Әдебиет – алтын көпір

Әдебиет – алтын көпір

Әдебиет – алтын көпір
ашық дереккөзі
Жуырда Алматыда БАҚ өкілдері мен баспагерлерге арналған «Әдебиет – алтын көпір» атты дөңгелек үстел өтті. Аталған шараны Халықаралық «Шығыс әдебиеті және өнері» баспасы ұйымдастырды. Дөңгелек үстелде баспа ісі мен кітап шығару үшін шет мемлекеттермен тәжірибе алмасу, осы заманғы аударма мәселелері талқыға салынды. «Қазірде әлем бойынша цифрлы технологиялардың даму қарқыны өте жоғары. Бір ғана құрылғының ішіне жүздеген, тіпті, мыңдаған кітап сыйып кетеді. Сол себепті, қағаз кітаптар мен газет-журналдарға деген сұраныс төмендеді. Бірақ «болашақта қағазға сұраныс болмай, олар жойылады» деген пікір қате», – дейді дөңгелек үстелдің модераторы Нұрғиса Сақ. «Шығыс әдебиеті және өнері» баспасы Қытай, Ресей, Қырғызстан елдерінде жұмыс істейді. Қазақстанда ашылғанына бір жыл болды. Соған қарамай баспа 11 кітапты тәржімалап үлгерген. Олардың қатарында әлемге танымал бизнес-бестселлер мен қытай өнері мен әдебиетіне қатысты туындылар бар. Алдағы жылдары қазақтың үздік ақындары мен жазушыларының топтамаларын қытай тіліне аудару жоспарланып отыр. Бас редактор Гүлнұр Қыранбайқызы: «Түрлі заманауи технологиялардың дамып жатқанымен қоса баспа ісі де өркендеу үстінде. Қазір әлемдік тенденцияға сай кітаптарды жеңіл, сапалы, таза табиғи өнімнен басып жатырмыз. Мұндай кітаптар бірнеше жылдан бері бар. Бірақ, қарапайым адамдарға қолжетімді бағада болмап еді», ‒ дейді. Дөңгелек үстелге қатысушыларды қызықтырған ‒ аударма мәселесі. Баспа аударманың сапалы болуы үшін кәсіби аудармашылармен келісім-шартқа отырған. Сонымен қатар оқылым, сұраныс сынды түйіткілді де айналып өткен жоқ. «Біздің елімізде де «Шығыс әдебиеті және өнері» Баспа компаниясынан» жарық көрген кітаптарға сұраныс жоғары. Әсіресе, Цин Юйцай, Чжоу Гупин, Ло Вэйдун құрастырған «Бір белдеу – бір жол» кітабына қызығушылық танытып жатқандар көп», ‒ дейді Гүлнұр Қыранбайқызы.