Түлеген, түрленген  Түркістан

Түлеген, түрленген  Түркістан

Түлеген, түрленген  Түркістан
ашық дереккөзі
723
Түркістан қаласы экономикалық-әлеуметтік һәм мәдени-рухани жағынан дамуға бет алды. Қасиетті шаһар облыс орталығына айналғалы бері түрлі халықаралық басқосулар мен шаралар жиі өтуде. Соның бірі халықаралық журналистер форумы. Бұл алқалы жиын жаңадан тұсауын кескен «TÚRKІSTAN MEDIA» халықаралық орталығы мен «TÚRKІSTAN» интеллектуалды клубында өтті.

«Túrkіstan media» халықаралық орталығы ашылды

Салтанатты шараға елімізбен қатар Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Татарстан және Қырғызстан республикалары ақпарат құралдарының жетекшілері мен өкілдері қатысты. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жаңа орталықтардың жұмысына сәттілік тілеп, бұл қадам Түркістанның Түркі әлемінің рухани әрі ақпараттық орталығына айналуына серпін беретінін жеткізді. Медиа орталықта брифинг және шағын кеңестер өткізуге толық жағдай жасалған. Жұмыс істеуге қажетті жаңа жиһаздар, компьютерлер және ғаламтор желісімен толықтай қамтылған. Мұнда Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі, Түркістандағы Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дiң студенттерінен құралған ерікті жас журналистер клубы жұмыс істейді. 70 адамға лайықталған залда конференциялар мен түрлі жиындар ұйымдастырылады. Форумның мақсаты – Түркістан облысының басты брендін қалыптастыру, облыстың оң имиджін көтеру, сондай-ақ, Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру, өңірдегі игілікті істерді түркі тілдес елдердің БАҚ-та тарату және өзге мемлекеттерімен ақпараттық салада ынтымақтастықты арттыру. Сонымен қатар, өңір журналистикасын дамыту бағытындағы тың идеялар мен бастамаларды жүйелеу де көзделген. Форумның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жиынның маңыздылығына тоқталып, медиа кеңістікті дамыту, киелі шаhарды Түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру жолында осындай келелі кеңестердің оң ықпал ететінін айтты. «Елбасымыз Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани орталығына және әлем туристері келуге асығатын қалаға айналдыру жөнінде тапсырма берген болатын. Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында да туризм мәселесіне ерекше тоқталды. Туризмді дамытуда ақпараттық маңызы зор. Бүгін шетелдік ақпарат құралдары өкілдерін, еліміздің жетекші телеарналары мен басылымдарының басшыларын, өңірдегі редакторлар мен журналистердің басын қосудағы мақсатымыз да – бірлесіп жұмыс істеуге шақыру. Облысты дамыту һәм түлету бағытындағы ой-пікірлерін білу. Қаланы көркейтуге және журналистиканы дамытуға арналған ұсыныстарды тыңдауға әзірміз. Бүгінде облыс орталығына мемлекеттік қызметкерлермен қатар бірқатар журналистер көшіп келді. Олар Түркістанның жаңа жылнамасын жазып жатыр. Сіздерді де Түркі әлемінің рухани орталығына жұмыс істеуге шақырамын. Бүгінгі форум журналистер қауымына тың серпін беріп, жаңа шығармашылық ізденістерге жетелейді деп сенемін. Тәжірибе алмасу, пікірлесу, ақылдасу арқылы журналистика дамиды. Форум жұмысына сәттілік тілеймін!», – деді Ж.Қансейітұлы. Осы форумға түркітілдес елдерден арнайы шақырылған ақпарат құралдарының жетекшілері мен өкілдері алдағы уақытта облысты халықаралық деңгейде насихаттауға үлес қоспақ. Сондай-ақ, шынайы әрі сапалы ақпарат арқылы туризмді дамытып, инвестиция тартуға көп көңіл бөліп отырғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, форум барысында Қазақстанға белгілі журналистер мен шетелдік БАҚ өкілдері осындай еркін пікір алаңын құру ақпарат кеңістігінің ашықтығын одан әрі арттыруға мүмкіндік беретініне назар аударды. Басқосуда «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Шәмшидин