2 Қараша, 00:59 211 0 Өнер Ахмет ӨМІРЗАҚ

«ҰЛЫ ДАЛА КОМЕДИЯСЫ» – ТАБЫСТЫ ФИЛЬМ

Соңғы кезде танымал қазақ әншілері кино саласында белсенділік танытып келеді. Олардың біреулері кинода басты кейіпкер рөлін сомдаса, тағы бірі кино түсіруге продюсерлік жасайды, ал енді бірі өзі кино түсіруге демеушілік жасап әрі өзін актер ретінде танытуға талпынып жүр.

Белгілі әнші Мейрамбек Беспаев жас кезінде түскен «Қоштасқым келмейдіні» былай қойғанда, соңғы жылдарда «Ғашық жүрек», «Ғашық жүрек – 2», «Жамбыл» атты фильмде ойнап, актерлік қырынан көрінсе, бұл жолды жалғастырған Қайрат Нұртас та 2013 жылы өзі туралы «Өкініш» атты фильм түсірген болатын. Сондай-ақ, Қ.Нұртас әйелі Жұлдыз Әбдікәрімова екеуі «Арман. Періштелер ұйқтағанда» деген фильмде ойнап, жұрттың назарына іліккен-ді. Енді міне, әндерін көпшілік сүйсініп тыңдайтын Төреғали Төрәлі де «Ұлы дала комедиясы» атты фильмде өзін-өзі сомдап, кинода алғашқы талпынысын жасады. Осы айдың ортасында тұңғыш көрсетілімі болған комедиялық туынды көрермендерге жол тартқан алғашқы аптаның өзінде 101 миллион теңге тауып, нағыз кассалық фильмге айналып шыға келді.

Осыдан біраз уақыт бұрын көрермендер мен БАҚ қызметкерлері тарапынан бірнеше рет сынға ұшырап, жұрттың көзіне түскен Төреғали Төреәлі сондағы жағдайлардан дұрыс қорытынды шығарған болса керек, «Ұлы дала комедиясында» әуелде жұлдыз ауруына шалдығып, соңынан өмірге деген көзқарасын өзгерткен адамның бейнесін сәтті сомдап, кинодағы образымен халықтың көңіліне жылы әсер қалдырып үлгерді.

 

Соңғы жаңалықтар