Инвесторларға көмек көрсетілуі тиіс

Инвесторларға көмек көрсетілуі тиіс

Инвесторларға көмек көрсетілуі тиіс
ашық дереккөзі
Соңғы жылдары ел экономикасына сырттан келіп жатқан инвестицияның көлемі біршама көбейді. Алайда бұл аздық етеді. ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында бұл мәселеге облыс әкімдіктері де белсене кірісу керектігі айтылды.  Яғни, инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту және ел экономикасына тартылатын шетелдік инвестициялардың көлемін ұлғайту кезек күттірмейді. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша инвестициялар тартудың барлық көрсеткіші өсті. Жаңа кәсіпорындар мен жаңа жұмыс орындары құрылуда. Инвесторларға барлық деңгейлерде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуде. Одан бөлек инвестиция тартудың жаңа тәсілдері енгізіліп келеді. Осы тұрғыда Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қосымша жұмыстардың орындалуын талап ететін бірқатар аспектіге назар аударды. Біріншіден, инвесторлармен жұмыс істеу үшін әкімдердің арнайы орынбасарлары тағайындалды, әр өңірде Kazakh Invest өкілдері мен инвесторларға қызмет көрсету орталықтары бар, өңірлік инвестициялық штабтар құрылды. Осылайша, өңірлерде инвесторларды тарту үшін тиімді жұмыс істеуге барлық жағдайлар жасалған. Облыстардың әкімдеріне барлық штабтың жұмысын үйлестіру және өзара іс-қимылды күшейту тапсырылды. Инвестициялар және даму министрлігінің деректеріне сәйкес, биыл 9 айда негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 21,6 пайызға артып, 7,5 трлн теңгені құрады. Тау-кен өнеркәсібінде – 41,4 пайыз, құрылыста – 37,1 пайыз, өңдеу өнеркәсібінде – 26,4 пайыз өсім байқалады. Республикалық деңгейдегі инвестициялардың басым бөлігі Атырау, Астана, Алматы қалаларына тиесілі. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялар көлеміндегі жеке қорлардың үлесі 2018 жылдың 9 айында 73,1 пайызды құрап, 5,5 трлн теңгеге жеткен. Маңызды жобалардың ішінде инвестиция көлемі 83 млн долларды құрайтын техникалық газ өндіретін немістің Linde Group компаниясын, инвестиция көлемі 165 млн долларды құрайтын картоп өңдейтін голландиялық фирманы, инвестиция көлемі 70 млн долларды құрайтын жоғары сапалы әк өндіретін бельгиялық Carmeuse Group компаниясын, инвестиция көлемі 220 млн доллар болатын сода күлін өндіретін түркиялық Yildirim Holding компаниясын, инвестицияларының көлемі 194 млн доллар, болат құбыр шығаратын қытайдың CNPC және цемент өндіретін China Gezhouba Cem компанияларын атауға болады. Алайда инвестициялардың көлемі жеке қаражаттарды тарту жұмыстарын көрсетпейді. Жалпы, Шымкентте инвестициялар 275 пайызға өскен, ал жеке қаржы үлесі тек 65 пайызды құрайды. Осындай жағдай Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында, Астана қаласында белгіленген. Осыған орай, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев әкімдердің назарын жеке инвестициялар тарту көлемін арттыру қажеттігіне аударды. Осы мақсатта жеке кәсіпорындар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдайлар жасау тапсырылды. Бұдан өзге, шет елдердегі өкілдіктерде де бұл жұмыс күшейтіліп, нақты үйлестірілуі тиіс. Елшіліктер негізгі жұмысын инвестиция тартуға бағыттауы қажет. Қандай елден, қай елшіліктің көмегімен қанша инвестициялар тартылғанын анықтау мақсатында, барлық елшіліктер жұмысындағы тартылған инвестицияларға және олардың жұмысының KPI-на талдау жүргізу тапсырылды. Екіншіден, өңірлерде өткізіліп жатқан инвестициялық форумдар: әрбір өңірлік форум қорытындысына сәйкес, бірқатар жобалар бойынша көптеген меморандумдар мен келісімдерге қол қойылады. Бақытжан Сағынтаев қол қойылған меморандумдар бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру сапасын арттырып, талдау жүргізуді тапсырды. Кәсіпорындардың табысты жұмыс істеуі ел экономикасын дамытуға қосымша ықпал етеді. Үшіншіден, Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік инвесторлар елімізге отбасы мүшелерімен бірге келеді. Соған орай, оларды тіркеу, балаларды мектепке дейінгі мекемелермен, мектептермен қамтамасыз ету, медициналық көмек көрсету және басқа да сервистік қызмет көрсетуге қатысты мәселелер жиі туындайды. Осыған байланысты барлық инвесторларға қызмет көрсетуді бір порталда орталықтандырудың маңыздылығы атап өтілді.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік дамиды

