Қызыл жебе

Қызыл жебе

Қызыл жебе
ашық дереккөзі
990
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында Қазақстаннан Колбин кетсе, орнына кім болады деген алмағайып кезең орын алды. Кеңес Одағының компартиясы тақтан әлі таймаған, Мәскеу кімді қолдаса, билік басына соның келері сөзсіз еді. Сол кезде «Мәскеу Меңдібаевты назарында ұстап отыр екен» деген әңгіме тарады. Желтоқсан көтерілісінен кейін Алматы облысының бетке шығар талай адал азаматтарын қан қақсатып, қызметтен қуып, орнынан айырған Меңдібаев бұл кезде лауазымы өсіп, Қазақстан компартиясының екінші хатшысы дәрежесіне көтерілген еді. Сол Меңдібаевтың орнынан түсіп, қызметтен біржола кетуін тездеткен ұлтымыздың адал ұлдары Мырзатай Жолдасбеков пен Шерхан Мұртаза болатын. Бұл жайлар менің сыр-сұхбатқа құрылып жазылған «Таңғаламын өмірдің ғажабына» атты романымда баяндалды. Шерағаң! Қайран Шерағаң! Бұл күндері берісі Алтайдан Атырауға дейінгі, әрісі барлық шет елдердегі қандастарымыз өмір бойы әділдіктің алдаспаны болып, қандай қысталаң шақта да қаймықпастан халқының сөзін сөйлеп өмірден өткен, қазақ баспасөзінің қызыл жебесі Шерхан Мұртазаны аза тұтып жатқан шақта, Шерағаңның ерлігі айтылатын ықшамдалған үзіндіні ел сүйіп оқитын «Түркістан» газеті арқылы жұртшылыққа ұсынуды жөн көрдім. (Кітаптың тиражы бірер мың ғана екені, ондағы баяндалған оқиғалар қалың көпшілікке әлі жете қоймағаны ескерілді).

Автор

Автор: Мырзеке, сіз Колбинмен бірер жыл қызметті бірге істедіңіз ғой. Жалпы, ол кісі қандай адам еді? Мырзатай: Орталықтың оны Қазақстанға неге жібергені түсініксіз болатын. Ол Қазақстанды, қазақтарды, қазақтың тарихын білмейтін, білгісі де келмейтін. Байқауымша, партия жұмысына да алғырлығы шамалы еді. Ішкенді тәуір көретін адам сияқты. Ол кісінің бойынан кісілік, инабат, мәдениет сезілмейтін. Колбиннің өзі бұрын партия органдарында көп жыл істеген адам ғой, қалай дегенмен де халықтың көңіл-күйімен санасу қажеттігін түсінетін. Өзі қорқақ болатын. Ақылшылары да көп еді. Олар негізінен Мәскеуде отырды. Өзімізде де кеңес берушілер аз болған жоқ. Орталық Комитетте құқықтық бөлімнің меңгерушісі Ефимов деген болды. Бойы аласа, талпақ, тұла бойы қазаққа қарсы адам. Колбинде өтетін кеңестерде биттей нәрсені түйедей ғып отыратын. Аузынан мұны бұлай қалдыруға болмайды, жазалау керек дейтін сөз ғана шығатын. Бірде екеуміз шартпа-шұрт келіп қалдық. «Сіз неге мен басқаратын бөлімнің жұмысына қол сұғасыз, болмаса, осы бөлімге қоса жауап беріңіз», – дедім. Сөйтіп, біраз жерге барысып едік, Колбин араға түсті, Ефимовке «сенікі дұрыс емес» деді. Өзі шақырған кезде барсам, кабинетінен ылғи Ефимов сияқтылар шығатын. Кейде әлдеқандай оқыс жағдай туындаса немесе бірнәрсені газеттен оқыса, өзгелерді де шақыратын болуы керек, көбіне мені шақырып алатын. «Мирзатай, что это означает?» – деп сұрайтын. Сол кезде: «Мынау тегін емес, бұдан өрт шығуы мүмкін, ар жағын байқау керек» деп кішкене от бүркіп қоятынмын. Өзінде бір үрей бар еді. «Давайте, разберитесь, разберитесь. Надо упреждать. Надо остановить», – дейтін. Жезқазғанда ма, бір жерде бір жұмысшы қазақ: «Колбин келгенде қазақтың көсегесін көгертемін, қазақ тілін бір жылда үйренемін деп еді, бір жылдан асып кетті, бір ауыз сөз білмейді ғой» депті. Сонда да «осындай бір жұмысшы сөйлепті» деп менен сұрады. Мен ол жағдайды білмеген едім, ал оған бәрін жеткізіп отырады ғой. «Геннадий Васильевич, вы же сами обещали, бір жылда қазақ тілін үйренем деп едіңіз ғой, сол қайда, ел соны күтіп жүр», – дедім. «Да, действительно. Но видишь, времени не хватает этим заниматься», – деді. Анда-мұнда, бір жерде бірдеңе болып қала ма деп үнемі есі шығып жүрді. Расында да ес жиюға мүмкіндігі де болған жоқ ол «байғұстың». Автор: Сол кездерден менің есімде мынадай екі жай қалыпты. Біріншісі, Колбин қазақ тілін үйренем деп уәде бергеннен кейін журналистер одан сұхбат алып жатты. Сонда оған: «Сіз Грузияда екінші хатшы болып қызмет атқарғанда грузин тілін үйрендім деп айтып қалдыңыз. Енді қазақ тілін үйренбексіз. Ал грузин тілін ұмытпау үшін сіз қазір ол тілде біреумен сөйлесесіз бе?» – деген сұрақ қойылды. Колбин сонда: «Үйдегі итіммен сөйлесемін» деді де, өзінің тапқырлық жауабына риза болып кетсе керек, «ха-ха-ха» деп күлді. Оның грузиндер естісе намысына тиетіндей орынсыз жауабы мен сұрықсыз кейпі көргендердің бәрінің көңілінде кетпейтіндей болып таңбаланып қалған шығар деп ойлаймын. Екіншісі, бір күні кешкісін такси ұстап міндім. Таксист еңгезердей қазақ жігіті екен. Радиосын қойып еді, ол Колбин туралы бірнәрсе айтып жатты. Радионы басып тастады да: «Аға, Колбин бір-екі жылда қазақ тілін үйренемін деп еді ғой. Үйрену үшін үйінде оқымысты попугай ұстайды екен. Екі аяғына жіп байлап қойған. Оң аяғындағы жіпті тартса – орысша, сол аяғындағы жіпті тартса – қазақша сөйлейді екен. Бір күні жұмыстан келіп, асығып, екі жіпті бірдей тартып қалған екен, попугайы: «Өлтіресің ғой, падло», – деп айтыпты деп», – қарқылдап күлді. Мырзатай: Колбин Қазақстанға қай бір ықтиярымен келді дейсің. Жіберген соң, амал жоқ, келді де. Қазақстанды басқарды дегені болмаса, сол кездегі оның күнін итке берсін. Сол кезде ел ішінде «қазақтың дәстүрінен, салтынан, әдет-ғұрпынан айырылдық, айтыс жоқ, қазақ тілі құрыды, жойылатын болды» деген сөздер етек алып, көбейе бастады. Осындай мәселелердің күн тәртібіне шығуына сол уақытта шын мәнінде халықтың рөлі зор болғанын айтуымыз керек. Халықтан үлкен ешкім жоқ. Колбин өзі де күнделікті ақпарат алып отырды ғой ел ішіндегі жағдайлардан. Әрі ол әр дүйсенбі сайын кеңес өткізетін, «Колбиновские совещания» дейтінбіз оны. Сонда ағымдағы істер қаралатын. Оған Колбиннің өзінен басқа Орталық Комитеттің бірде-бір хатшысы қатыспайтын, тек бөлім басшылары ғана келетін, олар өз салалары бойынша барлық жағдайды баяндайтын. Айтылатын әңгімелердің көбі біздің бөлімге қатысты болушы еді. Барлық отырыстардың басты кейіпкері біз болып шығатынбыз. Ол кезде идеология бірінші орында тұрды. Өйткені Мәскеудегі Орталық Комитет айтарын айтып қалды. Қаулы шығарып, қазақты қаралады. Желтоқсанда Горбачевтің «демократия», «жариялылық» деген сөздеріне иланып, пікірлерін білдіру үшін алаңға шыққан қазақтың қарусыз жастарына арнайы дайындықтан өткен әскер жұмсап, қақаған аязда өрт сөндіруші машиналармен үстеріне мұздай су шашып, үйретілген иттерді қосып, шоқпарлармен, сапер күректерімен ұрып, Алматының орталық алаңын қанға бөктірді. Шаштан сүйреп, іштен теуіп, қыздарымызды қорлады. Талай жас қыршын кетті. Келешекте халыққа пайдасы тиер дейтін, ойы бар, ұстанымы бар көптеген талантты студенттер оқудан шығарылды. Өзі сөйлей алмайтын, айта алмайтын, ойы жоқтардың ешқайсысы жапа шеккен жоқ. Көптеген адам түрмеге қамалды. Елде наразылық кемеріне жетіп, шүпілдеп тұр еді. Колбиннің ең үлкен жұмысы осыны басу болды. Қайтсем елді тыныштандырамын деген оймен жүрді. Бәрімізбен сөйлеседі, «ахуал қалай», «анау қалай», «мынау қалай» деп сұрастырады. Біз де жағдайды әбден түсініп алғанбыз. «Алып бара жатқан ештеңе жоқ, бәрі дұрыс, тек халықтың кейбір айтып жатқан тілегіне құлақ асу керек. Халыққа бірден қарсы шықпай, құлақ қойып, ығында болып, жайлап, қақпайлап, жетектеп отырмаса, онда сексен алтыншы жылғыдан да қиын оқиғалар орын алуы мүмкін» дейтінбіз. Байқаймын, Колбин осындай пікірлерді Мәскеуге де жеткізіп отырды. Мәскеу де, өзі де осыдан сескенді. Халықтың беті ашылып қалды. Халық бәрін көрді. Ашынды. Талай адам жазаланса да, билік халықты жеңе алған жоқ. Халық төменнен бастап теңіздей толқып, көп нәрсені талап етіп жатты. Біз де осыны пайдаландық, өзіміздің күнделікті жұмысымызда халыққа арқа сүйедік. Өзекеңмен (Орталық Комитеттің сол кездегі хатшысы Жәнібеков - автор) ақылдасып, жан-жақты тегіс байқап отыратынбыз. Өзекең апта сайын бөлімді жинап алып, ананы сөйтейік, мынаны бүйтейік деп, бәрімізге тапсырма беріп отыратын. Халық қайтадан шын мәнінде күш ала бастады. Колбин кейде дүйсенбі күндері өткізілетін кеңесте айтылып жатқан сөздерді маңқиып тыңдап, ойланғандай болып отыратын. Сонда «несіне келдім осы республикаға деп отыр-ау, шамасы» деп ойлайтынмын. Колбин Қазақстаннан еш абырой алмады. Сол кезде ол «Тұрғын үй – 1991» деген бастама көтеріп, алдағы бірер жылда тұрғын үйлерді көп салдырып, халықты қарық қыламыз деп еді, онысы жай сөз боп қалды. Ол әрекетінен түк шықпады. Халық Колбинді қабылдамады. Ол Қазақстаннан өзінің орнын таппады. Ақыры Колбин кетеді екен деген әңгіме туа бастады. Оның орнына Мәскеу бұл жолы қазақты қояды екен, Меңдібаевты қолдап жатқан көрінеді деген сыбыс шықты. Меңдібаев ол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы. Енді бір секірсе немесе Мәскеу қолтығынан демеп жіберсе, Қазақстанға бірінші хатшы болу мүмкіндігі жоқ емес-ті. Ол болмаса Әуелбеков немесе Назарбаев болуы да ықтимал деген әңгімелер айтылды. Ал шындығында, ел ішінде Назарбаевтың беделі басым еді. Мәскеудегі Одақтық Жоғарғы Кеңеске Нұрекең де, Меңдібаев та, Еркеғали Рахмадиев, Мұхтар Шаханов та депутат болатын. Олар съезге он күндеп кететін. Автор: Сол кезде ел ішінде «Меңдібаев төлқұжатына «қазақ» деп жаздырып алғанмен, ұлты қазақ емес екен» деген әңгіме тараған. Мырзатай: Ол әңгіменің шындығына бір жолы көзім жеткен. Меңдібаевтың политехникалық институтта сабақ беретін туған інісі бар еді. Бірде Меңдібаев маған: «Институт ректоры менің ініме тыныштық бермей жүрген көрінеді, сөйлесіп, айтып қойшы», – деді. Мен ректорға «Меңдібаевтың інісінің жеке іс-құжаттарын алып, маған келіп кетіңізші» дедім. Сөйтсем, әлгі