ӘУЛИЕАТАДА «ҰЛЫ ДАЛА РУХЫ» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

ӘУЛИЕАТАДА «ҰЛЫ ДАЛА РУХЫ» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

ӘУЛИЕАТАДА «ҰЛЫ ДАЛА РУХЫ» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ
ашық дереккөзі
467
Өткенді екшеп, болашаққа бағдар берер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республикада ауқымды жобалар қолға алынды.Ауқымды әрі ілкімді іске жамбылдықтарда шама-шарқынша үнқосуға ниетті. Осы бағытта жаңашылдықтар мен тың өзгерістерге толы тиянақты тірліктер қыруар. Соның бірегейі Достық үйінде өткен фестиваль болды. Кеше Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» ұйымдастыруымен "Ұлы дала рухы" фестивалі өтті. Фестивалдің мақсаты – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласының негізінде Жамбыл облысының тұрғындарына арналған рухани-мәдени іс-шаралар топтамасын ұсынып, ұлттық салт-дәстүрлерімізді насихаттап, құндылықтарымызды дәріптейтін көрмелер ұйымдастыру. «Іс-шараның мақсаты – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттер аясында ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтардың, ата-бабадан қалған шығармашылық мұраның танымалдығын арттыру. «Ұлы Дала рухы» қатысушыларын қызықты бағдарлама күтіп тұр. Суретші-иллюстраторлардың, жергілікті БАҚ фототілшілерінің сурет және фото көрмесі қызықтырмай қоймайды. Сондай-ақ, концерттік бағдарлама ұйымдастырылған», – дейді Жамбыл облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли. «Достық үйінің» бірінші қабатында Астанадан арнайы келген   иллюстратор-суретші Аңсаған Мұстафаның туындылары мен БАҚ жұмыс жасайтын фототілшілердің сурет көрмелері қойылды. Қазақы болмыс пен ұлттық код, заманауи креатив үйлескен шараға тұздығы арнайы астанадан ат арытып келген Аңсаған Мұстафаның туындылары болды. Әлеуметтік желілер арқылы жұртқа кеңінен танылған суретші-блогер 42  жұмысын әкелген. Бір қарағанда ақ,қара бояумен шимайланып, майда жазулар басылған картиналардың маңызы неде дерсіз? Бірақта бізде ғана емес, әлемде жоғары бағасын алған дүниелер көзі қарақты көрерменнің көңілін күпті етері анық. Әлеуметтік мәселелер қағытпа қалжыңмен өріліп, ащы болса да шындық сайрап тұр. Сонымен қатар бірінші қабатта арнайы хештег рамкасымен «Таразға тілек» фотобұрышы ұйымдастырылды. Бағдарламаға сай, «Таразға тілек» фотобұрышына тілек жазып, суретке түскен келушілерге «Ұлы дала рухы» іс-шарасының арнайы ұлттық тағамдар толтырылған тәбәріктері үлестірілді. Көрме концерттік бағдарламамен жалғасып, жиылғандар жергілікті өнерпаздардың ән-күйлерімен сусындады. Төл өнеріміз айтыста ұмыт қалмай, жастар күлкіге қарық қылды.  Аталған шараға жиналған жұртшылыққа насихатшылар тобы «Жамбылдағы – Рухани жаңғыру» атты ақпараттық брошюраларын таратты. Өңірдегі «Ақ жол», «Арай», «Знамя труда», газеттері мен «Жамбыл ТВ», «77 ТВ» арнасының ұжымдары тараздықтарға БАҚ тарихынан сыр шертетін жәдігерлерін ұсынды. Өңірге белгілі фотографтар Ақәділ Рысмахан, Алтынбек Қартабай, Виктор Барбаш, Юрий Кимнің жұмыстары да көрме төрінен орын алды. Сондай-ақ «Ұлы дала рухы» іс-шарасының концерттік бағдарламасы ұсынылды. Кеште  «Алаш ұлы» тобы, Ғани Мәтебаев, Жазира Сметова, Ербосын Қасымбек сынды әншілер ән шырқады. Ал республикаға танымал айтыскер ақын Рүстем Қайыртай мен Әулиеатаның тумасы Дархан Әбдіманаттың арасында жекпе-жек айтыс өтті. Бұдан бөлек тараздық жас ақындар Жанғазы Ахмет, Нұрболат Жолдасбекұлы, Данияр Әлімқұл жыр сүйер қауымға өлең шумақтарын арнады. Сонымен қатар облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли құттықтау сөз сөйлеп, «Ұлы дала рухы» фестиваліне қатысушыларды марапаттады. Игілікте іске атсалысып, белсенділік білдірген барша ұжым марапатқа лайық деп танылды. Көптің көңілінен шыққан тың бастама алдағы уақытта жаңа форматта жалғасады деген жағымды жаңалық та бар.                

Серіктес жаңалықтары