Қарағандыда соғыс ардагері 100 жасқа толды

/
Қарағандыда соғыс ардагері 100 жасқа толды
Қорғаныс министрлігі

Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы полковник Қайрат Тәттекенов майдангер Александр Ильич Балабасқа Қорғаныс министрінің құттықтау хатын табыстады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қорғаныс ведомствосының өкілі мерейтой иесіне ерлігі, батылдығы мен Отанға адал қызметі үшін шынайы алғысын жеткізді.

– Сіздің өмір жолыңыз – табандылықтың, еңбекқорлық пен елге деген адалдықтың үлгісі. Сол себепті талайлы  тағдырыңызды келешек ұрпаққа жеткізу маңызды деп білеміз, – деді ол.

Александр Ильич Балабас 1926 жылы дүниеге келген. 1942 жылы 5 сыныпты аяқтағаннан кейін шахтада маркшейдерлік бөлімде сызбашы болып еңбек жолын бастады. 1943 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылды. Оқуын аяқтаған соң 1944 жылы даңқты маршал Константин Рокоссовскийдің қолбасшылығындағы 2-Беларусь майданы 1-Брест дивизиясының 415-атқыштар полкіне жіберілді. Майдан құрамында көптеген ұрыс қимылдарына қатысты.

Көрсеткен ерлігі үшін Александр Ильич Қызыл Жұлдыз,, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және бірқатар  медальдармен марапатталған.

Соғыстан кейін елді қалпына келтіруге өз үлесін қосып, бейбіт еңбекке араласты. Қарағандының түрлі ұйымдарында ұзақ жылдар қызмет етті.

№1 құрылыс басқармасында, «Саранскпромстрой» басқармасында жүргізуші, облыстық клиникалық ауруханада бухгалтер, «Қарағандыуглесбыт» басқармасында экономист болып жұмыс істеп, кейін жоспарлау бөлімін басқарды. 1991 жылдан бері зейнет демалысында.

Александр Ильич тек ардагер ғана емес, үлкен әрі тату отбасының иесі. Ол үш бала тәрбиелеп, олардан төрт немере, бес шөбере сүйіп отырған сүйікті ата. Олар да отбасылық дәстүрлерді сақтап, майдангер аталарын әрдайым мақтан тұтады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары