729
Мұнай барлаудың бас қолбасшысы
Мұнай барлаудың бас қолбасшысы
Қашанда кез келген адам өмірбаянының өз тұстастарынан өзгеше беттері болмауы мүмкін. Өзгешелік – артында қалдырған айшықты істері мен мәнді тірлікте емес пе?!
Осындай ғибратты ғұмыр кешкен жан, Лениндік сыйлықтың лауреаты, Атырау, Маңғыстаудағы қыруар кеніштерді ашқан, Отандық геология алыптарының бірі – Халел Жағыпарұлы Өзбекқалиев. Жақында республикалық Н.Ә. Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қорының қолдауымен «Мұнайдан дария жасаған» атты Х.Ж. Өзбекқалиев жайлы ғұмырнамалық кітап жарық көрді. Біз бүгін осы кітапқа алғысөз ретінде енген, Халекеңнің күрделі өмірбаянын және тәуелсіздік жылдарында туындаған мұнай барлау мәселелерін біршама қамтыған «Мұнайшы» қорының атқарушы директоры, белгілі геолог Сайлау Есжанұлы Жылқайдаровтың мақаласын жариялап отырмыз.
1961 жылы Жетібай мен Өзен алып кен орындары ашылып, мұнайдың қор мөлшерін анықтау үшін барлау жұмыстары жалғастырылған мезгіл болатын. Ал 1962 жылдың жазында мен «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресінің құрылымында ашылғанына үш ай болған Өзен мұнайбарлау экспедициясына диплом жазу үшін геология-геофизикалық материалдар жинауға келген едім. Жаздай тәжірибе мен материал жинақтап, күзде дипломдық жобамды жазып, оны қысқа қарай қорғап, институтты бітіріп, келер жылдың көктемінде қолымдағы деканат берген жұмысқа кірісуге құқық беретін бағытнамамен сол Өзен экспедициясына жетіп, жас маман болып, барлаушылық қызметіне араласып кеттім. Бұл – 1963 жылдың сәуір айы болатын. Маңғыстаудағы жұмысымды геолог-барлаушы ретінде бастап, сол түбекте өткізген отыз жылдай өмірімнің басым көпшілігі мұнай барлау қызметімен байланысты болған еді. Сондықтан да Маңғыстауда, қала берді бүкіл республикада мұнай барлау істерін басқарған Халел Жағыпарұлы жайында жазылған ғұмырнамалық кітапқа алғы сөз жазуға құқым бар сияқты.
Экспедицияның бас геологы Халила Махамбетов деген ағамыз мені өзіне көмекші ретінде қасына жақын ұстап, жас маманды жоғары санаттағы инженер жасап шығарамын деп еңбектенген еді. Мен де қазіргі жеткен жас биіктігімнен, жүріп өткен өмір жолымды сараптай келе, сол Махамбетов ағамның еңбегін ақтадым-ау деп ойлаймын.
Махамбетов ағамыз алдымен өндірістік тәжірибеге, содан соң батыс өңіріндегі мұнай саласында еңбек еткен мұнай инженерлерінің туындаған түрлі түйткілдерді қалай шешкеніне баса назар аударатын. Сол кезде бүкіл мұнайшы қауымына белгілі тұлғалар: Сапар Қарымсақов, Сафи Өтебаев, Жолдасқали Досмұхамбетов, Нарен Имашев, Орынбай Бердіғожин, Бөлекбай Сағынғалиев, тағы басқа да мамандар, солармен қатар осы кітаптың кейіпкері Өзбекқалиев туралы да аз айтылмайтын. Махамбетов, әсіресе, Батыс өңірі геологиясының майталмандары Жолдасқали Досмұхамбетов пен Нарен Имашев жайлы айтудан жалықпайтын.
Ал Өзбекқалиевпен Гурьев қаласының бір шетінде ойын ойнап, доп қуалап дегендей, бірге өскендігін, техникумда геологиядан бірге білім алғандығын тілге тиек ете отырып, Халекеңнің балалық шағынан бастап ұйымдастыру қабілетімен қатар үлкенді-кішілі жұмыстарды басқаруды үйіріп әкететіндігін, қатарындағыларға айтқанын жасата алатындығын үлгі ететін.
Мұнай іздеу-барлау жұмыстарының Кеңестер Одағы дәуірінде қалай, ал қазіргі егемендік жағдайында қалай өтіп жатқаны туралы, оған қатысты білетінімізді айтпай, жазбай қалу еліміздің болашағы және жас ұрпақ үшін де, Халел Жағыпарұлы сияқты белгілі тұлғалардың әруағының алдында да азаматтық борышымызды ақтай алмағандық болар еді деп түсінемін.
Осы жерде кітап кейіпкері Өзбекқалиевтің өмірі негізінен мұнай барлау жұмысымен өткендігін тілге тиек ете отырып, еліміздің Батыс өңірінде, соның ішінде Маңғыстау даласында геологиялық зерттеу, мұнайды іздеп, оны тауып, халық игілігіне беру жұмыстарының қысқаша тарихына тоқталып, білгенімізді оқырманға жеткізуді мақсат еттім.
Еліміздің батыс өңірлерінің ауқымында мұнай бар екендігі жайлы алғашқы дерек Ресейдің Петр-І патшасының жарлығымен əскери-топографиялық экспедициясын ұйымдастырушы Бекович-Черкасский жазбаларында көрсетілген.
1768 жылы ұйымдастырылған ғылыми экспедицияның есепнамасында (С. Гмелин, И.Лепехин, П.Паллас) Батыс Қазақстанның геологиясы мен пайдалы қазбалары жайлы кейбір деректер бар, онда көмір, мұнай, жанғыш тақтатастар, өзге де кейбір минералдық шикізаттар туралы айтылған. 1874 жылы Қарашұңғылдағы, Доссордағы жəне Иманқарадағы жер бетіндегі мұнай шығымдарын зерттеген Ресейдің Геологиялық комитетінің тау-кен инженері Д.Кирпичников былай деп жазған: «Мұнайдың мол шоғырлары бар екендігіне ешбір күмəн жоқ, алайда бұл байлыққа қол жеткізу оңайға түспейді, себебі мұнда ауыз су жоқ, елді мекендермен қатынас, шабындыққа қолайлы шалғындар мен далалар да жоқ».
Өз кезеңінің өте білімдар адамдарының бірі боп саналған Григорий Карелин 1827 жылы Қазақ даласының батыс аймағын аралаған, осында топографиялық түсіру жұмыстарын жүргізіп, аймақтың флорасы мен фаунасы туралы мол мәлімет жинаған. 1832 жылы Г.С. Карелин Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауларын зерттейтін ірі Экспедиция журналының алғы сөзінде былай деп жазады: «Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалаулары өзінің географиялық жағдайы тұрғысынан өте маңызды аймақ, алайда ол өзінің осы мəртебесіне сəйкес келетін дəрежеде зерттелмеген. Теңізшілердің кейбіреулері ғана бұл шөлді аймаққа бас сұққан, онда да тиіп-қашып қана. Табиғат зерттеушілерінің ешқайсысы да Гурьев пен Көне Маңғыстау аралығында 900 шақырымнан астам қашықтыққа созылып жатқан жағалауларда болып көрмеген. Бұл аумақ шынында да ауқымды аймақ, ал оның біздің болашақ саудаларымыз бен Орталық Азия елдерімен саяси қатынастарымыздың шын мəніндегі кілті екендігін ескерсек, оның мəртебесі бұрынғыдан да биіктей түседі».
Батыс Қазақстан аймағын зерттеушілер, əсіресе, Маңғыстау түбегіне баса назар аударды. Бұл өңірді зерттеу 1846 жылы басталды, осы жылы М.И. Иванкиннің экспедициясы Маңғыстау түбегінде алғаш рет мұнай белгілерін тапты.
1887 жылы геологтар Н.И. Андрусов пен М.В. Баярунас маршруттық түсіру жұмыстарын бастады. Аймақты геологиялық тұрғыдан бағдарлы түрде зерттеуде жəне оның мұнай байлықтарын ашуда 1892 жылы геолог С.Никитиннің басшылығымен осы өңірге əдейі жіберілген арнаулы экспедицияның маңызы зор болды, оның негізгі мақсаты Түркістанға тартылатын теміржол торабын жəне аймақтың табиғи байлықтарын зерттеу болатын. Бұл экспедиция мұнай шығымдарын зерттеу барысында алғаш рет қолмен бұрғылау станоктарын пайдаланды.
Жайық-Ембі өңірінде, Батыс Қазақстанның өзге де аймақтарында мұнай көздерін іздеу жəне барлау мақсатын көздеген көптеген қоғамдар, серіктестіктер жəне фирмалар пайда болды. Олардың ішіндегі ең ірілері «Жайық-Каспий мұнай қоғамы», «Ембі-Каспий», «Ағайынды Нобелдер серіктестігі», «Ембі», «Орал мұнайы» т.б. деп аталды. Мұнай барлаудың алғашқы нысандары Доссор, Қаратон, Қарашүңгіл жəне Ескене өңірлері болды. «Ембі-Каспий» қоғамының концессиясын иелікке алған С.Леман компаниясы Қарашүңгілде тереңдігі 38 метрден 275 метрге дейінгі 21 ұңғыма бұрғылады. 1899 жылдың қараша айында осында бұрғыланған №7 ұңғыманың 40 метр тереңдігінен жеңіл мұнайдың бұрқағы алынды. Яғни, 1899 жыл қазақ жерінен мұнай көзі ашылуының бастауы болып есептелінеді. Сонымен, мұнай өндірісінің Қазақ даласында өсіп-өркендеуі Доссор кен орнын игеруден бастау алды. Кеңес дәуіріне дейін мұнай іздеу-барлау және игеру жұмыстары шетелдік ірілі-ұсақты серіктестіктер, кəсіпорындар жəне фирмалар күшімен жүргізілді.
1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін мұнайды іздеу жұмыстары кейбір қайта құру шараларын жүзеге асыру қажеттілігін туындатты. Кеңес кезінде мұнай саласы мемлекет меншігіне өткізілді, отандық жəне шетелдік серіктестіктер мен фирмалар таратылды. Бұлардың орнына əртүрлі трестер ұйымдастырылды, оларға мұнай кенорындарын іздеу жəне өндіру құқығы берілді. 1920 жылы мұнай кенорындарын өнеркəсіптік тұрғыдан игеру мақсатында Мəскеу қаласында Орал-Ембі ауданы мұнай кəсіпшіліктерінің Басқармасы құрылды, ол 1922 жылы бүкіл игерім жəне іздеу бұрғылауларын өз билігіне алған «Ембімұнай» тресіне ауыстырылды. Бұл трест Доссор мен Мақатты игерумен қатар, өзге де бұрынырақ анықталған күмбездерде іздеу жұмыстарын жүргізді, мұның нəтижесінде мұнай жатындары 1930 жылы Байшонаста, 1931 жəне 1932 жылдары Сағыз бен Ескенеде табылды.
Жалпы, Батыс Қазақстан аймағының жер қойнауын кешенді түрде саралауға арналған республикалық ғылыми зерттеулердің қалыптасуына 1949 жылы Қазақ геологиясының негізін қалаған ұлттық Академия президенті Қ.И. Сəтбаевтың пəрменімен Гурьев қаласында өткізілген Республика Ғылым Академиясының көшпелі сессиясы үлкен рөл атқарды. Қ.И. Сəтбаевтың басшылығымен өткен, мұнай геологиясының, оны өндірудің, бұрғылау техникасы мен технологиясының көрнекті ғалымдары мен мамандары қатысқан бұл сессияда көмірсутектерді іздеу мен барлаудың, өндіру мен тасымалдаудың, мұнай химиясының көкейкесті түйткілдері талқыланды. Сол сияқты, Маңғыстауда мұнай көздерін іздеу жұмыстарына 1959 жылы Қазақ геологиясының негізін қалаған ҚазКСР ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев пен сол кездегі Гурьев облысының басшысы Нұртас Оңдасынов облыста мұнай саласын әрі қарай дамыту жолдарын анықтауға бүкіл Кеңестер Одағындағы мұнай саласының ғалымдарын қатыстырып, арнайы ұйымдастырған Бүкілодақтық ғылыми-техникалық конференция мұнайды іздеу-барлау жұмыстарының жаңа бағыттарын белгілеп, іске асырғаны көп септігін тигізіп, оң нәтижесін де берген еді. Академиктер Қ.И. Сəтбаев пен А.Л. Яншиннің мұнай іздеу жұмыстарының ауқымын көне Ембіден тысқары аймақтарға шығу арқылы арттыру идеясы көп кешікпей-ақ ғалымдар тарапынан негізделді, Батыс Қазақстанда мұнай-газ саласын дамытудың негізгі бағыттары белгіленді.
1956 жылы Республикамызда Геология министрлігі құрылып, ол министрліктің еліміздің минералдық шикізат ресурстарын, оның ішінде көмірсутек шикізатын одан əрі өркендетуге бағытталған геологиялық барлау жұмыстарының бүкіл кешенін бір орталықтан жоспарлауға жəне бағдарлы түрде жүзеге асыруға мүмкіндік бергендігін айтып, ескерген жөн болар. Сол жылдары Батыс Қазақстандағы мұнай іздеу жəне мұнай өндіру жұмыстарын «Қазақстанмұнай» бірлестігі, «Ақтөбемұнайбарлау», «Оралмұнайбарлау», «Əуегеология» трестері, Қазақстан геофизикалық кеңсесі т.с.с. мекемелер жүргізді, бұлардың басым көпшілігі республиканың Геология министрлігінің құрамына кірді. 1958 жылы Геология министрлігі Гурьев қаласында Батыс Қазақстан геологиялық басқармасын құрды, оның қарамағына осы аймақтағы бүкіл мұнай іздейтін мекемелер топтастырылды.
1950 жылдардың аяғы мен 1960 жылдардың басындағы мұнай іздеу жұмыстарының ауқымы жаңа аймақтардың, бірінші кезекте Оңтүстік Маңғыстау өңірінің тартылуымен сипатталады. Бұл өңірдегі көмірсутегі кен орындарын барынша дəлірек барлау мақсатында 1957 жылы «Қазақстанмұнай» бірлестігінің құрамында «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресі құрылды, ол 1959 жылы Геология министрлігінің Батыс Қазақстан геологиялық басқармасының құрамына өтті.
Сол кездегі маман кадрларды дайындап, алдыңғы шепке жастарды жұмылдыру үрдісімен Маңғыстаудағы треске 1959 жылы басшы болып Халел Жағыпарұлы Өзбекқалиев келген еді. Оны биліктегі партия қызметкерлері қалай үгіттеп, бағыт беріп, жұмысына табыс тілеп шығарып салғандары жайында толықтай кітап мәтінінде суреттелген, мен ол жағдайға тоқталмаймын.
Бұл жерде, осы кітапқа арналған алғы сөз еліміздегі мұнай барлау жұмыстары жайында болғандықтан, мұнай саласының ғылымы қалай басталып, дамығанына да қысқаша тоқталып өткенді жөн санаймын. Батыс Қазақстанды зерттеудің соғыстан соңғы жылдардағы тарихында бұл өңірдің көмірсутек шикізатына деген перспективаларын ғылыми тұрғыдан негіздеуге жəне іздеу-барлау жұмыстарының тиімділігін арттыруға 1946 жылы академик Қ.И. Сəтбаевтың пəрменімен Батыс Қазақстанның табиғи ресурстарын зерттеу мақсатында Ғылым Академиясы əдейі ұйымдастырған Орал-Ембі ғылыми-зерттеу базасы айтарлықтай үлес қосты. Бұл база 1956 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының Мұнай институты, ал 1960 жылы Геология жəне геофизика институты болып қайтадан құрылды, соңғы құрылымдық өзгеріс барысында Институттың химия бағытындағы бөлімшелері Химия жəне табиғи тұздар институты болып жеке отау тікті. 1963 жылы Геология жəне геофизика институты республиканың Геология министрлігінің қарамағына берілді, ол 1972 жылдан бастап Қазақ мұнай барлау ғылыми-зерттеу геологиялық институты (ҚазНИГРИ) деп аталатын болды. ҚазНИГРИ Каспий маңы ойпатының, Оңтүстік Маңғыстаудың, Бозашы түбегінің шөгінді қабаттарының тереңдік геологиялық құрылысын анықтау бағытында маңызды зерттеулер жүргізді, осы зерттеулер негізінде аймақтардың мұнай-газ перспективаларын ғылыми тұрғыдан болжау шараларын жүзеге асырды, мұнай-газ шоғырлану белдемдерін даралап, геологиялық барлау жұмыстарының ұтымды бағыттарын негіздеді. Сонымен қатар, институт Қазақстан аумағын олардың перспективаларына қарай мұнайгазгеологиялық аудандастыру шараларын жүзеге асырды.
Қазақстанның мұнай барлау өндірісінде Аралсор жəне Биікжал аса терең ұңғымаларын бұрғылау (7000 метрге дейін) жəне тұзасты таужыныстар кешенінің мұнайлылығын негіздеу шаралары ірі оқиғалардың санатына жатады. Ал, тұзасты қабаттарынан мұнайдың алғашқы көзі Жаңажолда қалай ашылғаны, оған Өзбекқалиевтің тигізген септігі, орны мен рөлі жайында академик Герой Жолтаевтың естелігінде егжей-тегжейлі көрсетілген.
1970-90 жылдар жалпы Қазақстан үшін нəтижелі, жаңа ашылулар легі дүниеге келген уақыт еді. Қарқынды іздеу жұмыстары Каспий маңы ойысында, Үстіртте, Бозашыда жəне Оңтүстік Торғай ойысындағы Арысқұм ойысында жалғасын тауып жатты. Бұл нысандар тұзасты палеозойы түзілімдерінен ғаламат ірі Қарашығанақ мұнай-газ-конденсат кенорнының ашылуына ізашар рөлін атқарды, сөйтіп Каспий маңы ойысын зерттеудің алғашқы сатысында жорамалданған ғалымдар болжамы іс жүзінде расталды. Қарашығанақ кенорнының ашылуы жер қойнауын барлаушылар ұжымының еселі еңбегін ақтаған ірі табыс болды.
Сонымен, өткен ғасыр ішінде, Кеңес Одағы кезеңінде мұнай барлау жұмыстары белгілі бағыт-бағдарлама негізінде кешенді түрде жолға қойылып, ғылыми-техникалық жетістіктерді орынды пайдалана отырып, сүбелі жетістіктерге қол жеткізген еді. Жалпы барлау, шикізат қорының көлемін жылдан жылға толықтырып отыру жұмыстары Кеңестік дәуірде жоспарлы түрде іске асырылатын. Әр жылда шикізаттың өндірілетін көлемінен артық мөлшерде оның қорын толықтыру жоспарланатын. «Мұнай-газ өндірісі еліміздің экономикасының локомотиві» деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атап өтуіне негіз болуы, қазіргі көмірсутекті шикізат өнімін еселеп өндіріп жатқанымыз осындай оң істердің жемісі. Түбі қайырлы болғай. Олай дейтінім, мұнайды жыл сайын еселеп артығымен өндірудеміз, ал сол өндіру көлеміне сай боларлықтай есепке алынған мұнай-газ қоры толықтырылып жатқан жоқ. Кеңестік дәуірде «Восполнение запасов» деген термин болатын, ол бүгінде түбегейлі ұмытылды. Қазіргі таңда жалпы шикізат саласында геологиялық зерттеу, барлау жұмыстарын мемлекет тарапынан қаржыландыру тоқтатылды, ал жер қойнауын пайдалану Қазақстан Республикасының жаңа заңдарына сəйкес келісім-шарттар негізінде жүргізілетін болды. Басым көпшілігінде инвесторлар тарапынан келісім-шарттармен келетін қаражаттар өндіру жұмыстарында пайдаланылып, іске асуда. Мезгілінде Маңғыстау, Оңтүстік Торғай, Шу-Сарысу сияқты мұнай-газды бассейндер мен Каспиймаңы ойпатындағы Жаңажол, Қарашығанақ сияқты алыптарды ашқан Геология министрлігінің ізі сансыз жүргізілген реформалау арқасында Инвестициялар және даму министрлігі құрылымындағы Геология жəне жер қойнауын пайдалану комитеті түрінде сақталған. Ал ол Комитет еліміздің территориясында геологиялық барлау, зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жоспарлап жүргізуге түбегейлі басшылық етпейді және ондай жұмыстарға мемлекет тарапынан қаржы бөлінбейді. Сондықтан да Өзбекқалиев сияқты барлау істерінде шыңдалған геолог-геофизиктер мен бұрғышылар қауымы, яғни еліміздің барлаушы ұжымдары түгелдей таратылып, бүгінде олардың ізі де жоғалып тынды. Еліміз егемен мемлекет болып, көп жақсы жетістіктерге қол жеткізгеніміз анық, бірақ сол жетістіктер көлеңкесінде геология-геофизикалық зерттеу, байлықты іздейтін геологиялық барлау, терең бұрғылау жұмыстарының жоғалуы бұрынғы барлаушылар қауымы болып саналатын біздің буын өкілдері үшін ауыр соққы еді. Бізді өкіндіретіні, көп жылдар бойы шыңдалған жоғары санаттағы білімді барлаушы мамандары бар бірнеше ірі ұжымдардың таратылуы, жоғалуы.
Мұнай өндіруші компанияларға өндірілетін мұнай көлеміне пропорциялық сәйкестік мөлшерде қаражат бөлуді міндеттесе, ол қаржылар бір орталыққа топтастырылса. Геология комитетінің жоспарлы түрде жүргізетін геологиялық зерттеу, іздеу-барлау жұмыстары қайта жаңғырып, сол қаражатпен қаржыландырылса, елімізде жоғалып кеткен мемлекеттік барлау жұмыстары тіріліп кетер еді.
Тәуелсіздік жылдарындағы жалпы геология және геологиялық материалдар жағдайында тағы бір келеңсіздік орын алған. Көмірсутекті бассейндерде, кез келген кен орнында барлау жұмыстарының, сонымен қатар шикізатты өндіру, басқа да кез келген жер қойнауында жүргізілетін іс-қимылдар барысында белгілі болған геологиялық деректер мемлекет меншігіне әр тоқсан сайын тапсырылып, мемлекеттің геологиялық қорында тіркеліп, сақталуы міндетті түрде жүргізілуі қажет. Ондай алынған жер қойнауының деректері жоғары сапада болуы міндетті. Өкінішке қарай, бүгінгі жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық материалдардың сапалы жасақталуына жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмейді.
Кеңестік дәуірде жер қойнауын пайдаланушылардың геологияға байланысты іс-қимылдарын қадағалайтын аймақтық геологиялық басқармалардың арнайы «Геоконтроль» деп аталатын бөлімшесі болушы еді. Ол бөлімше жер қойнауын пайдаланушылардың іс-қимылдарын қадағалап, барлау алаңдарында, шикізат өндірілетін кен орындарда жүргізіліп жатқан жұмыс барысында алынатын геологиялық деректердің сапасы мен жүріп жатқан жұмыстардың жоба мен инструкцияға сәйкестігі белгілі жоспарлы мезгілдерде тексеріліп тұратын. Бүгінде «Геоконтроль» деген атымен құрыған, бұл дегеніміз болашақ ұрпақ сапалы геологиялық деректерді иелене алмайды деген сөз. Геологиялық деректер топтастырылған ақпараттық материалдар қанша жылдар, ғасырлар өтсе де, архивтық қорда шаң басып жатса да өз маңызын жоймайды, геологиялық деректік маңызы жоғары санатта қала береді.
Дегенмен Ардагер барлаушы-мұнайшылардың бір көңілін толтыратыны – ол елімізде жылдан-жылға мұнай өндірісінің өнімді өндіру қарқынының төмендемей, тек ұлғаюы. Мұнай өндіру қарқынын жылдан-жылға еселеп көбейтуге қол жеткізіп отырған кен орындарының барлығы дерлік сол ХХ ғасыр барлаушылары тауып, ашып, қорын мемлекеттік балансқа тапсырып кеткендігін жас мұнайшы қауым, қала берді еліміздің барлық халқы білуі тиіс!
Сайлау ЖЫЛҚАЙДАРОВ,
Н.Ә. Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қорының атқарушы директоры