інісінің құжаттарында «ұлты башқұрт» деп жазылыпты. Екеуі бір әкеден туған бауырлар ғой. Екінші хатшы айтып отырған соң қайтесің, Меңдібаевтың інісіне тимеңдер деп ректорға тапсырма бердім. Содан, бір күні Меңдібаев Мәскеуден қайтып келді. Жүрегіміз зу ете қалды. Келе сала үлкен залға лық толтыра аппаратты түгел жинады. Өзіне өте сенімді сияқты көрінді. Салған бойда: «Съезден сұранып келдім. Жұмыс көп. Жиналып қалған. Кемшіліктер де аз емес», – деп бастап, бірден маған тиісті. Идеологиялық бөлім еңбекші хаттарымен жұмысты нашар істейді, нәтиже жоқ, пәлен-түген деп. Мені атамайды, «бөлім» дейді. Намысыма тиді. Сөйледім. «Сіз кімді айтып отырсыз? Тұтас бөлім бе, жоқ, әлде мен нашар істеймін бе? Сынның нақты адресі болуы керек. Идеологиялық бөлімнің алдына қойылатын мәселелердің бәрі қолма-қол таразыға өлшейтін, қазір ғана жауабын беретін мәселелер емес. Оның ішінде көбі тарихи мәселелер, келешектің мәселелері. Жылдар бойы шешілетін мәселелер. Елдің сұрап отырған мәселелері де күрделі. Оны шешу үшін уақыт керек. Жауап беру үшін де уақыт керек. Сондықтан сыныңызды біздің бөлім қабылдамайды», – дедім. «Еще посмотрим», – деді ірілік жасап. Сол кезде жұрттың бәрі гу ете қалды: «Орталық Комитетке бірінші хатшы болып Меңдібаев келеді екен» деп. Меңдібаев идеология бөлімінен басқа бірде-бір бөлімді сынаған жоқ. Қаным қайнап кетті. Қасымда орынбасарларым Игорь Романов, Ырысты Сариева бар. «Мұны бұлай қалдырмаймын. Мен оның қабылдауына кіремін. Не деген сұмдық бұл? Осындай да сын бола ма екен? Не деген әділетсіз адам!» – дедім. Екеуі менімен бірге кіретін болды. Келсем, көмекшісі кіргізбейді. «Меңдібаевтың үйі емес қой. Бұл – Орталық партия комитеті, ал мен Орталық Комитеттің идеология бөлімінің меңгерушісімін. Орталық партия комитетінің мүшесімін. Қасымда екі орынбасарым бірге келіп отыр. Қабылдасын», – дедім. Кірдік. «Ну, что хочешь сказать?» – деді. Ішіме сыймай булығып келгем, әкесін таныттым. «Мынауыңыз не сын? Өзіңіз де білесіз, идеология бөлімі айналысатын мәселелердің бәрі өте күрделі. Қандай мақсатпен сынадыңыз? Менің кетуім керек пе? Онда, Жолдасбеков жұмысты дұрыс істей алмай жүр деп неге айтпайсыз. Партияда әділетті адамдар жұмыс істесе керек еді, сіз әділетсіз адамсыз!» – дедім. Біраз жерге барыстық осылай. Шамасы, әуел баста менің тарапымнан мұншалықты қарсылық көремін деп ойламай қалған болса керек, өзі де қорқып кетті. «Мырзатай, ты же не такой, что с тобой?» – деді. «Со мной ничего не случилось. Ешқандай кінәміз жоқ, қандай негізге сүйеніп айттыңыз сондай сынды? Бүкіл аппараттың алдында кешірім сұраңыз», – дедім. Мені қолдап Романов та, Сариева да сөйледі, бөлімге жүктелген міндеттердің жеңіл еместігін, ешкімнің аянып жатпағанын, жұмыстың жүйелі жүріп жатқанын айтты. Ақыр аяғында ол: «Я готов принести извинения перед аппаратом», – деді. Бұл өзі Орталық Комитет тарихында еш уақытта болмаған нәрсе, екінші хатшының бөлім меңгерушісінен кешірім сұрауы. Ертеңінде аппараттың алдында кешірім сұрады. «Я не так выразился, конечно, Жолдасбеков прав», – деді. Мен айтқан «идеологияның жұмысын таразымен, безбенмен өлшей алмайсың, кей мәселелер ұзақ жылдарды талап етеді» деген сөздерімді қайталап айтты. Бұл әңгімені сенімді адамдары Колбинге жеткізген болуы керек деп ойлаймын. Әлде, басқа да ақпараттардан құлағына тиді ме екен. Бір күні ол өзінде өткен жиналыс соңында маған: «задержись, Мирзатай», – деді. Екеуміз оңаша қалғанда: «жұртшылық Марат Самиевич Меңдібаевқа қалай қарайды?» деп сұрақ қойды. «Маған ол туралы пікір айту ыңғайсыздау. Ал шындығына келгенде ел ішінде ол туралы жағымсыз әңгімелер аз емес. Әсіресе, Алматы облыстық партия комитетін басқарғанда адамдарға көп қиянат жасаған деп айтылады», – дедім. Ары қарай қазбалап ешнәрсе сұрамады. Содан кейін біраз уақыт өткен соң Меңдібаев Қазақ ССР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметіне ауысты. Автор: Мүмкін, Колбиннің өзі де, Мәскеудегілер де Колбиннің жанында жұртқа жағымды емес адамның отырғанын қаламаған шығар... Сол уақытта «Желтоқсанда болған жайлардан аузы күйген Политбюро Колбин кетсе орнына қазақты қоймақшы екен, үш кісіге – Меңдібаев, Әуелбеков, Назарбаевқа назар аударып жатса керек» деген, жаңағы өзіңіз айтқан сөздерді ел ішіндегі біз де естігенбіз. Сол кездерде, 1989 жылы жазғытұрым Колбин де Қазақстаннан кетті емес пе? Мырзатай: Иә. Халқымыз үшін, оның дәл сол кезеңдегі жас буыны үшін соншалықты қасіретті, қайғылы болған, көңілдерінде сәулесі, жүректерінде оты, намысы, өз еліне, халқына деген сүйіспеншілігі бар, соның ертеңгі керегіне жарасам деп армандаған талай маңдайалды студенттеріміз, жастарымыз соққыға жығылған, мертіккен, қайсыбірі ажал құшқан, тағдырлары тәлкекке түскен, оқудан, жұмыстан шығарылып, түрмелерге тоғытылған сұрқай кезең сол кезде негізінен аяқталды деуге болады. Бірақ оның зардаптары әрі жалғасып жатыр еді. Колбин Қазақстанда ештеңе бітіре алған жоқ. Оның жұмысы жүрмей жатқанын, ол Қазақстандағы ахуалды жақсарта алмағанын Мәскеу білді. Желтоқсан көтерілісі Қазақстанға қазақ басшысын қоймаудың қате болғанын көрсетті. Осыдан қорытынды шығарып, Мәскеу Колбинді Одақтық халық бақылау комитетінің төрағасы етіп, қайта шақырып алды да, оның орнына енді халықтың пікірін ескере отырып, ұлтымыздың аймаңдай ұлы Нұрсұлтан Назарбаевты ұсынды. Сол жылы жазда өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Пленумында ол бірінші хатшы болып сайланды. Содан былайғы жерде бізге де жұмыс істеу жеңілдеп сала берді… Автор: Сол кездер туралы тағы не айтуға болар еді? Мырзатай: Ұлтымыздың мұқтаждарын, қоғамдағы келеңсіздіктерді, көпшіліктің көкейіндегісін айтып, сол кезде батыл сөйлеп, батырлық танытқан адамдарды айта кеткеніміз орынды сияқты. Баспасөзде ол Шерхан Мұртаза, ел ішінде Мұхтар Шаханов еді. Сол кезде Мұхтар депутат та болды. Шерхан газет жұмысын да, баспасөзге қойылатын талаптар мен міндеттерді де, орнымен жұмсай білсе баспасөздің алмастай өткір қару екенін де жақсы білетін азамат. Ол басқарған газет-журналдардың беделі артып, таралымы, тиражы өсіп, жалы күдірейіп шыға келетін. Ол өмір бойы өзінің ұлтына бойындағы талантымен, барлық ынта-жігерімен аянбастан қызмет етті. Осы жерде Шерханның сол кездегі бір үлкен азаматтық, ерлік ісіне тоқтала кетсем деймін. Орталық комитетте бөлім бастығы болып жүргенімде бір күні маған Шерхан келді. Қолында қалың папка, іші толған хаттар. – Шер-аға, бұл не? – дедім. – Адамдардың көзінен жастың орнына қан ағып, жылап-еңіреп отырып жазған арыздары, – деді Шер-аға. – Алматы облыстық партия комитетін басқарып тұрғанда Меңдібаевтың жұртқа жасаған қиянаттары туралы. Оқып көруіңе болады. Біразын қарадым. Адамның жаны түршігетін жайлар екен. 1985-1988 жылдары Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Меңдібаев Колбиннің кезінде одан әрі жоғарылап, Орталық партия комитетіне екінші хатшы болып келген еді. Сол кезде біздің бөлімді жөн-жосықсыз, еш негізсіз кінәлап сөйлеп, артынан аппарат қызметкерлері алдында менен кешірім сұрауға мәжбүр болғанын жаңа айтып кеттім. Содан кейін ол республиканың Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасарлығына ауысып, сол биік лауазымда қызметін одан әрі жалғастырып жатқан. – Мына хаттарды не істейміз? – деп сұрады Шерхан. – Өзіңіз қандай ойдасыз? – Мен жариялау жағындамын. Сұмдық қой! Қаншама халықты зар еңіреткен. Елге қадірлі қанша азаматтарды жазықсыз қудалап, орнынан алып, қаңғыртып жіберген. Жұрт запыран құсып, көмек іздегеннен амалсыз газетке жазып отыр. Бергеніміз әділеттілік болар еді. Шерханның айтып отырғаны дұрыс, «бергеніміз әділетті болар еді» дегені қауіпті әрі ерлікпен пара-пар шешім еді. Меңдібаев соның алдында ғана республика партия ұйымы басшылығындағы екінші адам болса, әлі де билікте, енді республика үкіметіндегі екінші адам болып отыр. Мұндайға кез келген өзге журналистің тәуекелі жетпес еді. Мен кішкене ойландым да: – Берсеңіз, беріңіз, – дедім. – Бірақ жауапкершілікті мойныңызға аласыз. Мен білмеген болайын, жариялап жатқан – сіз. Ал ертең, мақала шыққаннан кейін, сізді барынша қорғауға тырысамын. Шерхан батыр адам ғой: – Бопты, – деді. Бірер күнде мақала шықты. Таңертең Өзбекәлі мені өзіне шақырды. Барған бойда «мынау не?» деп маған алара қарады. Алдында, стол үстінде «Егемен Қазақстанның» мақала шыққан беті ашық жатыр. Мен: – Білмеймін. Газетті әлі қарағаным жоқ. Не болып қалыпты? – дедім. – Немене бұл? «Кіші 37» дейді, – деді Өзекең. Меңдібаевтың кім екенін, істеген істерін менен артық біледі ғой. Сыртынан жақтырмаса да, іштей риза болып отырған сыңайлы. – Кәні, қарайын, – деп газетті алып, көз жүгіртіп оқып шықтым. – Мұны бөлім білмейді, – дедім сонан соң. – Бұл не деген сұмдық! Неге білмейді бөлім? Бұлар неге бетімен кетеді? – Жоқ, Өзеке, бетімен кеткендік емес. Ішке сыймаған ғой. Жазбауға болмаған ғой, – дедім. – Шақыр редакторды, – деді. Шерханды шақырдық. Әуелі маған, бөлімге келді. Мен Өзекеңе ертіп бардым. – Мынау не? – деді Өзекең оған да. – Жазбауға болмады, Өзеке. Ешкімнің кінәсі жоқ. Кінәліні іздесеңіз, ол – мен. Мен тіпті бөліммен де келіспедім. Жалпы, кез келген мәселені бөліммен ақылдасып отырамыз. Бірақ бұл жолы білдім, бөлімнің қарсы болатынын. Жазбауға болмады. Ол үшін қызметтен алып тастаймын десеңіздер, алып тастаңыздар, – деді сабырмен. – Өзеке, неге аламыз? Халықты қан жылатса. Әділін жазған адамды жұмыстан қалай аламыз? Ертең газеттің беделі не болады? Қайта беделі көтеріледі. Еш адам ойына келгенін істемейтін болады, – деп ара