Шерхан Мұртаза

Шерхан Мұртаза

Шерхан Мұртаза
ашық дереккөзі
2258

Дүние-жалған

Ақиқаттың алдаспаны

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шерхан Мұртазаның қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртазаның қайтыс болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады. «Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды. Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы «Шерағаң» деп қадір тұтты. Сонау Теміртаудағы еңбек жолымның тікелей куәсі болған ол Тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған жылдарда да жанымда жүріп, елді ілгерілету ісіне зор үлес қосты. Шерхан Мұртазаның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін», – делінген жеделхатта.

«Түркістан-ақпарат»

Қайталанбас қайсар тұлға

Қазақ әдебиеті аса көрнекті жазушысы, публицист Шерхан Мұртазадан айырылды. Алаш арманын ту қылған, ар-намысы алдаспанның жүзінде ойнаған, елінің ертеңін ойлаған тұлғаның орны ойсырап-ақ қалды. Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. 1955 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі, әдеби қызметкері болды. 1963-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің редакторы, «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманағының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992–1994 жылдары ҚР мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болып істеді. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болған. Жазушының әр жылдары «Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахметжанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, «Қара маржан» (1977), бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990- 2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» (К. Смайыловпен бірге) (1998), «Бір кем дүние» (2008) кітаптары жарық көрген. Қазақ руханиятында ұлт қаламгерлерінің ұлы мектебін қалыптастырған, әдебиетіміздің алыбы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза өмірден озды. Қайталанбас қайсар тұлғаның туған еліне, туған жұртына қаралы туды құшақтап көңіл айтамыз!

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі,

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы

Қазақтың алып бәйтерегі құлады

Шерағаңның өмірден өткенін естігенде қазақтың бір бәйтерегі құлағандай әсер етті. Арыстан секілді айбатты, айбарлы кісі еді. Шәкеңмен «Жалын» альманағында, «Жұлдыз» журналында біраз жыл еңбек еттім. Ол кісінің жазушылығын ғана емес, адамдығын, кісілігін, парасаттылығын, әділдігін – бәрін көрдім. Ол өз заманындағы аса ірі тұлға болатын. Оның әділдігінен, айбынынан адамдар тайсалатын. Өйткені бетің бар, жүзің бар демей, ақты ақ, қараны қара деп нақты сөйлейтін. Шерағаң «ана жақтың адамы, мына жақтың адамы» деп бөліп, жатсынбайтын. Бүкіл қазақтың талантты баласын төңірегіне ұйыстыра білді. «Шерханның шекпенінен шықтық» дейтін менің замандастарым көп. Олардың қатарында Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбек, Ерғали Сағат, Кәдірбек Сегізбаев сияқты бір топ шоғыр таланттар Шерағаңнан тәлім алған інілері. Олардың бәрі Шерхан Мұртазаны қатты сыйлайды, құрметтейді. Өйткені оның бауырмалдығын, іскерлігін, ұлтжандылығын күн сайын көзімен көріп, жанында жүріп бойына сіңірді. Шәкеңнің жазған шығармалары қандай биік болса, оның жеке басының адамгершілігі де сондай жоғары болды. Ондай адам тұп-тура біздің заманымызда болды. Қазір дәл Шерағаңдай адамды ақын-жазушылардың арасынан көріп жүрген жоқпын. Ондай әділ қайраткер өте сирек туатын болу керек. Оның шығармасы, ұйымдастырушылық қасиетін көзі тірісінде көрген адамдар ешқашан ұмытпайды. Жатқан жері жайлы болсын! Мемлекеті мықты болса, елімен бірге жасайды деп ойлаймын.

