__Басты слайдерҚоғамСаясат

Төл теңгенің туған күні

15 қараша тәуелсіздігіміздің төл нышаны, ұлттық валюта – теңге күні. Биыл ұлттық валютаның шығарылғанына 25 жыл. 1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып, 15 қараша күні теңге ресми айналымға енді.

Теңге айналымға енердің алдында үш күн бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлық шығарған болатын. Жалпы, төл теңгемізді дайындау жұмыстары 1992 жылы қолға алынып, сол жылдың 27 тамызында Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ал ертеңінде қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлелов Англияға аттанды. 1993 жылы алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылды. Теңгені елге тасымалдау үшін төрт ИЛ-86 ұшағы Тұманды Альбион еліне 18 мәрте қатынады. Төл валютамыздың алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілген еді. Бұл жайында Н.Назарбаев өз естеліктерінде: «Ил-86» төрт ұшағын жалдап алып, ақшамыздың 60 пайызын тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қойма жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон-Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі он сегіз рейс жасап тұрды. 12 қарашаны мен ақшаны енгізу күні деп жарияладым. Жиырма күнге жетер жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны ақшаны барлық аудандарға, барлық банктерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім дүниежүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар», – дейді.

Ең алғашқы теңгеде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай хан бейнесі сомдалды. Кейіннен теңгедегі тарихи тұлғалардың бейнелері алынып тасталды. Дегенмен бүкіл әлемнің банкнот коллекционерлерінің тәуелсіз бірлестігі болып табылатын Халықаралық банкнот қоғамдастығы жыл сайын интернет-дауыс беру арқылы жылдың ең үздік банкнотын таңдайтындығы белгілі. «2011 жылғы ең үздік банкнот» атағын 2012 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 10 000 теңгелік ескерткіш банкнотына берген болатын. Келесі жылы да Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің «Қазақ Елі» сериясынан номиналы 5 000 теңгелік банкноты екінші рет «2012 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді. Ал Түркі жазба ескерткішіне арналған, номиналы 1 000 теңгелік «Kүлтегін» ескерткіш банкнотына берілген үшінші «2013 жылғы ең үздік банкнот» атағы тәуелсіз Қазақстан жылнамасындағы тарихи маңызды сәт болды. Өйткені осы кезге дейін бірде-бір елдің ұлттық валютасы үш марапат алып көрген емес.

Қазақстандық банкноттар 15 деңгейлі қорғаныс қабатына ие. Қолдан жасау мүмкіндігі барынша шектелген қаржылық айналым құралы болып саналады.  Қазақтың қазақтығын, азаттығын танытатын  ұлттық валютамыздың бәсі биік, қадірі асқақ болсын!

Back to top button