Аудан аты – адамға қуаныш

Аудан аты – адамға қуаныш

Аудан аты – адамға қуаныш
ашық дереккөзі
Бүгінде еліміздің солтүстік, шығыс, батыс өңірлерін қазақыландыру ісі қызу қолға алынуда. Соның бір дәлелі ретінде таяуда ғана Қостанай облысындағы Таран ауданына Бейімбет Майлиннің аты берілді, ал Шығыс Қазақстан облысындағы Зырян ауданын Алтай деп атау туралы шешім бірауыздан мақұлданды. Таран ауданы мәдениет үйінде тұрғындардың қатысуымен қоғамдық тыңдау өтіп, бірнеше сағатқа созылған жиын нәтижесінде ауданды Бейімбет Майлин есімімен атау жөнінде шешім қабылданды. Осы күні Таран ауданындағы Таран ауылына Әйет есімін беру мәселесі де талқыланып, тұрғындар тарапынан оң шешімін тапты. Жиында ақын Ақылбек Шаяхмет, бейімбеттанушы-ғалым Жұмабек Табын, профессор Қалқаман Жақып сөз сөйлеп, бастаманың маңызына тоқталды. «Бұл – біраз жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе. Бүгінгі қоғамдық тыңдауда бұл түйткілге нүкте қойылды десек орынды. Өйткені аудан тұрғындары бірауыздан қолдады. Әсіресе, бастамаға үн қосқан жастарға, мәслихат депутаттарының жұмысына риза болдым. Тарихи, саяси тұрғыдан алып қарағанда, ауданға Бейімбет Майлин есімінің берілуі дұрыс. Жазушының 125 жылдық мерейтойын айтпағанның өзінде, қазақ халқына сіңірген еңбегіне баға жетпейді», – деді облыстық ономастикалық комиссияның мүшесі Қалқаман Жақып. Оның сөзінше, енді тиісті құжаттар дайындалып, ұсыныс республикалық ономастикалық комиссияда қаралады. Аудан атауын ресми түрде өзгерту үшін 4-5 ай уақыт қажет. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің Зырян ауданына барған сапары кезінде  аудандық мәслихат депутаттары мен жергілікті қауымдастық өкілдерімен кездесуінде ауданды Алтай деп атау туралы ұсыныс талқыға салынды. «Зырянды Алтай деп атау барлық жағынан да келіп тұр. Зырянның тұрған жері Алтай екені рас. Алтай – сан түрлі халықтың шыққан жері, атажұрты. Сол себепті біз қандай киелі жерде тұрып жатқанымызды ешқашан ұмытпауымыз керек. Бұл ең алдымен тарихымызға тағзым. Аудан атын өзгерту экономикалық тұрғыдан да тиімді болары сөзсіз. Неге десеңіз, Алтай – брендтік атау. Бұл өңірге туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді», – деді аймақ басшысы. Аудандық мәслихат депутаты Лариса Гречушникова 27 тамызда Зырян ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітовке жергілікті қауымдастық өкілдері ауданды дамыту және қала мен аудан атын өзгерту жөнінде ұсыныс жібергенін жеткізді. «Бұл ұсынысты депутаттар корпусы қолдап отыр. Қазір кездесулер ұйымдастырылып, қоғамдық пікірлер зерттелуде, 28 қыркүйекте «Горняк» мәдениет үйінде қоғамдық тыңдау өтеді», – деген-ді ол. Депутаттар жаңа атау ауданның жаңа брендін қалыптастырып, инвестиция тартуға, экономиканы дамытуға тың серпін беретініне сенімді. «Бородино» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Бөкежанов Зырян ауданының табиғаты тамаша болғанымен, әзірге туризмді өркендетуге толық жағдай жасалмай отырғанын, жаңа атау осы саланың аяғынан қаз тұруына септесетінін атап өтті. «Жастар да бұл идеяны құптап отыр. Біз Алтай қаласында, Алтай ауданында тұрғымыз келеді», – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Майина Лисовцова. Осылайша, облыс әкімі де, аудандық мәслихат депутаттары мен жергілікті қоғамдық ұйым мүшелері де Зырян ауданы мен қаласын Алтай деп атау ұсынысын бірауыздан қолдады. «Қаламызға да, ауданға да тың серпін керек. Сол серпіннің рухани жаңғырудан басталғаны қуантады. «Алтай» дейтін әлемдік брендті экономикамыздың дамуына пайдаланбау күнә дер едім. Осы  қаланың өркендеуіне үлес қосып, өндіріс қазанында құрыштай қайнаған аға буын бұл өзгерісті құптайтынын мәлімдегім келеді», – дейді Зырян аудандық қоғамдық және ардагерлер кеңесінің төрайымы Элла Гейгер.