22 Қараша 2018, 10:43 966 0 Білім Аяулым САЛЫҚЖАНОВА

Көркемсөздің ерекше кеші

Өткен аптада Қазақстан Жазушылар одағында жазушы Дәурен Қуаттың «Бөрісоқпақ» және ақын Әлібек Шегебайдың «Ақ жауын» атты кітаптарының тұсаукесері өтті. Кешті Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан жүргізді. «Өзімізше отырайық» атты бұл әдеби кешке ой мен сөзді қадірлейтін жұртшылық көптеп жиналды. Домбыра, баян, гитараның әсем әуенімен әдемі әндер төгіліп, жүрекке жылы тиетін жырлар оқылды.

М.Қашқари атындағы және Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлықтардың лауреаты, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуаттың осыған дейін «Әлқисса» атты прозалық кітабы жарық көрген. Ал «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты хатшысы Әлібек Шегебай бұған дейін оқырмандар таразысына «Алакеуім», «Әйнекке түскен сәуле» қатарлы жыр жинақтарын ұсынған еді.

«Дәуреннің шығармаларын Асқар Сүлейменовтің жазғанына ұқсатамын. Не үшін? Қазір біз қандай заманда, қандай уақытта өмір сүріп жүрміз? Асқар Сүлейменов шығармаларындағы протест, сіздің жан дүниеңізде жатқан қопарылысты оятады. Тәуелсіздік декларациясын қабылдаған кезде Оралхан Бөкейдің айтқан жақсы бір сөзі бар: «Кеңес үкіметінің жаназасын Алматыдан шығардық» деген. Міне, Асқар Сүлейменов пен Дәурен Қуаттың қай шығармасын оқысаңыз да ана заманның жаназасын шығарып тастап отырады. Дәурен дәстүрлі қазақ әдебиетін де, әлем әдебиетін де жақсы біледі. Әңгімелерінің барлығында динамика бар, әңгімелеу мен суреттеу керемет қабысқан», – деді жазушы Жүсіпбек Қорғасбек.

Әр адам әдебиет сарайының ішіне кіріп, игі жақсылардың қасында жүріп, сөзін ескеріп, мазмұнды-мағыналы пікірін тыңдап, сананы өсіретін ойларға кезігіп жүре бергісі келетіні ақиқат. Әсіресе, осы кеште Әлібек Шегебайдың «Өмір» атты өлеңі жиналған жұртшылыққа жүрек сөзі сияқты естіліп, өзіндік өрнегімен терең ой салды.

Соңғы жаңалықтар