2 Қараша, 00:48 226 0 Білім "Түркістан" газетінің авторлары

Қазақтарды аңсаған қар барысы

Шығыс Азия жағалауына жақын маңдағы Тынық мұхит аралдарына орналасқан, экономикасы, мәдениеті мен өнері өркендеп дамыған Жапония мемлекетіне сапар шегу – қолына қалам ұстаған, иығына кинокамера асынған кез келген журналистің арманы.

Азия елдері ішінде орта ғасырлардағы жойқын жорықтардан және одан кейінгі отаршылдық тәуелділіктен аман қалған, ХХ ғасырда барлық сала бойынша қарыштап өсіп, бүкіл әлемді мойындатып, азуы алты қарыс Америка Құрама Штаттарымен иық тірестірген Жапония туралы бір адамдай-ақ жақсы білетін сияқтымын. Күншығыс еліндегі «Қалаған қыз – қабырғадан өтеді» деген мақал шындыққа айналып, 6852 аралдардан тұратын бұл елмен құда-жекжат болғанымызға да біраз уақыт болды. Осыдан біраз жыл бұрын Алматы қаласында тұратын Болат Аманбеков деген туысымның «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-та оқып жүрген Руслан есімді ұлы еліктің лағындай сүйкімді жапон қызы – Ойакамен танысып, екеуі отау құрды. Үйлену тойы Алматының салтанатты мейрамханаларының бірінде дүрілдеп өтті. «Қарапайымдылық – ұлы адамға тән» деп жапондар айтпақшы, жаңа түскен келініміздің ата-анасы–есімдері Жапонияға белгілі адамдар болса да, өте кішіпейіл, мәдениетті жандар болып шықты. Есте қалар осы тойда келініміздің әкесі – бас құданың айтқан сөзі бәрімізді сүйсінтті.

– Қызым, қалқам, – деді ол тебірене сөйлеп. – Анаң екеуміз үшін сенің орның ерекше, жақсы көреміз. Махаббат деген құдіретті сезім, алтыным! Алыстағы Америкада қазақ жігітімен көңілің жарасып, осы елге келін болып түсіп отырсың. Анаң екеуміз саған зор бақыт тілейміз! Өзің туған, өсіп-өнген жапон халқында «Күйеуі мен әйелі қол мен көз тәрізді болуы керек, қол ауырса – көз жылайды, көз жыласа – қол жасын сүртеді» деген мақал бар, қалқам. Күйеу балам екеуің бірге бақытты ғұмыр кешіңдер, екеуің бір-бірлеріңді шын сүйе білсеңдер, қолдарыңнан бақыт құсы ешқашан да ұшпайды. Сен жапон қызысың, әрине, ана тіліңді, салт-дәстүріңді ұмытпа. Оған қоса өзің келін болып түсіп отырған қазақ елінің тілін үйрен, салт-дәстүріне көңіл бөл, тарихын біл, әдебиеті мен өнеріне назар аудар. Ең бастысы – үлкенді де, кішіні де сыйлай біл. Сонда сен нағыз бақытты жан болып, қосағыңмен қоса ағарасың. Осыны ұмытпа, қалқам!

«Жүректен шықпай – жүрекке жетпейді» деген осы. Жапондық бас құданың ұлағатты сөзіне үлкен де, кіші де қатты риза болды.

Бес-алты жыл өткен соң, Болат бауырымыздың қарашаңырағында қуанышты бас қосу болып, бәріміз сонда кездестік. Сол күні бәріміз жапон келініміз – Ойакаға қатты риза болдық. Алма жүзінен жылылықтың шуағы төгіліп, ізетпен сәлем беріп, зыр жүгіріп қызмет көрсетті. Қазақ жеріне келін болып түскен бес-алты жылдың ішінде қазақ тілін тамаша меңгеріп алыпты. Келінге қарағанда, ініміздің тілі әлі орысшалау. Осыған қарап, бір жағынан сүйсінесің, екінші жағынан, әттеген-ай дейсің. Бір өкініштісі, Алматыда тұратын жергілікті қазақтардың 60 пайызға жуығы әлі де орысша шүлдірлейді. Жақында теледидардан бір хабар көріп отырып, ұялғанымнан қара жерге кіріп кете жаздадым.

– Қазақ халқы мейірімді, дархан, қонақжай, – деді Алматыда жиһаз шығаратын «Враво» компаниясының президенті, италияндық мырза сұхбатта. – Бірақ, алматылықтардың көбісі ана тілін білмейді, мен осыған таң қаламын.

Шетелдік мырза дұрыс айтады. Ащы болса да – шындық.

Алыстағы жапон еліне жол жүргелі отырғанымда осы мемлекетке байланысты тағы бір оқиға есіме еріксіз түсті. Бірде өзім қызмет атқаратын халықаралық «Түркі әлемі» теле­студиясына қазақтың белгілі ақыны Шөмішбай Сариев келді.

– Інім, жақында Жапониядан оралдым, саған бір қызық әңгіме айтып берейін, – деді үнемі ашық-жарқын жүретін ақын аға.

– Ақынға жай нәрсе әсер ете бермейді, Шәке, сөзіңізге қарағанда, өте қызық жай болса керек, – дедім ақынды сөзге тартып.

– Доқтырхан, туған ұлымның Жапониядағы Қазақстан елшілігінде жауапты қызмет атқаратынын өзің де жақсы білесің, – деді Шәкең қарсы алдымдағы орындыққа жайғасып. – Балам жеңгең екеумізді жақсы қарсы алып, екі-үш күн Токионың көрікті жерлерін аралатты. Тынық мұхитының үлкен аралына орналасқан бұл шаһар шынында да әсем қала екен, көркіне көз тоймайды, шіркін!

– Әке, – деді ұлым төртінші күні таңғы шай үстінде. – Бүгін түс қайта қалалық хайуанаттар паркіне барайықшы.

– Шырағым-ау, – дедім таңғалып – біз мұнда хайуанаттарды көру үшін келгеніміз жоқ қой. Кеше атақты «Көне астана» романының авторы, Нобель сыйлығының лауреаты Ясунаридің мұражайына апарамын деп уәде бердің емес пе? Жапонның атақты ақындары Басе мен Тусаконың өмірі мен шығармасы туралы да білгім келеді.

– Әке, уәде – уәде, жапондардың әдебиеті және өнерімен толығырақ танысуға мамам екеуіңе барлық жағдайды жасаймын. Бүгін зоопаркке баруға тура келіп тұр, қар барысы күшіктерінің көңіл күйі жоқ екен, – дейді балам жұмбақтай сөйлеп.

– Шырағым-ау, қар барысының күшіктеріне біздің қандай қатысымыз бар? – деймін мен екі көзім бақырайып.

– Ту, Шөмішбай-ай! Болмашы нәрсеге ашуланып шыға келесің. Баламыз хайуанаттар паркі туралы бекерден-бекер айтып отырған жоқ, сөзін дұрыстап тыңдайықшы – дейді әйелім маған қойқойлап.

– Мамам дұрыс айтады – деп, ұлым хайуанаттар паркі, қар барысының күшіктері туралы асықпай, байыппен айтып берді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға келген бір ресми сапарында осы елдің императорына Ақсу-Жабағылы қорығындағы қар барысының екі күшігін сыйға тартса керек. Император әлгі күшіктерді Токионың хайуанаттар паркіне береді. Есін біліп қалған қос күшік жапон жерін, темір торлы паркті жерсінбей, тамақ ішпей, өздерімен-өздері болып, мұңайып жатып алатын көрінеді. Хайуанаттар паркінің қызметкерлері күннен-күнге жүдеп, азып бара жатқан қар барысының күшіктерін өлтіріп алып, императордың алдында ұятты болып қаламыз ба деп қорқып жүргенде, азиат нәсілді екі-үш турист хайуанаттар паркіне келіп, қос күшікті тамашалап, өзара сөйлесіп тұрады. Осы сәтте әлгі күшіктер орындарынан тұрып, туристерге жақындап, қолдарын иіскейді, құйрықтарын бұлғаңдатып, бала құсап еркелейді. Туристер қашанғы тұрсын, өз жөндеріне кеткенде, кішкентай күшіктер қайтадан мұңайып, жатып қалады. Хайуанаттар паркінің қызметкерлері бұл жайды басшыларына айтып, туристердің қар барысы күшіктерінің жерлестері – қазақтар екендігін біліп, таң-тамаша болса керек. Олар іле-шала Жапониядағы Қазақстанның елшілігіне хабарласып, мән-жайды түсіндіріп, мүмкіндігінше Қазақстаннан келген туристерді осында жіберіп тұруларын өтінеді.

– Ойпыр-ай, ә! – дедім таңғалып. – Адам тұрмақ, аң да туған топырағын сағынады екен-ау!

...Шәйімізді шала-пұла ішіп, хайуанаттар паркіне жеткенше асықтық. Біз қар барысының күшіктеріне жақындағанымызда, олар орындарынан көтеріліп, жанымызға келіп, қолымызды иіскелеп жалады, құйрықтарын бұлаңдатып, жас балаша еркеледі. Біз осы жүрек тебірентер көріністі тамашалап, бір сағаттай тұрдық. Ұлым қолындағы кинокамерасымен осының бәрін бейнетаспаға түсіріп алды.

Шөмішбай ақын шабыттана сөйлеп, сәл үнсіз қалды. Әсерлі әңгіме бейжай қалдырсын ба?!

– Доқтырхан, – деді Шәкең үзілген әңгімесін қайта жалғап. – Жаңа айтқан жайлар қатты толғандырып, қар барысының күшіктері туралы поэма жаздым. Соның кино вариантын жасайын деп едім, соған қол ұшыңды берші.

Шөмішбай Сариев берген кассетаны мұқият қарап шықтым. Әуесқой түсірілім болса да, Шәкең айтқан көріністер жақсы түсірілген екен. Екі-үш күннің ішінде он бес минуттық тамаша, елді елең еткізетін телетуынды дүниеге келді.

Жапонияға ұшар алдында Шәкеңмен тағы хабарластым.

– Хабарласқаның жақсы болды, – дейді Шөмішбай жас балаша қуанып. – Ұлым кеше ғана хабарласты. Күшіктің ұрғашысы балалап, дүниеге екі күшік келіпті, өздері өте сүйкімді көрінеді. Уақыт тапсаң, ұлыма жолығып, хайуанаттар паркіне соға кетерсің. Қазақтың мықты ақыны Шөмішбай Сариев дұғай-дұғай сәлем айтып жатыр дерсің. Оларға поэма арнағанымды да айтуды ұмытып кетіп жүрме.

Сөзін әзілмен аяқтаған Шәкең маған сәтті сапар тіледі.

Көне де, мәңгі жас Жапон жері Қазақ­­станнан барған бір топ іскер азаматтар мен журналистерді құшақ жая қарсы алды. Токио, Иокогама, Осака, Саппоро сапарлары өте әсерлі болды.

Жапония халқының бестен төрт бөлігі қалаларда тұрады. Кеме тоқтайтын айлағы мен зауыттары самсаған қалалар жағаны бойлай бір-бірімен иық тіресе созылып жатыр. Қала шетінде суға бөккен көк күріш алқабы жайқалады. Жапонияның ішкері аумақтарында, таулы аймақтары мен автомобиль магистральдары бойынан будда ғибадатханаларын, сондай-ақ, хауызы мен нақышты тас қондырғылары бар шағын саябақтарды, сұлтан қамалдарын, шаруалардың сабанмен жабылған шошақ төбе ескі үйлерін көруге болады.

Шығыс Азия жағалауларына жақын маңдағы Тынық мұхит аралдарында орналасқан мемлекет 6852 аралдардан тұрады. Ең үлкендері: Хоккайдо, Хонсю, Сикоку, Кюсю. Жер аумағы 372,2 мың шаршы шақырым. Халқы 126,2 миллионнан асады. Астанасы – Токио қаласы. Әкімшілік жағынан 47 префектураға бөлінеді. Жапония – бір ұлтты ел. Халқының 99,4 пайызы – жапондар. Бұдан басқа қытайлар, корейлер, америкалықтар тұрады. Ресми тілі – жапон тілі. Негізгі діндері – синто және будда діндері.

– Қолдағы бар деректерге сүйенсек, жапон жеріндегі алғашқы тайпалық бірлестіктер ІІІ ғасырда қалыптаса бастапты. Тарихи деректерге қарағанда, ІV ғасырдың ортасына қарай Ямато тайпалық одағының таптық негіздегі алғашқы мемлекет пайда болды. Елдің неғұрлым күшті дамыған оңтүстік-батысы VII ғасырда орталықтандырылған жапон мемлекетінің қалыптасуына негіз болды. Алғашқы астаналардың іргетасы Осака шығанағының жағалауында қаланған. VI-IX ғасырлар аралығында елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына көршілес Қытайдың ықпалы зор болды. Олардан жапондар иероглифтік жазу үлгісін, буддизм мен конфуций діндерін, ғылыми негіздері мен шаруашылық жүргізу тәжірибесін қабылдады. ІХ ғасырдың соңына қарай Жапония Қытаймен ресми қатынастарын үзді, бұл жапон өркениеті сипатының қалыптасуына қолайлы жағдай туғызды. Жапонияның алғашқы астаналары Камакура, Эдо қалалары болды. Феодалдық қатынастардың дамуы солтүстіктегі аудандардың біртіндеп шаруашылық тұрғыдан игеріле бастауына ықпал етті. Осыған қарамастан, ұзақ уақыт бойы елдің шаруашылық қуаты, негізінен, оңтүстікте шоғырланып келді, экономикалық орталық қызметін Осака қаласы атқарды, – дейді жол бастаушымыз Жапонияның мемлекеттік қалыптасу тарихынан сыр шертіп.