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту бойынша биылғы жылдың 10 айында 845 млрд теңгеге 192 мемлекет-жекеменшік әріптестігі шарты жасалғанын мәлімдеді. 15 қазандағы жағдайға сәйкес 1,1 трлн теңгеге 443, ал осы жылдың 10 айында 845 млрд теңгеге 192 шарт жасалды. Аталған кезеңде 142 млрд теңге сомасына 275, ал 10 айда 29,1 млрд теңгеге 49 жоба пайдалануға берілді. Бүгінгі күні жалпы сомасы 1,5 трлн теңгені құрайтын 721 жоба дайындық үстінде. 449 жобаның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салалары қамтылған. Айта кетерлігі, сумен жабдықтау, инженерлік инфрақұрылым сияқты негізгі салаларда мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту әлі күнге ақсап тұр. «Осыған орай мемлекеттік органдарға осы бағыттағы жұмысты бастау ұсынылады. Жоғарыда аталған шарттардың негізгі үлесі өңірлерге тиесілі. 2018 жылы жасалған шарттар саны бойынша Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстары көш басында. Аталған жобаларға тартылған инвестициялар көлемі 100,6 млрд теңгені құрайды», – деді Т. Сүлейменов. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2016-2018 жылдар аралығында өңірлерде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарттарын жасаудың оң нәтиже бергенін тілге тиек етті. Оның айтуынша,  жыл соңына дейін тағы 7 мемлекет-жекеменшік әріптестігі шартын жасау жоспарлануда. Жасалған 68 мемлекет-жекеменшік әріптестігі шартының аясында 44 нысан пайдалануға берілген. Оның ішінде 6 магниттік-резонанстық томограф, 5 компьютерлік томограф, 5 рентген-диагностикалық аппарат орнатылған. Сондай-ақ, 11 дәрігерлік амбулатория, 8 зертхана, алты-алтыдан гемодиализ және офтальмалогиялық орталық, үш-үштен қалалық емхана, оңалту орталығы және 1 жедел жәрдем стансасы ашылды.

Жолдарға төлемақы жүйесі орнатылады

Таяуда Алматы – Қапшағай, Алматы – Қорғас, Астана – Теміртау жол учаскелерінде төлемақы алу жүйесі қолданылады. Келер жылы Шымкент – Ақтөбе – Мәртөк, Шымкент – Тараз – Қайнар және Астана – Павлодар учаскелерінде төлемақы жүйесін орнатуға байқау жарияланбақ. Жалпы, 2020 жылы ұзындығы 6,5 мың шақырым болатын 17 учаске төлемақы алу жүйесімен қамтылмақ. Сонымен қатар жол бойы сервисін цифрландыру үшін «KazWay» мобильді қосымшасы іске қосылып, жол бойындағы сервис ұсынатын барлық нысандар туралы деректерді қамтитын «Transpark» электронды картасы жұмыс істейді. Бұған қоса, көлік бақылауын толық автоматтандыру үшін келесі жылдың шілде айынан бастап ауыр салмақты және ірі көлемді көлік құралдарының жүруіне арнайы рұқсат беру 3-7 күннің орнына автоматтандырылған режімде 15 минут ішінде берілетін болады. 2019 жылдың соңына дейін 416 бағыт бойынша облысаралық және халықаралық жолаушылар тасымалындағы 2 мыңнан астам автобус аталған режімде жолаушылар тасымалдайтын болады.  Сонымен қатар «Smart City» аясында көлік саласында облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда жолақыны электронды төлеу және қоғамдық көлік мониторингі іске асырылып жатыр. Қазір бұл жүйе Астана және Алматы қалаларында толық іске қосылған. Қалған қалалар бойынша 2018-2021 жылдар аралығында іске асыру мерзімімен тиісті жол карталары бекітілген. Теміржол саласын цифрландыру қалай жүріп жатқанына тоқталған «Қазақстан темір жолы» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев: «Цифрландыру компания қызметінің барлық бағытын: теміржол инфрақұрылымын, жүк тасымалы және жолаушылар тасымалын қамтиды. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына кіретін «АСУ» магистральды жобасы аясында 6 мобильді диагностикалық кешен қамтылады. Оның үшеуі желтоқсан айының ортасында, қалғаны 2019 жылдың ортасында жұмысын бастайды», – деді. Осы жылдың 9 айында 17 млн-нан астам билет, соның ішінде 11 млн-нан астам электронды билет рәсімделген. Жылдың соңына дейін электронды билет сату үлесін 75 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.