Дермене – дәрілік шөптің төресі

Дермене – дәрілік шөптің төресі

Дермене – дәрілік шөптің төресі
ашық дереккөзі
Біздің заманымызға дейінгі дәуірлерде дермене жусаны Жерорта, Каспий және Қара теңіздерінің жағалауларында, Орта Азия мен Қазақстан аумағында өскен. Дермене жусанының ежелгі отаны Палестина мен Мысыр аймағы деп есептелінеді. XIX ғасырдың бас кезінде Оңтүстік Қазақстан өңірінде өсетін дермене жусаны әлемге әйгілі болып, оны өндірістік негізде кеңінен пайдалану қолға алынған. Бұл өсімдіктің шипалық қасиетін қазақ халқы ерте кездерден-ақ біліп, оның қайнатылған тұнбасын, қоспасын түрлі ауруларға қарсы, әсіресе ішектегі құрттарды түсіру үшін пайдаланған. Ғылыми тұрғыда 1830 жылы дермене жусанының құрамынан алғаш рет кристалды «сантонин» деп аталатын шипалық қасиеті өте жоғары препарат алынды. Бұл препарат тек қана дермене жусанынан ғана алынады. Оны Калер мен Алемс деген ғалымдар арнайы зерттеп, дәлелдеген. Ал 1880 жылы орыс көпесі Савинков қазақ жерінде аса бағалы дәрілік шөптің өсетіндігін естіген екен. Артынша Шымкент қаласында дермене жусанынан сантонин өндіретін арнайы зауыт салынып, оның өнімі бүкіл Еуропаға экспорттала бастайды. Кеңес өкіметі жылдарында дерменені жинау және өңдеу бойынша бірнеше ірі шаруашылықтар құрылған. Дәрілік шөпті жинап, сырт елдерге тасымалдау XX ғасырдың 90-жылдарына дейін жалғасты. Дермене – асыл шөп. Бойы 50 сантиметрге дейін өсетін жартылай бұталы, көпжылдық өсімдік. Оңтүстік Қазақстанда, Арыс, Түркістан, Шаян аймағында жиі кездеседі. Улы өсімдік. Әсіресе гүл жармай тұрғанда, жапырақтарында улы зат – сантонин пайда болады. Сол себепті одан жасалған дәріні дәрігердің кеңесінсіз пайдалануға болмайды. Халық медицинасында оны жүрек талмасы бар науқастарға пайдаланады. Алдымен оның сабағының жоғары тұсындағы жапырақтарын гүлі ашылмай тұрған кезде жинап алады. Содан кейін гүлі мен сабақтарын жинайды. Демікпе, бронхит қабыну ауруларын емдеу үшін дермене тұқымын қайнатып ішкен. Ауру адам тез арада сауығып отырған. Дермене тұқымын мейізбен қосып, жаншып араластырып та пайдаланса, өкпе ауруына бірден-бір ем болып табылады. Дәрілік өсімдіктерді арнайы зерттеген көрнекті орыс ғалымы П.С. Массагетов 1924 жылы Қазақстанның шығыс өңірінен оңтүстік алқабына жасаған арнайы ғылыми сапарында қазақ халқының жергілікті жерде өсетін дәрілік өсімдіктердің шипалық қасиеттерін өте жетік білетіндіктеріне таңғалып: «Қазақтар өсімдік атаулыны қатты бағалайды, оған өте мән бере қарайды» деп жазған. Ол Қазақстанның оңтүстік аймағында өсетін дермене жусанын сипаттай келе, «Дермене – әсемдік пен сұлулықтың үлгісі… Көп жусанның ішінде дермене жусаны әртүрлі боз жылқының арасындағы асыл тұқымы сияқты» деп бағалаған. Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтің «Дермене» атты повесінде де осы шөптің аты аталады. «Жаңа жерге келгелі екі күн өткенімен, екеуі бір десте дермене ора алмады. Салқындау болар деп шайланы тігіп еді, түн баласы екеуі де елегізіп шықты. Бұл адырда ұры да, қасқыр да, жын-жыбыр, дию-пері де атымен жоқ деп, өзіне тығыла түскен немересінің көңілін қанша алдаусыратқанмен, шалдың өз басы әрбір тысырға құлақ түріп, бозторғай шырылдағанша көз іле алмады» деп, емдік шөпке деген қызығушылықты арттыра түскен болатын. 1978 жылы бұл шығармасы «Полынь» атауымен орыс тіліне аударылады. Дермененің орысшасы «дармина» не «полынь» деп аударылады. Оның дермене деп аталып кетуі де қызық. Ерте кездерде дәрілік өсімдіктерді іздеп келген басқа ұлт өкілдері жергілікті тұрғындардан «қандай дәрілік өсімдіктерді білесіңдер?» деп сұраған кезде, «дәрі міне» деп, дермене жусанын көрсеткен екен-міс. Оның атауы «дәрі міне» сөз тіркесінен алынып «дермене» деп аталып кеткен. Жалпы, дүниежүзінде өсетін жусанның 500-дей түрінің 81 түрі Қазақстан аумағында өседі. Дәрілік шикізат ретінде тамырымен есепсіз жұлынғандықтан, бүгінде дермененің қатары қатты сиреген. Елімізде шағын алқапта өсетіндіктен әрі сирек кездесетіндіктен 1981 және 2014 жылдары Қазақстанның Қызыл кітабына жойылып кету қаупі төнген түр ретінде тіркелді. Бұл өсімдік түрін қорғау және сақтап қалу, қорын молайту мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысында 1967 жылы республикалық мәні бар арнайы Задария, Ақдала (Арыс ауданы), Жамбыл (Бәйдібек ауданы) және Темір (Отырар ауданы) ботаникалық табиғи қорықшалары ұйымдастырылған. Арыс өзенінің бойында Дермене деп аталатын ауыл да бар. Оның Дермене деп аталуы да дәрілік жусанның арқасында. 1974-78 жылдар аралығында сол кеңшар фармацевтикалық өндірістің дамуына қосқан қомақты үлесі үшін КСРО аймағына танымал болған, миллионер ауыл атанған. Ауыл маңында өсетін дәрілік шөптер кеңестік кезеңнің өзінде Қызыл кітапқа енгізілген. Бүгінде дермененің табиғи өсімі тіптен азайып кеткен, өсімдік мемлекет қорғауына алынған. Судың да сұрауы бар екендігі ескерілмегендіктен, табиғат сыйға тартқан қымбат дәрілік шөп те күтіліп-өсірілмеген күйі жұлына берген. Әйтпегенде қазір де қандай ем, қандай пайда әкелер еді қазаққа?!