Жапонияның тарихында қасіретті оқиғалар да аз емес. Екінші дүниежүзілік соғысында, 1945 жылдың 6-9 тамыз күндері Америка Құрама Штаттарының әскери әуе күштері Жапонияның екі ірі қаласына, атап айтқанда, Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасын тастап, бейбіт халықты қырып салды. Екі әсем қала жермен-жексен болды. Жапон халқы сол қасіреттің зардабын осы күнге дейін тартып келеді.

Біздерді, журналистерді алыста жатқан күн шығыс елінің тарихы және географиясы, салт-дәстүрі, өнері мен мәдениеті, әдебиеті қатты қызықтырды. Жапон аралдары солтүстіктен оңтүстікке қарай ұзыннан-ұзақ созылып жатыр. Жапонияның солтүстігінде, әсіресе, Хоккайдо аралында қар қалың түсіп, қысы едәуір суық болады, ал оңтүстігінде, Рюкю аралының ауа райы тропикалық климатқа жақын. Бұл елде жылы әрі күн шуақты болғанмен, алайда климаты әжептәуір ылғалды болып келеді.

Жапон аралдарының біраз бөлігін қалың орман, жартасты таулар алып жатыр. Ең биік тауы – Фудзи тауы. Ол – сөнген жанартау. Фудзиді жапондар киелі тау деп есептейді. Жапонияда толып жатқан сөнбеген жанартаулар, көптеген шипалы ыстық бұлақтар бар. Мұнда жер сілкінісі жиі-жиі болып тұрады.

Жапония халқы негізінен теңіз жағалауын бойлай созылып жатқан құнарлы жазық алаптарда тұрады. Күріш алқаптарын, жеміс бақтары мен шәй плантацияларын жыл сайын ұлғайып өсіп бара жатқан ірі қалалар ығыстырып, егістік жер тарыла түсуде.

Жапондардың тұрмыс-тіршілігінде басқа ешбір мәдениетке ұқсамайтын өзіндік салты көптеп кездеседі. Атап айтқанда, жапондардың пәтерлерінде жиһаз аз болады, еденіне күріш сабанынан тоқылған төсеніш – татами төселеді. Жапон ағайындар аяқ киімдерін босағаға тастап, үйде шұлықпен немесе жалаңаяқ жүреді. Тамақтанатын әрі ұйықтайтын жері – еден. Оны әрқашан айнадай таза ұстайды.

Жапон халқының өнері, әсіресе, кескіндеме өнері мен қуыршақ театры өзіндік ерекшеліктерге бай болып келеді. Жапондар – сәнді гүл шоғын өте шебер жасайтын халық. Олардың дзю-до, каратэ, сумо күресі секілді ұлттық спорт түрлері бүгінде бүкіл дүниежүзіне кеңінен белгілі.

Жапония өнеріне 14-ғасырдан бастап, Қытай кескіндемесі елеулі ықпал етті. 16-18 ғасырларда жанрлық кескіндеме дами бастап, 19-ғасырдың аяғында Еуропа стилінде сурет салу дәстүрге енді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жапония бейнелеу өнерінде кескіндеме, графика жанрлары дамыды. Жапония ұлттық музыкасынан корей, қытай, үнді халықтары музыкалық мәдениетінің ықпалы да байқалады. Ежелгі музыкалық дәстүрлер де жақсы сақталған. Соның бір түрі – кагура. Бұл – мифтік сюжетке негізделген ғұрыптық би. Қазіргі кезде халық биі түрінде кездеседі. VII-ІХ ғасырлар арасында Жапония театры тарихында гигаку, сингаку, саругаку деп аталатын халық өнерінің түрлері белгілі орын алады. 19-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басында симпа, сингэки, синкокучэки сияқты театр өнерінің жаңа түрлері пайда болды. Шингеки – Еуропа театр ықпалымен 20-ғасырдың басында пайда болған драмалық жанрында Жапонияда алғашқы кинофильм 1899 жылы түсірілді. 1908 жылы Киото мен Токиода отандық киностудия ашылды. Алғашқы кезде осы заманғы сюжетке және тарихи аңыздарға негізделген фильмдер жасалды. 1931 жылы дыбысты кинолар шыға бастады. 20-ғасырдың ортасында тәуелсіз кино өндірісі мен прокаттық кинокомпаниялар пайда болды. Ұлттық және еуропалық киноның озық дәстүрін дамытқан Куросава шығармашылығы Жапонияның кинематографиясының жаңа өрістеу кезеңін бастады.

