404
Жамбыл жастарына көрсетілер қолдау көп
Жамбыл жастарына көрсетілер қолдау көп
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынды. Мұның өзі Елбасының ел өрендеріне үлкен сенім артып, олардан зор үміт күтетіндігінің айғағы.
«Келесі жылды жастар жылы деп жариялап, іс-шаралар өткізу керек, оған біздің тәжірибеміз бар. Жастарымызды, Қазақстанның болашағын әр салада қолдауымыз керек», – деді президент. 2019 жыл жастардың жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуіне сара жол ашылатыны анық. Бұл тұрғыда Жамбылдық жастар да Елбасы жолдауында айтылған мәселелерді қаперге алып, белсенді жұмыстарын бастап кетті.
Жамбыл облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен Мемлекет басшысы жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиістігін атап өтті. «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясатының басымдылығына айналуы тиіс екенін назарға алды. Әрине, Н.Әбішұлының жалынды жастарға тек еңбек етіп, сол еңбегінің жемісін жеп, Еліміздің өркендеуі үшін бар мүмкіндік жасап отырғанын білеміз. Біз Жамбылдық жастар сол сенімді абыройлы атқарып, келер жылы көптеген іс – шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз», – дейді Тараз қалалық маслихатының депутаты Серікбол Берікқожа.
Бүгінгі таңда жылдам дамып, сәт сайын өзгеріп отырған қоғамда қордаланып қалған, күрмеуі қиын мәселелер көп. Сонымен қатар, жастардың алдына да қойылып отырған мақсат-міндеттер аз емес. Тығырықтан шығудың жалғыз жолы – білімді ұрпақ. Бүгінгі жастардың бақытына орай, тегін білім алып, ғылыммен шұғылданып, идея бөлісіп, оны жүзеге асыруға да толық мүмкіндік қарасытырылып отыр.
Сонымен бірге, өңірде мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыру көлемі жыл санап артып келеді. Осы мақсатқа биылғы жылы қазынадан 574,6 миллион теңге қаржы қарастырылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен баяндады.
Айта кету керек, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға ағымдағы жылы 64 млннан астам қаржы 26 бағытты қамтитын әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсалды. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру басқарманың ұдайы назарында. Бұған қатысты 5 жылға арналған ұзақ мерзімді жоспар әзірленіп, жалпы саны қырыққа жуық іс-шара енгізілген. Бүгінгі таңда облыстағы 12 жастар ресурстық орталығында 371 маман жұмыс істейді. Жыл басынан бері олардың қызметіне 11 мыңнан аса адам жүгінген. Сондай-ақ, басқарманың негізгі бағыттарының бірі - жастарды жұмыспен қамту. Аталған бағытта бірқатар шаралар атқарылып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге өз үлестерін қосуда. Аймақ халқының 21 пайыздан астамын жастар құрайтынын ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Облыстағы жастардың саны 240 222 құраса, соның ішінде, 90 763 қалада болса, ауылдық елді мекендегі жастар саны 149 459 шамасында болып отыр. Жалпы, жастар облыс халқының 21,5 пайызын құрайды. 2018 жылы облыста мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға 574,6 миллион теңге қарастырылған. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2017 жылы бұл мақсатқа 571,5 миллион теңге бөлінген.
Өңірде жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендету мәселесіне үлкен мән берілуде. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2018 жылдың ІІ тоқсанының қорытындысы бойынша, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,4 пайызды құрап, өткен жылдың есепті кезеңінен 1,9 пайыз төмендеген. Айта кету керек, бұл басқа өңірлер арасындағы төменгі көрсеткіштердің бірі. Себебі, республика бойынша көрсеткіш 3,9 пайыз шамасында. Жалпы, есепті кезеңде өңірде 30 бос жұмыс орны жәрмеңкесі өтіп, оған 896 жас тартылды. Нәтижесінде 185 жас тиісті жұмысқа жолдамаға ие болды.