Паттеев, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары Айбын Шағалақ, «Ел арна» телеарнасының директоры Арман Сейітмамыт, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, «Tengrinews.kz порталының бас директоры Сұңқар Қарабалин, «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Смайл Срайл, «Қазақпарат» ХАА бас директорының кеңесшісі Қаламқас Әбуова, Түркияның «ТRT» телекомпаниясының Қазақстандағы өкілдігінің директоры Абдулхамит Авшар, Әзірбайжанның ITV телерадиокомпаниясының Қазақстандағы өкілі Фузули Мажидиоглу, Қырғызстанның «Кабар» ұлттық ақпарат агенттігінің ІТ департаментінің директоры Калнур Жаныбаев, Татарстанның «Татар-информ» Халықаралық ақпарат агентігі Бас директорының орынбасары Рамис Латипов, «ЗАҢ» медиа-корпорация» ЖШС бас директоры Досымбек Қонысбекұлы сөз сөйлеп, ақпараттық саланы жетілдіру бағытындағы ойларын ортаға салды. Түркістан қаласын көркейту бойынша да өз ұсыныс-пікірлерін айтып, түркістандық журналистермен пікір алмасты. Медиа орталық арқылы түрік, әзірбайжан, орыс, өзбек, қырғыз тілдерінде ақпарат таратылады. Сондай-ақ, бұл жұмыстарды жүргізуге Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-да оқитын түркітілдес елдердің студенттері ерікті түрде атсалысады. Сонымен қатар, Қазақстан мен Түркістан облысы туралы ақпараттарды ағылшын тілінде де тарату көзделіп отыр. Яғни, қасиетті қалаға келген отандық және шетелдік журналистер ақпарат таратуда орталықтың қызметін ақысыз пайдалана алады. Түркістанның қызықты тарихы мен туристік орындары насихатталады. Сонымен қатар, түркі мәдениеті мен руханиятын, бауырлас халықтардың бірлігін нығайту бағытында да ақпараттық қолдау көрсетілмек. Екі тарап ақпарат алмасу, өзара байланысты дамыту жолында ынтымақпен әрекет етуді көздеп отыр. Журналистика саласындағы жаңа технологияларды меңгеру, тәжірибе алмасу мәселесіне де көңіл бөлінеді. Осы арқылы Түркістан облысы мен Түркістан қаласының туристік әлеуеті жоғарылап, инвестициялық тартымдылығын арттыруға үлес қоспақ. Сондай-ақ, форумда Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда БАҚ өкілдеріне де үлкен жауапкершілік жүктелетіні айтылды. Қатысушылар журналистика саласындағы соңғы жаңалықтарға тоқталып, жаңа ақпарат кеңістігінде Түркістанның журналистикасы заман көшінен қалмайтынына сенім білдірді. Киелі мекеннің туристік және рухани әлеуетін көтеруде осындай форумдардың оң серпін беретінін атап өтіп, ақпарат айдынында Түркістанның дамуына қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді. Ал «TÚRKІSTAN» интеллектуалды клубында түрлі тақырыптарда басқосулар, «дөңгелек үстел» мәжілістері мен ел руханиятына оң ықпал ететін жиындар өткізіледі. Еліміздің интеллектуалды тұлғалары клубтың отырысына арнайы шақыртылып, түрлі ойлары мен ұтымды ұсыныстарын ортаға салады. Бұл кездесулер телеарналар мен әлеуметтік желілерде арнайы бағдарлама ретінде көрсетіледі. Іс-шара барысында бірнеше мемлекеттің БАҚ жетекшілерімен меморандумға қол қойылды. Осы құжат негізінде Түркияның «TRT» телекомпаниясының Астанадағы өкілдігінің директоры Абдулхамит Авшар мен Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев БАҚ саласындағы әріптестік және іскерлік байланыс орнату жөніндегі меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Татарстан және Қырғызстан республикаларының жетекші ақпарат құралдары мен Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасы арасында әріптестік байланыс орнатылды. Меморандумға қол қойған шетелдік БАҚ жетекшілері мен өкілдері Түркістанның туризм және Түркі әлемінің рухани орталығына айналатынына сенім білдіріп, ақпараттық қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді. Нәтижесінде тарихи қалаға әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшылар саны көбеймекші.