түстім. – Ой, сен де қайдағыны айтасың, – деді маған. – Болмаса айтыңыз. Кінәліге мені де қосыңыз, – дедім. Үндемеді. Мақала жөнінде басқа ешкім ештеңе деген жоқ. Сол күйінде қалып қойды. Ешкім жазаланбады. Шерхан орнында. Мен орнымдамын. Сол кезде екі қауіптен қалдым. Бірі – қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру керек деп Колбинге жазған хатым, екіншісі – осы мақала. Меңдібаевтың адамдарға жасаған қиянаттары елге осылай әшкере болды. Мақала 17 сәуірде шықты. 22 сәуірде орталық алаңдағы Ленин ескерткішіне гүл қоятын дәстүр бар еді ол кезде. Жиналып тұрғанбыз. Қаскелеңнің жеміс-көкөніс совхозының сауыншысы бар болатын, Орталық партия комитетінің бюро мүшесі еді. Сол әйел: «Как дела, Марат Самиевич?» – демесі бар ма. «Как дела, был человеком, не стал человеком. Он виноват», – деп Өзбекәліні көрсетті. Сонда ойында әлгі мақала тұр. Өзекең ешнәрсе деген жоқ, үндемей бұрылып кетті. Сосын, шыдай алмай: «Марат Самиевич, қазақта мақал бар, қолмен істегенді мойынмен көтеру керек деген. Вы же сами натворили там немало делов», – деп жауап бердім. «Да, ты че там болтаешь?» – деді ол. Меңдібаев Алматы обкомының бет қаратпайтын бірінші басшысы болып тұрғанда облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істеген Өзекеңмен қарым-қатынасы жақсы болмаған. Өзекең оның әділетсіз, қиянатшыл істерін біледі ғой, сондықтан оны көргісі, онымен сөйлескісі келмейтін. Кейде бір мәселені екінші хатшымен келісу қажет болғанда, іс қағаздарын менің қолыма беріп, саусағымен жоғары жақты нұсқап, «өзің апарсайшы» деп мені жіберетін. Екеуінің сөйлесіп тұрғанын да көрген емеспіз. Автор: «Егемен Қазақстандағы» сол мақала желтоқсан көтерілісінен кейінгі және келесі 1987 жылғы республика облыстарының партия ұйымдарында, жер-жерде орын алған жазалаулар мен заңсыздықтар жөнінде, еліне, жұртына адал қызмет атқарған небір абзал азаматтарға жасалған қиянаттар туралы Алматы облысы көлемінде егжей-тегжейлі әңгіме қозғаған еді. Мырзатай: – Осы мақала шыққан соң Меңдібаев кешікпей орнынан түсті, басшылық дәурені аяқталды. Автор: Мырзеке, Меңдібаевтың тарихы – жаны мен ары таза емес кей адамдардың қолына өлшеусіз, бақылаусыз үлкен билік беріп қоюдың қоғамға, қоғамдағы моральдық, адамгершілік ахуалға, қызметтік лауазымы одан төмен, адал, әділ адамдар тағдырына қаншалықты кеселді, кесірлі, қауіпті болатынын көрсететін сияқты. Ол кездегі обкомның бірінші хатшысының қолында сол облыс көлеміндегі ең жоғары билік шоғырланған еді. Ал үлкен мансап, үлкен билік – қолға ұстатқан өткір, алмас қылыш сияқты ғой, оны ұстаған адамның әрдайым әділ, сабырлы-салиқалы, өзгелердің тағдырына немқұрайды қарамайтын, адамгершілік қасиеттерді аяққа баспайтын адал болуын, бәрі менің өзіме ғана болсын, ішейін, жейін, байиын, шалқақтап, шалқып өмір сүрейін деген пиғылдарға бой алдырмайтын, жаны, жүрегі таза, ел-жұрттың қамын жейтін адам болуын талап етеді. Бүгінгі таңдағы қолдарына әр деңгейдегі билік тиген аудан, қала, облыс әкімдері, министрлер туралы да осыны айтуға болар еді деп ойлаймын.  

Болат БОДАУБАЙ,

жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш»  сыйлығының иегері

Серіктес жаңалықтары