651
Жоғалған жанрларды жоқтау
Жоғалған жанрларды жоқтау
Газетіміздің өткен нөмірлерінде («Түркістан» газеті, №39,27 қыркүйек, №40, 4 қазан, 2018 жыл) ұлттық құндылықты әрқашан жоғары ұстап, оның дұрыс бағытта дамуына үлкен үлес қосатын қаламгерлердің басын біріктірген «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форумының өткізілгені туралы жазған болатынбыз. Форумды Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп, 20-21 қыркүйекте Астанада ұйымдастырған еді. Форумға алыс-жақын елдерден 50-ге жуық ақын-жазушы келді. Соның бірі – моңғол елінің ақыны әрі жазушысы Гун-Ааважын Аюурзана. Әдебиет жанашырының «Әдебиет транцформациясы һәм жанрлар бәсекесі» атты секцияда жанр турасында айтқан пікірін сөз бен ой қадірін бағалайтын оқырмандарымыздың назарына ұсынуды жөн көрдік.
Біздің дәуірдің уақыт мәшинесі көз ілеспес жылдамдықпен кетіп барады. Көп нәрсе өзгерді, соның ішінде әдебиеттің жеделдігіне қайран қалуға болады. Бүгін біз – «Заманауи әдебиеттің бағыт-бағдары», «Осы заманғы әдебиеттің басты жанры», «Жаңа поэзия» атты қартаң ұстаздың семестрден семестрге секірген шұбалаңқы, таптаурын дәрісінің күні келмеске кеткенін көрдік. Бағдар сәт сайын өзгеріп, «жанр» деген ұғым анықтамасынан ауытқып барады. Әсіресе, поэзияның қай жағы жаңа, қай жағы көне, қайсысы былғанышты, қайсысы жасанды екенін айыру қиынға соғуда.
Біз, бұрынғы социалистік қоғамда оқырманды бір деңгейлі қалыпқа салу үшін арпалысып бақтық. Жалпы оқырманның жеке-дара әлемімен санаспадық. Керісінше, «жасанды көсемнің» көзқарасын әркімнің миына құюды ойладық. Осындай ортада аяқтандық.
Жанр дегеніміз – шығарманың мызғымас анықтамасы еді. Жаңа шығармасын жарияларда көсемсөз зергерлері мен әдебиетшілер «трагедия», «сатира», «батырлар жыры», «тарихи төңкерістік», «тұрмыстық», «лирикалық» деп лақап атау беруі міндетті болатын. Оқырман өзінше пайымдау азаттығынан тысқары болды. Оларға аса құрметті хакімдер мен сарапшылар алдын ала ұғындыратын. Әдеби оқулықтар да бір сарынмен жоғарыдан төмен қарай үгіттеліп, түсіндірілетін. Бұл әйгілі «1984» романынан бастап, «Фаренгейттің 451 градусына» дейінгі шығармаларда көрініс тапқан таныс құбылыс.
Басқа халықтар қайткенін қайдам, Моңғолияда кейбір жанрлар атымен жойылды. «Тарихи төңкерістік» шығармалардың оқырмандары жоғалып, «саяси жанр» деген пайда болды. Соңынан барлық шығарма тек «лиризмге» алмасып, оның да бүкіл мәні жоғалды.
Түр жағынан поэзияда «өлең», «поэма», «өлең роман» деген белгілі үш түрдің соңғы екеуін таңдап жазып отыратын «мақұлық» біржола ғайып болды. Проза тек қана «әңгіме», «повесть», «роман» атты үш бөлек түр кейпінде қалды. Бірақ, ортаңғысымен де қош айтысар түріміз бар. Осылайша жалпы әдебиетте «өлең», «әңгіме», «роман» атты үш қана жанр қалды.
Журнализм ықпалының әдебиетке нақты орныға бастауы сонау Монтеньнің дәуірінен бері «хандық» құрған, қазіргі «эссе» қоғамды сынап, мінейтін «деректі әңгімемен» синтезделіп, шынайы әдебиеттің негізгі үш жанрына ықпал етіп, араласып жүр.
Сондықтан бүгінгі әдебиетте «жанр» деген қатаң сауал қалды ма? Осындай шектеулі түсініктер түбегейлі жойылғаннан кейін әдебиеттің саналық жағынан азат етілген дәуірі келді. Заманауи әдебиеттегі трансформациялық нәтиже бойынша «жанр» деген қалыпты түсінік жойылып барады.
Тарихи романды деректі романға жүктеуге болатындай. Өлең аталатын поэзиялық сананы, сонымен қатар лирикалық қысқа шағын әңгімелерді, кейде тіпті эссені де соған қарай икемдеуге болатын секілді. Сондықтан әдебиеттегі қай жанрды алсақ та бүгінгі бәсекеге қабілетті ме деген сұраққа жауап берудің өзі мүмкін еместей.
Қызықтысы – көп жазушылар өзін таныстырғанда романист, ақын, эссегер, көсемсөзші деп негізгі жазбасындағы жанрларын алға тарта жөнеледі. Сондықтан мақаламен ғана айналысатын журналистерді қоспағанда тек роман, өлең ғана жазатындардың кеңістігі де жуық арада тарыла беретін болады. Меніңше, жанрлардың азат синтезі, яғни интертекстуал секілді интержанр болуы да ғажап емес. Бұл соншама жаңа нәрсе де емес. Көшпенділер әлемінде жазылған ең маңызды туынды «Моңғолдың құпия шежіресі» болса – тарихи дерек, заңнама, ауызша аңыз, көркем эссе, ғажайып ертегі, бақсының мөрі, сонымен қатар ерекше абстрактылы поэтикалық әуезді қамтыған құрылымды дүние. Ешнәрсеге бағынбаған, жаттанды үлгіден тысқары сана көшпенділердің туабітті мінезіне сай келетінін сол туындыдан байқауға болатындай. Әр оқырманға етене «Ағайынды Карамазовтар», «Шебер мен Маргарита» романдары да осындай құрылымда. Сондықтан әдебиеттегі интержанршылдықтың өзі көшпелі қауым үшін түпнегізді пайымының кеңістігін жаңадан бажайлауға, мүмкін нағыз ізденіске жорық жасауға бейімдесе керек. Ал, түзем текті жазушылар үшін саналық жағынан қайта қайту механизмі болуы да ғажап емес. Бұл жөнінде неше сағат бойы түсіндіруге болар еді. Маған бұйырған он минутта жазғанымды ежіктеп оқуға ғана үлгереді екем. Бұдан өзгеге жағдай шектеулі болғанын түсінемін.
ГУН-ААВАЖЫН АЮУРЗАНА,
ақын
Моңғолия