2025 жылы 5 млн турист келеді

Биыл Елбасы Н.Назарбаев Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани, әрі ірі туристік орталығына айналдыру жөнінде тапсырма берген болатын. Бүгінде өңірде осы бағытта белсенді жұмыстар жүргізілуде. Туризм индустриясын дамытуға бағытталған 2019-2025 жылдарға арналған бағдарлама қолға алынбақ. Жыл басынан бері Түркістанға 1 миллион турист келіп, өткен жылмен салыстырғанда 57,2 пайызға өсті. Ал 2025 жылға қарай туристердің санын 5 миллионға жеткізу көзделіп отыр. Халықаралық медиа форумда жасалған бүгінгі меморандум Түркістан қаласының оң имиджін қалыптастырып, туризмін дамытуға серпін береді деген сенім мол. Айта кетейік, форум қарсаңында Түркістанда «TÚRKІSTAN MEDIA» халықаралық орталығы ашылды. Енді қалаға сапарлап келген шетелдік және отандық журналистер осы орталықтың қызметін пайдалана алады. Жыл соңына дейін Түркістан облысында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 46 жоба мен 168 іс-шара өткізу жоспарланған. Бұл туралы бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Орталық коммуникациялық қызметі ұйымдастырған брифингте мәлімдеді. Аймақ басшысы өз сөзінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының барлық басым бағыттары бойынша атқарылған нақты жұмыстар мен жүзеге асырылған ауқымды жобаларға кеңінен тоқталды. «Елбасы өз сөзінде Түркістан облысының құрылуы рухани жаңғырудың басты, құнды шешімдерінің бірі екеніне тоқталып, Түркістанды түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру қажеттігі туралы нақты міндет қойды. Осы тапсырманы орындау мақсатында облыстағы қасиетті, киелі орындар мен туристік маңызы бар ескерткіштер бойынша 21 бағытта туристік маршруттар ашылды. Түркістан өңірі мен Қазақстанның киелі жерлері картасына енген нысандар туралы бірнеше тілде арнайы роликтер және «Ontustik TourAudio» мобильді қосымшасы әзірленуде. Одан бөлек, киелі жерлер туралы ақпарат алудың қолжетімділігі, туризм саласының әлеуетін арттыру мақсатында туристер жиі баратын 35 туристік нысанда QR-кодтар орнатылды. Кеше ғана тарихи шаһарымызға миллионыншы турист аяқ басты. Бұл көрсеткішті өткен жылмен салыстырсақ, 57,2 пайызға өскенін аңғарамыз. Ал алдағы межеміз, 2025 жылға қарай қаламызға келетін туристер санын 5 миллионға жеткізу көзделіп отыр», – деді Жансейіт Қансейітұлы. Сонымен қатар, облыс әкімі биыл «Туған жер» жобасы аясында Түркістан өңірінде кәсіпкерлердің қатысуымен жалпы құны 28 млрд теңгеден асатын 428 нысан салынып жатқанын айтты. Бүгінде оның 23-і іске қосылған. Сондай-ақ, ұрпақты білімді әрі рухани бай етіп тәрбиелеу бағытында өлкенің тарихын кеңінен тану, зерттеу мақсатында оқушыларға арналған «Өлкетану» оқулығы дайындалды. Одан бөлек, Түркістан қаласы бойынша тарихи-мәдени ескерткіштердің жинағы басылатын болады. Облыстағы айрықша маңызы бар тарихи-мәдени сәулеттік және археология ескерткіштерінің фотоальбомы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жасалынып, «Оңтүстіктің қасиетті орындары: аңыз-әпсаналар жинағы» мен «Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи орындары мен киелі жерлері» кітабы жарық көрді. Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ордабасы – бірліктің туы» атты аннимациялық фильмнің түсірілімі аяқталып отыр. Сондай-ақ, «Түркістан», «Оқсыз» аннимациялық фильмдері мен «Төле би» телесериалының түсірілім жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге облыста ұмытыла бастаған салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғырту мақсатында және өңірдің туристік әлеуетін көтеру бағытында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, өңірдің табиғи және географиялық ерекшеліктеріне қарай әрбір аудан қалада бір-бірден «Наурыз Қазығұрттан басталады», «Қызғалдақ фестивалі», «Қымызмұрындық», «KASKASU» суретшілер планэрі», «Агро fеst», «Safari Shardara» жобалары сәтті жүзеге асырылды. Алдағы уақытта «Қасқасуға қар түсті», «Қасқасу мен Біркөлік арасындағы шаңғы шаттығы» байқауы, «Тау самалы – жан самалы», «Салбурын – саятшылық мерекесі» және «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Ұлттық қолөнер – ұлы мұра» атты іс-шараларын ұйымдастыру жоспарланған.

