Алматының көркіне құмарлар көп

Алматының көркіне құмарлар көп

Алматының көркіне құмарлар көп
ашық дереккөзі
4613
Бүгінде экономиканы дамытудың маңызды қадамдарының бірі – туристік әлеуетті арттыру. Сондықтан елімізде туризм саласын ілгерілетуге баса мән берілуде. Оның үстіне, Қазақстанда туристік орталыққа айнала алатын аймақтар жетерлік. Ал Алматы шаһарының әсем табиғаты мен көз тоймайтын көрікті жерлері кез келген адамды баурап алары сөзсіз. Осындай мүмкіндікті пайдаланған Алматы қаласы әкімдігі ішкі және сыртқы туризмді дамыту бойынша нақты шараларды жүзеге асыруда. Бүгінде туризм саласы – экономиканың қозғаушы күші ретінде халықты жұмыспен қамтамасыз етудің басты көздерінің бірі. Осыған орай, елімізде Туризмді дамытудың 2023 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жобасы  әзірленіп, туризм саласы мамандарының қызу талқысына түскен. Жобаны 2019 жылдың 1 қаңтарында  бекіту  жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта туризм индустриясының жиынтығы әлемдік ЖІӨ-нің 10 пайызын  құрайтын болса, дағдарысты кезінің өзінде туризм жыл сайын 4-5 пайызға өсіп отырады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында туризмнің кез келген аймақ үшін табыс көздерінің бірі екенін атап өткен болатын: «Бүгінде әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризм кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады. Үкімет виза мәселелерін жеңілдетуді, инфрақұрылымды дамытуды және туризм саласындағы кедергілерді алып тастауды қамтитын кешенді шаралар қабылдауы керек». Президент жүктеген тапсырманы орындау мақсатында Алматы қаласы әкімдігі туризмнің тынысын ашып, арнасын кеңейтуге баса назар аударылып отыр. Мәселен, шаһарда 2020 жылға дейінгі «Туризмді дамытудың 100 қадамы» бағдарламасы әзірленді. Аталмыш бағдарлама бойынша шаһарда тау туризмін дамыту қолға алынбақ. Көпшіліктің қызығушылығына ие бола алатын алмалы шаһардың туристік имиджін қалыптастыру үшін бүгінде фокустық нарықтарды қарқынды ілгерілету, қаланың танымалдылығын және қала туралы ақпараттар ағынын көбейту шаралары қолға алынуда. Алматының әлем елдері алдында, туристер алдында жағымды имиджін қалыптастыру үшін атқарылған жұмыстар да аз емес. Экологиялық және этнотуризм – Алматы қаласының негізгі туристік өнімдері. Алматының экологиялық және этнотуризмінің экономикалық әлеуеті шектеусіз. Туризм және сыртқы байланыс басқармасы экологиялық және этнотуризмді дамыту мақсатында 6 экологиялық туристік бағдарға абаттандыру жүргізді: Медеу – Кімасар, Медеу – Горельник, Медеу – Көкжайлау, Медеу – Бутаковка, Халықтық соқпақ, Алматау – Бутаковка. Сонымен қатар, тура бір жыл бұрын Алматыда «Алматының визит орталығы» атты туристік ақпараттық орталық ресми түрде ашылған болатын. Қаланың Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының мәліметінше, визит орталықтың Алматы тұрғындары мен қонақтарына мегаполистің туристік әлеуеті туралы кәсіби кеңес, жол карталары мен тау бағыттарының атластарын, туроператорлар брошюраларын, мәдени-бұқаралық шаралардың анонстарын береді. Сондай-ақ, экскурсияға, сувенир бұйымдарға тапсырыс алатындығы, ең бастысы, туристер үшін мобильді байланыс операторының SIM-картасын бейімдеуді жүзеге асырады. Мұндай орталықты ашу Париж, Лондон, Дубай, Нью-Йорк, Барселона сынды туризм саласы дамыған қалалар тәжірибесінен алынған. Ал 2018 жылдың басында Алматы қаласының туристік ақпараттық орталығы «Алматы 72» деп аталатын жаңа туристік бағдарлама жасап шығарды. Бұл бағдарлама Алматыға келген туристердің 72 сағатқа немесе одан да көп уақытқа дейін саяхатына арналған. Алматыға келген әрбір туристің қолына әмбебап тізім ұсынылады. Тізімге Алматы қаласының басты көрікті жерлері кіреді. Олар: Медеу мұз айдыны, Шымбұлақ шаңғы орталығы, Көк базар, мұражайлар және т.б. Туристер қазақтың ұлттық тағамдарымен қатар әлемге әйгілі Алматы апортынан дәм тата алады. Барлық шетелдік туристерді 100 пайыз ақпараттандыру үшін шекаралық және кедендік бақылаудан өту кезінде туристерге арналған тізім көрсетілген паспортқа салынады. «Алматы 72» бағдарламасы үш тілде жарық көріп, әуежайда, теміржол станцияларында, Visit Almaty ақпараттық стендтерінде және орталықтың серіктестерінің 40-тан астам нүктелерінде тегін таратылады. Одақ бөлек, Алматыда Дүниежүзілік туристік ұйым мен «Visit Almaty» туристік ақпараттық орталығы арасындағы жартыжылдық келісімшарт аясында Алматы кластерлеріндегі Ұлы Жібек жолы турисінің бейнесін зерттеу бағдарламасы бастау алғаны белгілі. Аталған зерттеу Алматы қаласы әкімдігінің тапсырысы бойынша ДТҰ-мен бірге жүргізілуде және аймақтағы туризмнің дамуында, Қазақстандағы туризм индустриясының мүмкіндіктерін ашуда өте зор маңызы бар. Жобаның негізгі мақсаты мегаполистің туристік әлеуетін арттырып, туризмнің кең қанат жаюына жағдай жасау. Ол үшін шет мемлекеттен келген саяхатшыларға туризмнің барлық талаптарына сай сапалы қызмет көрсету қажет. Серіктестік аясында Дүниежүзілік Туристік ұйым Алматыға келетін туристің бейнесін толықтай зерттеп, қаладағы туризмнің дамуына және сараптама жүйесіне негіз қалап береді. Сонымен бірге аталған ұйым жаңа жұмыс орындарының пайда болу мүмкіндіктерін, Алматы қаласының туризм саласындағы табысының өсуін бағалайды. Алматы қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының дерегінше, Visit Almaty және Дүниежүзілік Туристік ұйымның біріккен зерттеу жұмыстары қала әкімшілігіне Алматы қаласы және облысының туризмін дамыту және қазақстандық туристік нарықтың халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілігін алға жылжытып, Алматы қаласының демалыс пен туризмге қолайлы қала ретіндегі позитивті имиджін қалыптастыруға, маркетингтік стратегияларды жоспарлап, іске асыруға мүмкіндік береді. Шын мәнінде, Алматының әсем көркін тамашалауға келгісі келетін туристер саны өте көп. Бүгінде Қазақ­станға келетін туристердің (ішкі туризмді қоса алғанда) 40 пайызын Алматыға келушілер құрайды. Өткен жылы Алматы әуежайы арқылы 508 мың турист өтсе, ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында бұл көрсеткіш 286 мың туристі құрап, өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға өсіп отыр. Соңғы үш жылдың көлемінде қалаға келуші шетелдік туристер санының еселеп артқаны байқалады. Тек биылғы жылдың алғашқы айларынының өзінде Алматыға келуші шетелдіктердің саны 130 мыңнан асқан. Олардың көбі Индия мен Ресейден, ҚХР-дан, Түркиядан, АҚШ пен ГФР-дан, Оңтүстік Кореядан келген екен. Қала әкімдігінің мәліметінше, халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің, Бүкіләлемдік Универсиаданың, ОЭСР Еуразиялық апталығының, сонымен қатар «Star of Asia», «Spirit of Tengri», «Ұлы дала ойындары», «Алматы Марафон» және «Tour of Almaty» сынды музыкалық, спорттық шаралардың өтуі туристер легіне оң ықпал еткен. Бүгінгі күні мегаполистің туристік әлеуетін арттыру мақсатында Алматы агломерациясының тау туризмі бойынша шеберлік жоспары жасалды, оның құрамына Медеу, Шымбұлак, Алматау және Бутаковка енді. Биылғы жылы әлемдік деңгейдегі Kempinski және Novotel отельдерінің, түрлі бутик – отельдер мен хостелдердің құрылыстарын аяқтау жоспарланған. Жыл аяғына дейін 14 халықаралық агенттіктер үшін БҰҰ-ның өңірлік ХАБ-ы ашылады. Париждің, Станбұлдың, Бангкоктың тәжірибесі мұндай шараның шетелдік туристер легін ұлғайтатынын, халықаралық деңгейде қаланың танымдылығын арттыратынын көрсетті. Жыл сайын Алматыға деген қызығушылық артуда, оны дестинация арқылы әлемдік TripAdvisor тұғырнамасынан көруге болады, онда қалаға қатысты сұраныс 465-тен 66 824 өтінімге өскен. Бұл тұғырнаманы көбінесе АҚШ-тың, Ресейдің, Ұлыбритания мен Индияның, Германияның азаматтары пайдаланады. Жылдың соңына дейін шаһарға келушілер саны арта түсетіні анық. Өйткені қыс мезгілінде Шымбұлақ пен Медеуге келушілер қатары көбейеді. Аталған кешендер Алматы қаласының Медеу ауданында орналасқан. Сондықтан Медеу ауданы туристік әлеуетті арттыруға мүдделі. Соңғы деректерге қарағанда, Шымбұлақ пен Медеуге күніне 28 мың адам келуде. Бұл – өткен жылдың осы маусымымен салыстырғанда екі есеге көп. Ал 2016 жылы Медеу мұз айдынына келген сырғанаушылар саны рекордтық көрсеткішке жетіп, 336 мың адамды құраған. «Global Destіnatіon Cіtіes іndex-тің бағамдауы бойынша, шетелдік турист күніне орта есеппен 245 АҚШ долларын жұмсайды.  Оған қоса, тау туризмінен кіріс жағажай туризмімен салыстырғанда 5 есеге көп. Туризмді ештеңе жоқ жерде дамыта алмайтынымыз айдан анық. Туристке түнейтін жер керек, ішіп-жемін алады, бір жерден екінші жерге дейін барады, яғни ол өзімен бірге тұтастай бір экономиканы дамытатын тізбек. Қонақүйге келгенде туристердің 80 пайызы біздің ауданды таңдайтындығына күмәнім жоқ», – дейді Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев. Еуропа пен Азиядан келетін туристердің 60 пайызын Алматының ерекше табиғаты қызықтыратын көрінеді. Ал туристердің қалған  бөлігі әсем қалаға көңіл көтеру үшін келеді екен. Бүгінде Алматы экономикасының 87 пайызы  қызмет көрсетудің үлесіне тиесілі десек, қалада туристік бизнес жүргізуге қолайлы  жағдайлар қарастырылған. Алматыда 150-ден астам туризм нысандары, 15,5  мың орындық 180-нен астам қонақүйлер мен хостелдер, 1300 туристік ұйым, 2000-нан астам жоғары деңгейлі сервис ұсынатын кафе-мейрамханалар жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш жыл санап өсіп келеді. Биыл әлемдік деңгейдегі 2 қонақүй, 50 шақты кафе мен мейрамхана  ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Алматы қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының хабарлауынша, алдағы уақытта шаһардың туристік инфрақұрылымын арттыруға баса назар аударылмақ. Қазіргі уақытта Алматының басты туристік қақпасы ретінде көлік тораптары қайта жаңғыртылуда. Мәселен, шаһар басшылығы «Қазақстан теміржолымен» бірге «Алматы-1» және «Алматы-2» теміржол вокзалдарын қайта жасау жұмыстарын қолға алды. Өткен жылы Алматыда қоғамдық көліктің 479 бірлігі алынса, биыл тағы да 569 жаңа автобус қатарға қосылады. Бұлардан өзге, туристерді тасымалдайтын туристік компаниялар автобустарының сертификаттары қаралатын болады. Бұл шара қауіпсіздік пен қызмет көрсету сапасын арттырады. Алматы қаласының туристік әлеуетін арттыру мақсатында қыркүйек айында екі күндік «Тур Алматы – 2018» халықаралық кәсіби веложарысы өтті. 15 елден 21 команда қатысқан жарысты «Eurosport» арнасы арқылы әлемнің 60 елі көрді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, миллиондаған көрермен Алматының ең көрікті жерлері мен мәдени-тарихи нысандарын көрді. Бұл өз кезегінде Қазақстанға туристердің назарын аудартқаны сөзсіз. Сондықтан, ұйымдастырушылар жарыс маршрутын қаланың ең көрікті жерлерімен өткізгенін айта кетейік. Алматыны туризм орталығына айналдыру жоспарының бір мысалы – «Туризмді дамыту жол картасы» бағдарламасы. Бағдарлама негізгі екі бағытты айқындап берген. Оның біреуі – халықаралық туризм орталығы ретінде Алматы қаласының тартымдылық имиджін қалыптастыру болса, екіншісі – қала тұрғындары мен қонақтарының демалуға, еркін қозғалуға және саяхатқа байланысты түрлі мәдени, рухани, танымдық қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету. Туристерге ыңғайлы сервис қалаға кірер қақпадан, әуежай мен вокзалдардан басталмақ. Туристі күтіп алудан бастап, елге келетін қонақтың құжатын рәсімдеуді жеңілдету мәселесі, орналасуда, экскурсияларда қолайлы жағдай жасау мәселелері ескерілген. Алматыда туризм саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыс көп. Мәселен, 2013-2016 жылдары алып шаһарға ағылған шетелдік туристердің қатары 37 пайызға артып, 302 мың адамды құрады. Туристерге арналған The Rough Guide басылымының 2014 жылғы рейтингі бойынша, тамашалауға лайықты әлем қалаларының ішінде Алматы жетінші орынға жайғасқан. Беделді басылымның айтуынша, туристерді Алматы қаласының орналасқан орны мен әдемі таулары қызықтырады. Ал 2015 жылы Алматы қаласы ТМД елдері бойынша туристер үшін ең тартымды қалалардың бестігіне кірді. Соңғы жылдары туризм саласындағы бастамалар оң нәтиже беріп келеді. Мегаполиске келетін шетелдік туристер саны 2014 жылдың екінші жартысында екі есеге немесе 137 пайызға артқан. Қазір Алматының туризм саласын дамыту үшін жергілікті билік қолға алған жұмыстарын әрі қарай да жалғастыруға ниетті..   «Бүгінде әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризм кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады. Үкімет виза мәселелерін жеңілдетуді, инфрақұрылымды дамытуды және туризм саласындағы кедергілерді алып тастауды қамтитын кешенді шаралар қабылдауы керек». ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан

Серіктес жаңалықтары