427
Таразда «ASPARA Fashion Week» сән апталығы өтіп жатыр
Таразда «ASPARA Fashion Week» сән апталығы өтіп жатыр
«ASPARA Fashion Week» халықаралық сән апталығы Таразда өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бірінші сән көрсетілімінің маусымы биыл мамырда Шымкентте өткен еді. Төрт күннің ішінде әлемнің 18 елінен келген 33 киім дизайнері өз коллекцияларын көрсетіп, әлемдік сән үрдісін паш етеді.
Айта кетейік, халықаралық іс-шараны тараздық дизайнер, «Аспара» модельдік бизнесі колледжінің директоры Айдархан Қалиев ұйымдастыруда.
Сән қойылымының бірінші күнінде Қазақстан, Италия, Франция, Өзбекстан дизайнерлері өз жұмыстарын көрсетті.
Сонымен қатар, ұлтымыздың ұлттық тағамдарын шетелдіктерге насихаттау мақсатында "Дәмді, "Taraz food tourism - 2018" ұлттық тағамдар көрмесі өткізілетін болады. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырған шарада жергілікті аспаздар келушілерге түрлі тағам түрлерін ұсынып, қазақтың салт-дәстүрімен таныстырады.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова арнайы келіп қатысты.
«Біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани Жаңғыру» жобасына бастамашылық ете отырып, біздің салт-дәстүріміздің, ұлттық әдет-ғұрпымыздың, тіліміздің, әдебиетіміздің әрдайым бізбен бірге қалу керектігін атап өтті. Бүгін осы залда әлемге әйгілі дизайнерлер отыр. Таразға қош келдіңіздер», - деді Г.Әбдіқалықова.
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Тараздағы халықаралық сән апталығына келген қатысушылар мен қонақтарды осындай ауқымды іс-шарамен құттықтады.