Логотип байқауы басталды

Түркістанда өткен «TÚRKISTAN: JAŃA AQPARATTYQ KEŃISTIK» атты халықаралық журналистер форумында «Түркістан облысының логотипі» және «Түркістанды көркейту жөніндегі идеялар банкі» атты байқаулар жарияланды. Байқаулардың шарты және мақсатымен Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев таныстырды. «Түркістан облысының логотипі» байқауының мақсаты – Түркістан облысы мәртебесіне ие болу құрметіне орай Түркістан облысы әкімдігінің жаңа логотипін қалыптастыру. Сол төлтаңба арқылы Түркістанның брендін қалыптастырып, Қазақстан мен шетелге таныту және ғаламтор желісінде өзіне тән оң имиджін көтеру де көзделген. Бұл төлтаңбада облыстың өткені мен бүгіні, өңірдің өзіне тән ерекшелігі, қазақ халқының ұлттық болмысы көрініс тауып, дизайнерлік шеберлікпен үйлесуі тиіс. Сапалы әрі тартымды логотип туризмді дамытуда және инвестиция тартуда да маңызды міндет атқарады», – деді Б.Тәжібаев. 2018 жылдың 1 қараша мен 20 желтоқсан аралығында өтетін «Түркістан облысының логотипі» байқауына суретшілер, дизайнерлер және кез келген ынталы азаматтар қатыса алады. Байқауға қатысу үшін құжаттарды Түркістан облысы ішкі саясат басқармасына тапсырады. «Түркістан облысының логотипі» сайысының жалпы жүлде қоры – 1 млн теңге. «Түркістан облысының логотипі» бәйгесіне бас жүлде, 1-2-3-орындар беріледі. Сонымен қоса, ынталандыру сыйлықтары бар. «Түркістанды көркейту жөніндегі идеялар банкі» байқауының мақсаты – Түркістан қаласын дамыту, сәулеттік келбетіне, көркейту, абаттандыру, бәсекеге қабілетті «ақылды қалаға» айналдыру бағытындағы үздік ұсыныстар мен идеяларды жинақтау. Бұл байқау ағымдағы жылдың 1 қарашадан 2019 жылдың 15 наурызына дейін жалғасады. Байқауға еліміздің барлық азаматтардың қатысу мүмкіндігі бар. Озық ойлы азаматтар «Түркістанды дамыту үшін не істеу керек?» деген сұрақ төңірегінде ой өрбітіп, баспасөзге немесе әлеуметтік желіге жариялайды. Үздік идеялар қолданысқа енгізілуі де мүмкін. Байқаудың жеңімпаздарын анықтау үшін арнайы әділқазы алқасы құрылады. Қатысушылар «Түркістанды көркейту үшін не істеу керек?» деген сұраққа өз ұсыныстары мен идеяларын дайындауы тиіс. Байқау қатысушыларына өз идеялары бойынша шарттар және талаптармен шектеу қойылмайды. Кез келген қатысушы өз идеясын жүзеге асыруға еркіндігі бар. Алдағы уақытта екі байқаудың да толық шарттары басқарманың ресми парақшасы мен ақпарат құралдарында жарияланады. Жеңімпаз бен жүлдегерлер қаржылай жүлдемен қатар ынталандыру сыйлықтары және дипломмен марапатталады.

Қасиетті қала қалай дамиды?

Түркістан қаласының 2018-2021 жылдарға арналған даму концепциясы жасалынып, Түркістан қаласын 3 аймақ бойынша дамыту жұмыстары әзірленуде. Атап айтқанда, тарихи киелі аймақ – 89 гектар; құрылыс салуды реттеу аймағы – 98 гектар; әкімшілік-іскерлік орталығы – 700 гектар аумақта орналасқан. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев 3 аумақ бойынша бой көтеретін ғимараттарды атап өтті. «Бірінші аймақ: Түркістан қаласындағы тарихи киелі аймақта орналасқан Х.А. Ясауи кесенесінің аумағындағы 89 гектар жер теліміне амфитеатр, су бұрқақтары, мәдени демалыс орындары, визит орталығы және ашық аспан астындағы мұражай ғимараттары бой көтеретін болады. Екінші аймақ: құрылыс жұмыстарын реттеу аймағына «Қазақстан-Назарбаев» орталығы, «Қазақ хандары, билері» орталығы, Шығыс моншасы, «Ұлы дала елі» орталығы, Түркі әлемінің орталығы, Х.А. Ясауи орталығы, Астана саябағы, Бейнелеу-өнер мұражайы және Тарихи-мәдени орындар орталығының ғимараттары салынады. Үшінші аймақ: әкімшілік іскерлік орталығын дамыту аймағында 700 гектар жер телімін 3 кезеңге бөліп қарастырылуда», – деді Жансейіт Қансейітұлы. Қазіргі таңда Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамытудың бас жоспары тұжырымдамасын әзірлеу мақсатында конкурс ұйымдастырылып, өткізілді. Барлығы 22 жоба жолданса, оның 15-і заңды тұлғалар және 7-уі жеке тұлғалар конкурсқа қатысты. Соның ішінде Түркиядан-2, Корея елінен-2, Өскемен қаласынан-1, Алматы қаласынан-6, Астана қаласынан-6, Шымкент қаласынан-4, Түркістан қаласынан-1. Мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес, 2018 жылдың 29 қыркүйек күні Елбасының Түркістан облысына іс-сапар барысында Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау туралы ҚР Президентінің Жарлығы жарық көрді. Тұжырымдамаға сәйкес, халық санының өсуіне байланысты мынадай жобалық кезеңдер қабылданды: бастапқы мерзім – 2018 жылы 161 мың адам; есептік мерзім – 2035 жылы 350 мың адам; болжамдық мерзім – 2050 жылы 500 мың адам қамтылады. Қаланың аумағын дамытудың жалпы аудан перспективасында 500 мың адамды құрайтын халықтың саны үшін 25 000 гектар жер көлемі қажет етеді. Қаланың жаңа құрылысының сәулет стилі жергілікті ұлттық салт-дәстүрге сүйенетін болады. Жоспарлау құрылымының негізгі қағидаты қаланың барлық тұсынан көрінуге тиіс Қожа Ахмет Ясауи кесенесі болып табылады. Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес, 2018-2022 жылдары 170 инвестициялық жобалардың жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуі тиіс. Инвестициялық жобалардың ЖСҚ-ы мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі және жеке инвестициялар арқылы әзірленетін болады. Кешенді жоспарда, іске асырылатын инвестициялық жобалардың жобалау-сметалық құжаттамалары денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім беру, мәдениет, спорт, туризм, тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, әкімшілік ғимараттар, құқық қорғау салаларында әзірленеді. Сондай-ақ, Елбасының Жарлығына сәйкес, «Түркістан» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Қаланы индустриалды-инновациялық бағытта дамытуды көздейтін аумақта жаңа кәсіпорындар салу ісі жоспарлануда. Оның ішінде ҚР Президенті Түркістан облысына іс-сапары барысында бірқатар ұлттық компанияларына, бизнес өкілдері мен шет елдердің инвесторларына 16 нысанды салу бойынша ұсыныстар жасалынды. Сондай-ақ, республикалық маңызы бар қалалардың және облыс әкімдіктерімен 13 құрылыс нысандарын салу көзделуде. Түркістанда кең көлемде тойланған «Қала күні» мерекесінде 120 адамға арналған алты қабаттан тұратын алғашқы бес жұлдызды қонақүйдің құрылысы басталды. Сондай-ақ, сол күні облыс әкімі Жансейіт Түймебаев заманауи талаппен жабдықталған, тәулігіне 60 адамға қызмет көрсететін қонақүйдің тұсауын кесті. Салтанатты шарада облыс басшысы бұл аталған нысандардың салынуы – Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени астанасы етудің алғышарты екенін атап өтті. Атап айтқанда, түркі әлемінің мәдени астанасы атанған Түркістанда алғашқы RIXOS KHADISHA TURKESTAN бес жұлдызды қонақүйінің құрылысы басталды. Қонақүйдің іргетасына капсула салу рәсімін жасаған Жансейіт Қансейітұлы кешеннің жобасымен танысып, құрылыс жұмыстарын салтанатты жағдайда бастап берді. «Біздің облыс – тарихи-мәдени мұралар мен ескерткіштерге бай өңір. Мұндай жерлерге туристер көптеп ағылатыны мәлім. Сондықтан да, біз туристік инфрақұрылымды барынша жақсарта түсуіміз керек. Яғни, шетелдік қонақтарды жоғары деңгейде күтіп алу үшін өңірдегі әуежай және теміржол желілерінде сапалы қызметтер көрсетілуі тиіс. Бұл тұрғыда қонақүйлердің де деңгейі жоғары болуы үлкен мәнге ие. Демек, қаламыз қонақтардың жүріп-тұруына ыңғайлы болса, келетін туристердің саны да арта түседі. Осы ретте, өз қаражаты есебінен осындай зәулім ғимарат салғалы жатқан Серікжан Сейтжанов мырзаға алғыс білдіремін», – деді Ж.Түймебаев. Айта кету керек, 120 орынға шақталған қонақүй 3 гектар аумақта бой көтереді. 6 қабаттан тұратын ғимаратта 3 бірдей мейрамхана, кинотеатр және іскер топ өкілдері үшін бизнес орталықтар жоспарланған. Жобаның жалпы құны – 10 млрд теңге. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2019 жылдың желтоқсан айында аяқталмақ. Бұдан соң аймақ басшысы құрылысы 2016 жылы басталған ROYAL GRAND HOTEL қонақүйінің ашылуына қатысты. Жаңа ғимараттың жалпы аумағы – 1,5 мың шаршы метр. Қонақүй тәулігіне 60 адамға қызмет көрсетеді. Озық құрал-жабдықтармен қамтылған қонақүй кешенінде кіші маркет, шашта-раз, дәмхана, монша және дәріхана жұмыс істейді. Одан бөлек, мұнда қонақтарға арналған жеке автотұрақ қарастырылған. Жиын барысында облыс әкімі атқарылып жатқан бұл шаралар – Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени астанасы етудің алғышарты екенін атап өтті. Елбасының Түркістанды облыс орталығы деп жариялауы бекер емес. Бұл қаланы түркі әлемінің рухани, мәдени орталығы ету – алға қойған басты мақсаты-мыздың бірі. Өйткені мұнда өткеннен сыр шертетін түркітілдес халықтарға ортақ мәдени мұралар мен тарихи ескерткіштер орын тепкен. Сондай-ақ, біздің рухымыз бен беделімізді асқақтатып тұрған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің орны бір төбе. Себебі қазақ тарихында өшпес із қалдырған 21 хан, 19 би, 52 батыр, 8 сұлтан мәңгілік мекенін осы киелі топырақтан тапты. Барлығы біздің осылай бақытты өмір сүруімізге өлшеусіз үлес қосқан асыл тұлғалар. Ендеше, біз бейбіт заманда ата-баба аманатына адалдық танытып, туған өлкемізді түлетуге барлығымыз атсалысуымыз қажет, – деді Жансейіт Түймебаев. Мерекелік шара барысында өңір басшысы қаланың экономикалық дамуына үлес қосып жүрген 11 адамды Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», 12 адамды «Түркістан қаласының дамуына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапаттады. Рәсімнен соң танымал өнерпаздар жиналған жұртшылыққа ән мен жырдан шашу шашты. Айта кету керек, халықаралық түркі әлемінің форумына келген Түркия, Үндістан, Өзбекстан, Болгария, Иран, Ресей, Дағыстан елдерінің әдебиетшілері мен ақын-жазушылары «Қала күніне» арналған мерекелік шараға арнайы қатысты. Одан соң, өңір басшысы мәртебелі меймандарды жеке қабылдап, түбі бір тарихы ортақ бауырлас елдер арасындағы ғылым мен мәдениет саласындағы өзара байланыстарды нығайту жайында пікір алмасты.

Білім саласы: қарқын алған цифрландыру

Түркістан облысы білім саласындағы цифрландыру жүйесін республикада ең бірінші қолға алған өңір. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен жүзеге асқан бұл жүйе білім саласындағы ашықтық пен қолжетімділікке бағытталған. Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова осылай мәлімдеді. Оның айтуынша, облыстағы 1371 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына 140 034 бала қамтылған. «Бүгінгі таңда «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына жолдама беру және кезекке қоюды автоматтандыру» жобасына – 481 мекеме, яғни 35 пайызы қамтылған. Balabaqsha.sitcen.kz порталына қосу арқылы 2018 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, мектепке оқушыларды электронды қабылдау жүйесі бойынша ағымдағы жылдың шілде айынан бастап облыстағы 902 мектептің барлығы mektep.sitcen.kz порталы арқылы білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау сынды қызметтер автоматтандырылды. Аталған жүйе Түркістан облысының барлық аудандарындағы мектептерінде қосылып, бүгінгі күні жүйе арқылы 54 751 оқушы электронды түрде 1-сыныпқа қабылданды», – деді Ардақ Мәдіханқызы. Айта кетерлігі, жүйенің тиімділігі ата-ана мектепке бармай-ақ үйінде отырып қалаған мектебіне 1-сыныпқа қабылдауға өтініш беріп, өтінімнің қабылданғаны туралы хабарлама ала алады. Сол сияқты Түркістан облысының барлық мектептеріне jumys.sitcen.kz порталы арқылы қатардағы қызметкерлер мен педагогтарды жұмысқа қабылдаудың автоматтандырылған жүйесі енді. Аталған жүйе жалпы орта білім беру ұйымдары педагогтарын жұмысқа қабылдауды және мектеп ди⁠ректорларын конкурстық тағайындау барысын автоматтандырады. Сондай-ақ, білім ұйымдарындағы техникалық қызметкерлердің бос орындары жайлы хабарламалар орналастырылған. Білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықованың айтуынша, бүгінгі күнге дейін аталған электронды жүйеде 1571 педагог пен техникалық қызметкердің бос жұмыс орындары туралы хабарлама жарияланған. «Қазіргі таңда jumys.sitcen.kz порталы арқылы 837 адам жұмысқа орналасқан. Жүйеге жалпы жұмыс іздеушілер тарапынан қызығушылық танытып, бүгінгі күні 62 778 қолданушы тіркеліп отыр. Сондай-ақ, 4632 жұмысқа қабылдау туралы өтініш келіп түскен. Сонымен қатар, 2019 жылдан бастап дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттарына қабылдау mektep.sitcen.kz порталы арқылы жүзеге асырылатын болады. Аталған жүйеде мектепке қабылдау конкурсын өткізу толық автоматтандырылған», – деді Ардақ Мәдіханқызы. Айта кетерлігі, ата-ана өзінің баласын портал арқылы кез-келген дарынды балаларға арналған мектепке конкурсқа қатыстыра алады және порталдағы онлайн тестілеуден жоғары балл алған бала мектепке қабылданады. Сонымен қатар, облыстағы мектептер «Bilimland» цифрлық білім беру ресурстарымен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылдан бастап, күні бүгінге дейін 594 000 сабақ қаралымы болды. Облыстық бюджеттен цифрлық білім беру ресурстарымен қамтамасыз ету мақсатында 1500 дана «Bilim Book» компьютер-планшет шалғай ауылдағы 195 мектепке таратылып, цифрлық білім беру ресурстарына интернетсіз қол жеткізуде. Тағы бір маңызды жайт, алдағы жылы Түркістан облысының білім саласында педагогтардың аттестациясын және олардың білім жетілдіру курстарынан өтуін автоматтандыру, білім ұйымдарындағы кітап қорын пайдалануды және оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуын автоматтандыру жүйелері жүзеге асады деп жоспарлануда. Аталған жоба білім саласындағы сыбайластық заңбұзушылықты тоқтатуға үлкен серпін береді.  

Серіктес жаңалықтары