502
Жамбылда 189 елді мекен ауыз сумен қамтылған
Жамбылда 189 елді мекен ауыз сумен қамтылған
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Сондықтан, бүгінгі күні қалалар мен ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар көп. Бұл ретте Жамбыл облысында да нақты шаралар қолға алынған.
Бүгін Жамбыл облысының әкімдігінде өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен тұрғындарды ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша жиын өтті. Онда күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров баяндама жасап, өңірдегі осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысына тоқталды.
Алдымен ауыз су мәселесіне тоқталған басқарма басшысы 2018 жылдың 1 қаңтарында өңіріміздегі 4 қаланы орталықтандырылған ауыз сумен қамту 84,7 пайызды құрағанын жеткізді. Облыстағы қалалар бойынша көрсеткішті ағымдағы жылдың соңына дейін 86,0 пайызға жеткізу көзделген. Көрсеткішке қол жеткізу үшін Тараз қаласында «Бурыл А,Б,В» тұрғын алқабында сервистік желілердің құрылысына биыл республикалық және облыстық бюджеттен 334,6 миллион теңге бөлініп, ұзындығы 46,2 шақырым болатын құбыр жүйелері жүргізілуде екен.
Сонымен қатар, осы алқаптың 12,3 шақырым су құбыры желілерін кеңейтуге арналған құны 183,5 миллион теңге болатын жобаға облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда осы екі жобаның мердігер компаниялары жобадағы жұмыстарды жүргізуде.
Бұдан басқа, «Тараз су» МКК Қант зауыты аумағында құны 205,6 миллион теңге тұратын жоба бойынша 8 көшеге 7,2 шақырым су құбырларын тарту жұмыстарымен айналысуда, қала бюджетінен бөлінген қаржыға 2017 жылы жұмыстар басталған, осы жылы аяқталады.
Жоғарыда айтып өткендей, Қаратау және Жаңатас қалаларында бұл мәселе толығымен шешімін тапқан десек, Шу қаласының орталықтандырылған ауыз сумен қамтылу көрсеткіші төмен. Нұрлан Алдамжаров Шу ауданы басшылығы осы бағытта жобалар әзірлеп, басқа кіші қалалардағыдай халықты толық сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету қажеттігін жеткізді.
Жиында белгілі болғандай, Жамбыл облысының 373 ауылдық елді мекендерінің 189 немесе 50,7 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған, 181 ауыл орталықтандырылмаған сумен қамтылып, 3 ауыл тасымал сумен қамтылған немесе 0,8 пайызды құрады. Сондай-ақ, жиын барысында облыстағы қалалалар мен елді мекендерді газдандыру мәселесі де қаралып, жоспарлар мен кездесіп отырған түйінді мәселелер жан-жақты талқыланды. Өңірдегі елді мекендерді газдандыру жұмыстарына өткен жылы 525 миллион теңге бөлініп, 8 жобалық-сметалық құжаттама дайындалыпты. Оның ішінде облыстағы 6 ауданның 84 елді мекенін газдандырумен қатар, АГРС-1 және АГРС-2-ні қала сыртына шығару жоспарланған. Бұл жұмыс та Тараз қаласы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. «Осы жобалар іске асқан кезде облыстағы газдандырылған елді мекендер саны 265-ті құрайды. Яғни, нәтиже 70 процентке көтеріледі. Ал газдандырылмаған 173 елді мекеннің мәселесін шешу мақсатында келесі жылдан бастап үш жылда бөліп қаржыландыру үшін еліміздің Энергетика министрлігіне газ әкелетін құбыр құрылысына 11 жоба дайындалып, бюджеттік өтінім берілді. Оның ішінде құрылысын келер жылы бастау мақсатында ұзындығы 651 шақырымды құрайтын 8 жобаға бюджеттік өтінім берілді», – дейді Жамбыл облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров.
Басқосу срңында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, жұмыстарды жандандыру керектігін міндеттеді.