Бексұлтан Нұржеке-ұлы,

жазушы,

 Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Азаматтық парызын орындап кетті

 Шерағаң да бұл дүниеден өтті, кетті. «Мұңлық-Зарлық» дастанында «Мақсұтқа жетіп бәрі де, өтіп кетті дүниеден» деген жолдар бар еді. Шерағаң да мақсатына жетті деп ойлаймын. Әрине, ешқандай адам өмірмен қоштасарда мақсатымды түгел орындадым, бәріне қолым жетті демейді. Керісінше, дәм-тұзы таусылар шақта адамның арманы көбейе түседі, айтатын сөзі молая түседі. Шерағаң өзінің азаматтық кредосын, парызын халқының, елінің алдында абыроймен орындап кеткен азаматтың бірі. Шерхан Мұртаза қазақ журналистикасын аяғынан тік қойып, қазақ журналистикасының мәдениетін, интеллектісін көтерген журналист. Шерағаңның бойындағы ең құрметтейтін қасиет – ол әділдіктің ақ жолында әділдіктің ақ семсерімен өмір сүрді. Қаншама адам буынсыз жерден пышақ ұрып, ренжітсе де, ол сол адамға, оның шығармашылығына ешқашан қиянат жасаған емес. Оны өз басымнан да білемін. «Әй, менің шығармамды жарияламайтын шығар...» деп отырсаң, жоқ, әдемі етіп жарқ еткізетін. Және басқа басшылар сияқты мақтаған мақаланың ішінен фамилияңды алып тастамайтын еді. Оның осындай ерлігі де болды. Өйткені ол үлкен мектептен өтті. Мәскеудегі М. Ломоносов атындағы оқу орнының журналистикасын бітірді. Мәскеуде кім оқымай жатыр дейсіз ғой. Бірақ оның бойындағы тектілігі Шерханды – Шерағаң етті. Оның көркем шығармаларын былай қойғанда, ұлт мәселесін көтерген публицистикасы өз алдына бір төбе. Әсіресе, Камал Смаилов екеуінің баспасөз бетінде бір-бірімен жазысқан хаттары қазақ журналистикасындағы ең бір елеулі оқиға болды. Шерхан Мұртаза депутат болып отырғанда да, талай БАҚ-та басшы болғанда да ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойды. Кез келген мәселені ұлттық тұрғыдан қозғаушы еді. Енді ондай адамдар сиреп барады. Ең соңғыларының бірі – Шерағаң болды. Азулы журналист. Айтқаны ұстаның қаққан шегесіндей дөп тиетін. Тіпті, Елбасымен өткен сұхбаттарда мәселені төтесінен қоюға тайсалмайтын. Міне, осындай батылдығының, азаматтығының арқасында қазақ үшін Шерхан болып қалды. Айта берсек, Шерағаңның қазақ халқының алдында атқарған істері мол. Тұрар Рысқұловты қалай көтерсе, өзі де соның деңгейіне жеткен тұлға. Елі үшін, жері үшін басын қатерге де тікті. Мұндай азаматтар тумайды емес, туатын да шығар, бірақ Шерхан Мұртазаның орны бос тұрады. Біздің буын өкілдерінің бәрі де Шерағаңның шекпенінен шықты. Ешқашан ұмытпайды, ұмытылмайды да. Топырағың торқа болсын! Қош, Шерағаң! Әруағы ұлтын, халқын жебеп-желеп жүре берсін!

Дулат Исабеков,

жазушы,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Мылтықсыз майданның қайталанбас қаһарманы

Ұлт өмірі мен тарихында орны айрықша, мына жарық дүниеге екі туып, екі келмейтін тұлғалар болады. Ондай тұлғаларға дана халқымыз ұлттың ұлы перзенті деп айдар тағып, баға берген. Қазақтың көркем сөзі мен көсем сөзін қоғамдық мінбеге көтеріп, ата-бабаларымыздың айбынды рухын атқа қондыруда Шерхан Мұртазаның атқарғаны ұшан-теңіз. Ол шын мәнінде, ұлттың жоғын жоқтап, ұлыстың намыс-жігерін қалыптастыру үшін Алаш ойлы, Алаш тұлғалы кеңістікке еркін көтерілген сиректеріміздің бірі, бірегейі болатын. Жүрегі ұлтым деп тулап, жаны халқым деп сөйлеген қайсар бітімді, қағілез ойлы ағаның әр сөзі, әр ісі, әр қимылы көз алдымызда. Ол ұрпақ санасын тәрбиелеуде айтарын айтып өткен асқарымыз. Шерағаң қашанда мылтықсыз майданда күн кешкен қаһарман. Ұлттың келешегі, қазақ тілінің талайлы тағдыры, ұлан-байтақтың болашағы үшін күрескен тау Тұлға. Қаламгерлік ғұмыры таусылмайтын айқас, күрес майданына айналған абыз. Жасырмаймын, соңынан ерген інісі, қаламдасы һәм замандасы ретінде қаралы хабарды естіген кезде көкірегіме жас толды. Бұл Шерағаңды жоқтау ғана емес, бұл елдік бүтіндігімізді ойлайтын ер бітімді ұлы тұлғаларға деген құрметтің нышаны еді. Бұл ұлт топырағында қанаттанған, намыс пен жігердің, қажыр мен қайраттың үзілмеуін ұлы Жаратушыдан тілеген үміт пен сенімнің үні еді, дауысы еді. Шерхан аға маған кейде ақ боз атқа шірене қонып, қолына ақ найзасын ұстап, беліне ай қылышын байлап, дала төсін тіліп келе жатқан баяғының батырларын елестетуші еді. Ол кісінің әрбір айтқаны, әр сөзі оқырманына қамшы болатын. Қайсар жанның соңғы кездерде ғана денсаулығы сыр бергені ел есінде. Соның өзінде ажалдың өзін қазағымен үркітіп отыратындай көрінетін. Ажалдың өзін жанына жақын жібергісі келмей, жұдырығын түйіп, халқының жоғын жоқтап жатқандай көрінетін маған. Өз ұлтына ойымен, сөзімен пана болған ұлы тұлғадан айырылып отырмыз. Қазаққа Шерхан Мұртаза секілді біртуар тұлға қай кезде де, қандай кезеңде де керек, әсіресе бүгін керек. Шерағаң шын мәнінде өзінің аңызы мен ақиқаты арқылы көпғасырлық тарихымыздағы ұлыларымыздың санатын байытқан ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың өліара кезеңіндегі ірілеріміздің бірі еді. Не деуге болады? Мұндай қаралы сәтте ұлы даланың байтағында Шерханын жоқтап жатқан үлкенге де, кішіге де жалғыз айтарымыз – басу. Жатқан жері жайлы болсын! Қазақ әдебиетінің, қазақ көркем ойының кеңістігінде Шерхан Мұртазаның өз биігі бар. Сол биіктен ол бізге көпғасырлық тарихы бар ұлттық аңыздарымыздың жалғасындай болып елестейді. Қош, аңыздың ақырғы тұяғы!

Нұрлан Оразалин,

ақын,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Азаматтық тұлғасы халқына сүйкімді етті

Шерхан Мұртазаның өмірден көшуі – қазақ мәдениеті мен ұлт әдебиеті үшін үлкен қаза. Шерағаңның шығармашылық және азаматтық жолына көз тастайтын болсақ, Аллаға шүкір деуге негіз бар. Осынау ғұмырын халқы үшін, елі үшін елеулі еңбекке толы етіп өткізу ердің ісі. Мынау жалған дүниеден азамат ретінде абыройлы кету кез келген пенденің екі дүниедегі арман-тілегі. Міне, Шерағаң осы арманның асуына жеткен азамат. Оның саналы ғұмыры ақпарат құралдары, атап айтқанда «Егемен Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттеріне басшылық етумен өтті. Бүкіл журналистер қауымы өздерін «Шерағаңның шекпенінен шықтық» деп бекер айтпайды. Өйткені Шерағаңның қоластында істеу де бір ғанибет. Бұл бақытқа қол жеткізбесек те, бірақ ол кісі басшылық еткен ақпарат құралдары арқылы тәрбиеленген ұрпақтың біріміз. Сондықтан да қаламгерлер қауымына үлгі болды. Шерағаңның өмірі бодандық дәуірден – бостандыққа қол жеткен, тәуелсіздіктің аяққа тұрған кезеңіне дөп келді. Ол бостандық үшін күресе білді. Шерағаңды сүйкімді әрі халқына абыройлы еткен басты қадамы осы. Шераға, қош бол!

Смағұл Елубай,

жазушы

Қазақ әдебиетіндегі тау тұлға еді

Шын мәнінде, қазақ әдебиеті, қазақ руханияты ауыр қазаға ұшырады. Шарль де Голль қайтыс болғанда Францияның сол кездегі президенті радиодан: «Азаматтар, бүгін Франция жетім қалды!» деген екен. Меніңше, өмірден әр ақын, әр жазушы, әр қаламгер көшкен сайын Қазақстан да жетім қала бермек. Бүгін де сондай күн. Шерағаңның бойындағы бірнеше қасиетті даралап айтқым келеді. Біріншісі, әрине, жазушылығы. Қазақ әдебиетіндегі көркем проза жанрындағы тау тұлға. Әдетте менен «Шерағаңның қай шығармасын атап айтар едіңіз?» деп сұрап жатады. Барлық шығармасы оқырман жүрегіне жол тартты. Бірақ соның ішінде жұрт «Қызыл жебені» тілге тиек етеді. Ал маған керемет ұнайтын шығармасы «41-жылғы келіншек» әңгімесі және «Ай мен Айша» романы. Сосын Шерағаң «Лениншіл жас» газетін басқарып отырған жылдары қазақ әдебиеті үшін тұтас буынды тәрбиелеп шығарды. Олар – Оралхан Бөкей, Сағат Әшімбаев, Тұтқабай Иманбеков, Кәрібай Ахметбеков, Жарасқан Әбдіраш, Шөмішбай Сариев, Қуанышбай Құрманғали, Кәдірбек Сегізбаев. Тағы басқа қаламгерлердің де шығармашылығына қанат бітірді. Шерағаң сияқты ұстаз бұған дейін болған емес. Тағы бір қыры – аудармашылығы. Қырғыздың жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығын қазаққа таныстырған – Шерхан Мұртаза. Бұл кісінің аудармашылығы үшін де қарыздармыз. Үшіншіден, редакторлығы. Шерағаңа жететін редактор қазақта болған жоқ. Дәл осындай бағаны кезінде ақын Фариза Оңғарсынова да берген. Ол: «Шерағаңдай редактор болған жоқ. Бұдан кейін болатынына да күмәнім бар» деп айтқан. «Лениншіл жасты» көп газеттің бірі еткен жоқ. Ол өз уақытында газеттің тиражын 300 мыңға жеткізіп, «Қазақ әдебиеті» жасамаған дүниені қолға алып, әдеби газетке айналдырды. Қазақ ұлтының ұлттық рухын оятатын басылымды өмірге әкелді. Төртінші, қайраткерлігі. Әсіресе, халық қалаулысы болған жылдары ащы шындықты тайсалмай айтқанын күллі қазақ жұрты біледі. «Жерді сату – Анаңды сатумен тең!», «Айыр тіл жыланда ғана болады, ал адамда тіл біреу» деген афоризмге айналған сөздері әр қазақтың жүрегінде! Саясатқа қарсы мұндай батыл сөйлеген тұлға бізде болған жоқ. Әрине, Шерағаңның қазасы қабырғамызға қатты батты. Жатқан жері пейіш болсын!

Есенғали Раушанов,

жазушы-ақын,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Қазақ жазушыларының қызыл жебесі

Бұл – Қазақстан Жазушылар одағы үшін ғана емес, бүкіл ел үшін, елін сүйген әрбір азамат үшін аса ауыр қаза. Әрбір азамат елімнің туын көтерсем, ел үмітін ақтасам, егемен елдің бір кірпіші боп қалансам дейді. Сол мақсатқа жету жолында кедергілер мен қиыншылықтар көп болады. Ал алдынан шыққан қиындықтарға қасқайып қарсы тұрып, діттеген мақсатына қол жеткізу бәріне бірдей бұйыра бермейді. Тіпті, арман-мақсатына қол жеткізе алмай қалатындар да болады. Шерағаң туралы айтсақ, ол – алдына қойған мақсатына жеткен азамат. Бұл кісі қазақтың мұңын биік мінберлерде көтеріп, сол үшін шырылдап, жан жүрегімен халқы үшін, мемлекеті үшін күресіп, кейінгі ұрпаққа өзінің өнегелі өмірімен мәңгі үлгі болып қалады. Шерағаң қазақ жазушыларының ішіндегі нағыз қызыл жебесі еді. Сол қызыл жебеден айырылып қалғанымыз өте өкінішті... Қаралы хабарды естіп, қабырғам қайысып отырғанда мына бір оқиға есіме түсті. «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа жаңа тұрған кезім еді. Алда Түркістан-Сібір теміржолының түйіскеніне 30 жыл толған мерекесі тұрды. Соған орай «Лениншіл жас» газетінде «Күретамыр» деп аталатын сериялық очерктерім жариялана бастаған. Бір күні Шерағаң кабинетке келіп, қолымды қысып, бетімнен сүйіп: «Сен Тұрар Рысқұловты білесің бе?», – деп сұрады. «Білгенде қандай!», – деп жауап бердім. «Орта Азия мен Ресейді, Сібірді жалғаған теміржолды басқару Тұрар Рысқұловқа жүктелген болатын. Бұл міндетті ол кісі абыроймен алып шықты. Содан кейін Орта Азия республикаларының да, Сібірдің де экономикасы күрт өсті. Ал осыны бүкіл қазақ халқы білуге тиіс. Сондықтан сенің осы тақырыпты терең қаузап, толық жазып шыққаның үшін қуаныштымын», – деді Шерағаң қолымнан қысып. Мұрты жыбырлап, көзі күлімдеп тұрып, маңдайымнан сүйгені күні бүгінге дейін есімде. Қош бол, Шераға! Жатқан жеріңіз жарық болсын!

Ерғали САҒАТ,

журналист, жазушы,

Баубек Бұлқышев атындағы

сыйлықтың иегері

КӨКЕМ КӨККЕ КӨТЕРІЛДІ...

Шераға айтқан жұлдызы биік Жуалы соңғы күндері түнеріп, әлсін-әлсін аспан көзі тамшылап тұрды. Ұлы жазушының жанындай жақсы көретін туған жері бір қайғылы хабардың тарайтынын сезгендей түнерген қабағын ашпады. Шерағам айтатын Тәңіртаудың ақ басын қою сұр бұлт торлап, «қыздың қос бұрымына» теңеген Ақсай мен Көксай лай суға толды. Шақпақтың желі күшейді. Сол Шақпақтың желі Көкемді көк аспанға көтеріп әкеткендей. Шерағаның Шақпақ желіне айтқан назы ойыма оралды: «Ай, Шақпақ жел, Шақпақ жел! Кімді ұшырарыңды білмейсің-ау... Арамдардан, әділетсіз хайуандардан тазартсаң еді... ». Қанша дүлей жел болса да, тазарта алмай келеді. Енді ел арасын жамандықтан тазартар Көкемнің аузынан шыққан қанатты сөздері, кітаптарындағы Кісілік қағидаттары қазақ халқының ұзақ уақыт рухын көтеріп, Тәуелсіздігіміздің баянды болуына бастайтыны анық! Халқынан үнемі аласа, көпшілігімізден биік Көкем Алланың қалауымен Көкке көтерілді. Енді қайран Көкем мына өмірдің жақсысы мен жаманын Көктен үнсіз шолады. 1999 жылдың Парламент сайлауында болмысы бөлек, ақылы зерек, сөзі сауытты бұзар жебенің сайгезіндей, қазақтың ай мүйізді асыл азаматының сенімді өкілі ретінде жанында жүріп, екі ай бірге өткізген күн-түнімді өмірімнің ең бақытты күндеріне балаймын. Ұнатпайтын адамын ешқашан жамандамайтын кемел кісіні өмірімде тұңғыш рет сол кезде көрдім. Есесіне, қимасы болса да ақиқатқа келгенде жалындап тұратын отты сөзімен бетінен қайтарып тастайтын қайсар, қайтпас мінезін білдім. Халқының бақыты үшін мансабын да, атақ-даңқын да айырбастай салатын Атпал Азаматты таныдым. Шерхан көкемнің шекпенін, алмас қылыштай уытты да, отты сөзін, кеудесін ешкімге бастырмайтын өр мінезін, жібектей майда жымиысын, әдемі қалжыңдарын, елжіреп тұратын жүрегі мен Елі үшін жанын пида етуге дайын тұлғасын сарғая сағынамыз. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза дертке шалдыққан күнінен бастап бар аяулы сезіміміз үрейге ұласқан. Қайтеміз енді, көкке көтерілген Көкемнің алдынан Алланның нұры шалқысын!

Мақұлбек Рысдәулет,

ардагер журналист

 

АБЫЗ АҚСАҚАЛ, АҢЫЗ ЖАЗУШЫ ШЕРХАН МҰРТАЗАНЫҢ АЙТҚАН СӨЗДЕРІ:

*Жерді сату – Анаңды сатумен тең! *Айыр тіл жыланда ғана болады, ал адамда тіл біреу. *Орындалған арман – бақыт, орындалмаған арман – күйік. *Баласыз адам бақытсыз адам. *Рухы мен намысы сөнген ел – өлген ел. *Көркем әдебиет – ауыр артиллерия болса, публицистика – жеңіл кавалерия. *«Тәуелді» деген ұғымды тудырған күштілер мен обырлар. *Мәдениеттің мәйегі – кітап * Ауыл кетсе, ұлттың ұйтқысы кетеді. *Пейілі жаманды құдай табады. *Шын жазушының көзі көкірегінде болады. *Шындық – ащы һәм ажарсыз. * Рухани азып-тозу – өліммен тең. *Күйреген рухты қайта көтеру – міне, қазіргі таңдағы басты мақсат осы! *Ана тіліміздің мәртебесін көтеру – басқа тілдердің жолын кесіп, бағын байлау емес. «Өзің өлме – өзгені де өлтірме» деген сөз. Зорлықпен тұншықтырылған қазақ тілін тірілту әрекеті. Осы да ұлтшылдық па? Жоқ, әлде әлдекімдердің көңіліне қарап өле беру керек пе? *Ұйықтап жатқан құмырсқаны көрмедім. Бәрі қыбырлап-жыбырлап жем тасып бара жатады. Біз ғой түске дейін ұйықтаймыз. Түстен кейін қыдырамыз. Бай баласы байға ұқсайды, Байланбаған тайға ұқсайды, – деген осы. Жалқаумыз. *Сақтасаң, қазаққа жау болған қазақтан сақта! *Шикі долбар шикі ойдан туады. *Рухани әлемі кең, рухы биік ел – қайсар ел. Ондай елді ешкім жеңе алмайды. Рухы сынған, рухани жүдеген елді жеңу де жеңіл. *Театр көбейсе, түрме азаяды. *Күнәнің ең үлкені – жас баланы алдау. * Тура келген ажалға амал жоқ. Ал тежей тұруға болатын сәтте қолұшын бермеу нағыз тасқұдайлық. *Алтын бар жерде әзәзіл бар. *Мойныңа қарыз қарғыбауын тағып алғаннан артық ауыр нәрсе жоқ. *Тәуелсіздіктің жолы – қатты, дәмі – тәтті. *Жаңаның тамыры – көне. *Жер-ананың өкпе-бауыры – орман. Шыбық шаншы, тал тік! *Өтірік мақтау – асқа у қосып берумен бірдей. *Жау жаманы – жарамсақ. *Онсыз да кірленген дүниені кір басқан дүрбімен қарауға болмайды. *Рух пен намыс – егіз. *Бір адамның рухсыз болуы – сор, ал тұтас ұлттың рухынан айырылуы – қасірет!  

Серіктес жаңалықтары