272
Ұстаз – тұтас ұлттың жүрегі
Ұстаз – тұтас ұлттың жүрегі
7 қазан күні Ұстаздар мерекесі республиканың түкпір-түкпірінде ерекше ықыласпен аталып өтті. Ал одан екі күн бұрын, яғни 5 қазан күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жариялап, ұстаздардың мерейін асқақтатты. Онда Елбасы: «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс», – деді. Ұстаздар күні қарсаңында айтылған ең жақсы жаңалықтың бірі – осы. Себебі келешек ұрпақтың білімді, білікті болып өсуі тікелей ұстаздарға байланысты. Бүтін бір жұрттың сауатты болып қалыптасуы да осы ұлағатты кісілердің қолында екені баршаға мәлім.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті жүргізген санақта Қазақстан бойынша күндізгі жалпы білім беретін мектептердегі оқытушылар санының ең жоғары көрсеткіші 2015-2016 жылдарға келген – 325 124 мұғалім. 2016-2017 оқу жылында педагогтар саны 6 мыңға, ал 2017-2018 оқу жылында 28 мыңға кеміп, 296 315 ұстаз жас өркенге білім нәрін септі.
2017 жылғы ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда 4580 мұғалім жетіспейді. Мектептердегі бастауыш сыныптарға 691, математикадан 599, орыс тілінен 587, ағылшын тілінен 445, физикадан 299, химиядан 259, информатикадан 217, музыка пәнінен 270 мұғалім қажет.
Ең қуанышытысы, соңғы екі жылда педагог мамандықтарына бөлінетін гранттар саны едәуір артып келеді. Ал биылдан бастап белгіленген жоспар бойынша ұстаздардың жалақысы да көтерілді.
Жалпы, мұғалімдер қағазбастылықтан шаршаған. Оларды көптеген құжаттарды толтыруға міндеттейді. Осы себептен, ең басты міндеті – білім беруге уақыттары жетпей жатады. Аталған мәселе елімізде жиі көтерілген еді. «Осыған байланысты білім және ғылым министрлігі биыл арнайы бұйрық шығарды. Онда мектеп мұғалімі толтыратын құжаттардың нақты тізімі көрсетілген. Бес құжат қана, ол – журнал, күнделік, балаларды сумативті-формативті бағалау, күнтізбелік және пәндік жоспар. Болды. Мұғалім тек осы құжаттарды ғана толтыруға міндетті. Басқасына уақыт кетіруге міндетті емес», – деген еді вице-министр Асxат Аймағамбетов. Бұйрық 2018 жылдың тамыз айында бекітілді. Тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де осылай болса екен деп тілейміз. Себебі оқытушының басты міндеті – саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ертеңгі күні мемлекетке толтырылған кестелер емес, ісін алға бастайтын білімді маман қажет болады. Осыны ең алдымен мектеп директорлары, аудан және облыс басшылары түсінсе игі.
Мемлекеттегі ұстаздар турасындағы соңғы жаңалықтар, мұғалімдер қауымына деген ерекше ілтипат, шынымен-ақ қуантады. Лайым солай болсын! Себебі ұстаз – мектептің ғана емес, бүтін бір ұлттың жүрегі. Ел болашағының айқындығын бүгін қалыптастыратын асыл тұлғалар да Ұстаздар қауымы.
Ұлт үшін орны ерекше ұстаздар қауымын қашанда төбемізге көтере білейік.