Жапон ауыз әдебиеті мен мифологиясы өте жақсы дамыған. Жапон жазба әдебиетінің алғашқы үлгілері – «Коджики» біздің дәуіріміздің VII ғасырында жарық көрді.

Мурасаки Шикибудтың ІІ ғасырда жарық көрген «Генджи – моногатори» романы – әлем әдебиетіндегі алғашқы романдардың бірі. 15-16-ғасырларда поэзия жетекші рөл атқарды. Театрлар ашылып, драматургиялық шығармалар жазыла бастады. 17-ғасырда Ихара Сайкакудың, Чикамацу Монзаемоның пьесалары танымал болды. 18-ғасырда Цурия Нанбоку, Каватаке Мокуами есімді драматургтердің есімдерін ел жақсы білді.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жапония әдебиетінде жаңа кезең пайда болды. Қоғамның ішкі қайшылықтары әдебиетте де түрліше бағыттар мен ағымдар тудырды. Дәстүрлік бағыттың өкілдері – Нагай Кафу, Сига Наоя, Масамуне Хакуте осылардың қатарына жатады.

Бір қуаныштысы, Қазақстан мен Жапония арасындағы экономикалық ынтымақтастық жылдан-жылға артып келеді. Екі елдің өзара сауда-экономикалық қатынастары еселеп арта түсуде. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш 21 пайызға артқандығын байқаймыз. Қазақстан Жапония нарығына негізінен ферроқорытпа, болат, титан, жерасты сирек металдарын экспорттаса, бұл ел бізге автокөліктер мен олардың бөлшектерін, сондай-ақ, электр жабдықтары мен тұрмыстық техникаларды импорттап келеді.

Біраз жылдан бері Жапонияның халықаралық ынтымақтастық банкі Қазақстанда несие беру арқылы бірқатар жобаларды жүзеге асыра бастады. Олардың ішінде теміржол көлігінің тасымал қуатын арттыруға, Ертіс өзені үстінен көпір құрылысын салуға, Астанадағы халықаралық әуежайды қайта жөндеуден өткізуге, Батыс Қазақстанда көлік жолдары жүйесін дамытуға, Атыраудағы мұнай өңдеу зауытын күрделі жөндеуден өткізуге арналған жобаларды жүзеге асыруға атсалысты.

Жапон халқында «Күлкі шыққан үйге бақыт келеді» деген мақал бар. Үлкенді-кішілі аралдардан тұратын елдің қай қаласында болсаңыз да, кез келген жапондық сізді күлімдеп қарсы алады, танымаса да, кішіпейілділік танытып, жылы шыраймен сәлемдесіп жатады.

...Елге қайтарға бір күн қалғанда, жанымдағы серіктес досым Серік Ахметов екеуміз Жапониядағы Қазақстан елшілігімен хабарласып, қалалық хайуанаттар паркіне барып, Елбасы сыйлаған қар барысының күшіктерін көргіміз келетіндігін айттық. Елшіліктегі отандастарымыз қуана-қуана келісті.

Шөмішбай Сариев ағамыз тамсана әңгіме еткен күшіктер есейіп, нағыз қар барысына айналыпты. Соңына екі сүйкімді күшіктерін ерткен қар барыстары алыстан төркіндері келгендей қуанып, еркелеп, құйрықтарын бұлаңдатып, біздің жанымызда айналшықтап жүр.

– Доқтырхан, сенің Жуалың атақты Ақсу-Жабағылы қорығымен шектесіп жатыр емес пе? Байқадың ба, марғау екі барыс сенің жаныңнан шыр айналып шығар емес. Өскеменнің қазағысың ғой, өкпелеме дегендей, маған құйрығын бір-екі бұлаңдатқаннан басқа, онша ілтипат көрсетпеді, – дейді Серік досым әзілдеп.

...Токиодағы Халықаралық әуежайдан таңға жуық ұштық. Төменде түнгі оттары жарқыраған алып қала қалып бара жатты.

 

 

Доқтырхан Тұрлыбек,

жазушы,

Халықаралық «Алаш»

сыйлығының лауреаты

Соңғы жаңалықтар