыра тиеп, музыкант достарына беріп жібереді... Сәлден соң мектептен құрбысымен бірге келген кіші қызы үйге кіріп, өз үйін өзі тани алмағандай күй кешеді. Құрбысы: – Жақсы тұрамыз дегенің қайда? Үйіңде паластан басқа ештеңе жоқ қой, әбден кедей екенсіңдер... – деп таң қалғанын мүлде жасырмаса керек. Ал сабақтан сәл кешірек келген үлкен қызы аяқ астынан қаңырап бос қалған бөлмені көріп: – Мама, бір жерге көшіп жатырмыз ба? Әлде жөндеу жасайын дедіңіз бе? – деп таңғалған көрінеді... Міне, кезінде Қарағанды қаласындағы музыкалық училищені бітірген, кейін Құрманғазы атындағы консерваторияны тәмәмдаған қарапайым әйел достыққа, жолдастыққа осындай биіктіктен, жомарт көңілмен, адал пейілмен қарайтын болып шықты... Біз тарихта Атымтай жомарт деген жанның болғанын естігеніміз болмаса, көргеніміз жоқ еді. Әйтсе де, біздің бүгінгідей мына алашапқын, алақұйын өмірімізде де дәл осындай жүрегі жомарт, жаны таза, пейілі кең жанның бар болғанына, өнер десе ішкен асын жерге қоятын сол Раяны – Дүниежүзілік 12-ші Жастар мен студенттер фестивалінің дипломанты, «Үздік Мәдениет қызметкері» атағына ие, өте көне музыкалық аспап-шаңқобызда шебер ойнаушы Рысалды Әбдірасылованы өз өмірімде жолықтырған тағдырыма қатты ризамын...

***

Негізі, жомарттық деген – қолда бар-жоққа қарамайды. Ол жұртқа жариялауды да қажет етпейді. Ол тіпті жоспарлау дегенге де бағына қоймайды... Оны – қалтасы қалың адамдардың байлығының бір мөлшерін тиісті бір жерге апарып құйған әрекетімен мүлде салыстыруға болмайды. Әлбетте, бұл өмірде керек жерінде көмек қолын соза білгендердің бәріне рахмет, Алла разы болсын, әрине. Әйтсе де, жомарттық деген – адамгершілік атты кәусар дүниемен қатар тұрған өлшеусіз мықты, қазақтың жанына жақын, дархан рухани қасиет-ау деп ойлаймын. Өзіме ерекше әсер еткен тағы бір жайт – біздің елімізде емес, сонау Америка жұртында болған нәрсе. Америкалық режиссер, сценарист, актер Билли Боб – соңғы уақытта «Пещера, полная призраков» атты естелік кітабын жазған екен. Режиссер өз өміріне тоқталған кезде, «мен әрдайым оған лайық емес екенімді сезінетінмін...» деп ақтарыла сыр шертеді. Ол кезде Билли актриса Анджелина Джолиге үйленіп, бірге тұрып жатқан болатын. «...Ол кейде бала сияқты, кейде қыз, бойжеткен секілді, кейде көркем әйел, сұлу ана тәрізді – мол игі қасиеттердің иесі болатын» деп жазғанын оқығаным бар.... Ақыры, бірнеше жылдан соң... ерлі-зайыпты екі таланттың жолы екі айырылды... Бірақ олар бір-бірін қадірлеген сезімдерін сақтап қалды. Ал Анджелина мен Брэд Пит үйленген кезде, Билли қатты қуанады. «Міне, енді олар шын мәнінде бір-біріне сай тұлғалар...» деп, олардың некесін шын жүрегімен қабылдайды. Таң қалғаным, Биллидің – өз бағасын да біліп, әйелі-актрисаның болмысын, сұлулығын, талантын да бағалап, оның бақытты болғанын шын көңілмен қоштағаны. Бұдан оның азамат, еркек ретінде бағасы түсіп, кәсіби маман ретінде мәртебесі төмендеп қалған жоқ. Себебі талант дегенің – құлыптап ұстайтын құндылыққа жатпайды, ал адам – басқа адамның жеке меншігіне жаратылмаған болса керек... Осы арада, ақын, философ Қадыр Мырза-Әлінің – «еркектің байлығы – әйелдің сұлулығына татымайды» деген керемет сөздері де еске түседі. Айтары жоқ, махаббаттың да, сүйіспеншіліктің де, азаматтықтың да сынаққа түсетін сәттері көп-ақ...

***

Үшінші жәйт – өзім көрмеген, тек географиялық картадан таба алатын, алыстағы Австралияда соңғы кезде болған бір оқиға еді. MedikForum.ru порталы сондағы дәрігерлер бір жастағы сәбиді ажалдан аман алып қалды, – деп жазған. Ол сәбидің аты – Джексон Тейлор. Анасы әлгі ұлы Джексон және қызымен бірге Брисбен қаласында көлікпен келе жатып, қарсы бағыттағы автокөлікке соқтығысып, жол апатына ұшырайды. Соққының ауыр болғаны соншалық, сәбидің басы жұлынып кеткен. Тейлордың үзілген мойны мен басын тек терісі ғана жалғап тұрыпты... Білгір хирург Джефф Аскин шұғыл арада сәбиге операция жасайды. Тейлордың өмірі үшін бұл айқас алты сағатқа созылады. Баланың басына арнаулы аппарат кигізіліп, ол сегіз ай бойы бас пен мойынды «ұстап» тұратын болған. Содан соң сәби «өзге дені сау балалардай қатарға қосылады» деп мәлімдеген дәрігер. Бұл шын мәнінде өмірде сирек кездесетін таңғажайып операциялардың бірі шығар. Әйтеуір, солай болғай! Әйтсе де, австралиялық хирург Джеффтің тәжірибесі, іскерлігі біздің тиісті мамандарға да ой салып, әсер еткен болар деп ойлаймын. Өйткені үйренемін деген адамға, негізі, бұл дүниеде үлгі-өнеге аз болмаса керек.

***

Міне, жер бетінің үш түкпірінде болған, бір-бірімен мүлде байланысы жоқ осы үш бөлек нәрседе – бәрібір бір түбір, бір ұқсастық, бір жақындық бар тәрізді көрінеді маған. Ол – адамды сүю, оны шын құрметтеп өмір сүру, әрі адал еңбек ету. Кім болсаң да, қайда жүрсең де – Адам болып жаратылған соң, ең басты міндет те – осы болар. Және ең бағалы нәрсе сөз бен әңгімеде емес, іс пен әрекетте жатса керек деп топшылаймын.  

   Кәмила ҚҰДАБАЕВА,     

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Халықаралық В.Пикуль атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты