Еңбек кодексіне қатысты жаңа Заң жобасына ұсыныстар енгізілді
Еңбек кодексіне қатысты жаңа Заң жобасына ұсыныстар енгізілді
Астанада «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен жаңа Еңбек кодексінің жобасына қатысты кезекті кеңес өтті. Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова, ҚР Кәсіп-одақтар федерациясының төрағасы Ә.Құсайынов және «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Н.Әлтаев қатысты.
Елбасының бес институционалдық реформа, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында дайындалған құжатта әлі де толықтыратын тұстар жоқ емес. Өйткені халықтың тарапынан қызу талқыланған Заң жобасына түрлі ұсыныс-пікір білдірушілердің қарасы қалың.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізде еңбекке араласып жүргендердің саны 5,9 миллион адамды құрайды. Бұл ретте Заң бойынша дау туғызатын нормалар мейлінше реттеліп, барлық тарапқа тиімді етіп бекітілсе, еңбек даулары азайып, еңбеккерлердің құқықтары сақталмақ. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары А.Мырзахметов: ««Нұр Отан» партиясы қарапайым халықтың мүддесін қорғай отырып, жұмысшылар мен жұмыс берушілердің арасындағы еңбек қатынастарында әділетсіздіктердің орын алуына жол бермейді. Елбасы Н.Назарбаевтың Ұлт реформасын іске асыру ауқымында партия бірнеше Заң жобаларын дайындап жатыр. Соның бірі Еңбек кодексі. Таяуда бірқатар облыстарды аралап, жұртшылықпен кездесулер өткізіп қайттық. Әсіресе, Жамбыл мен Атырау облыстарындағы еңбек азаматтары кодекстің кейбір тұстарына қатысты сыни көзқарастарын білдіріп жатты. Атап айтқанда, жұмысшылардың еңбек мерзімінен тыс уақытта, мерекелік, демалыс және түнгі ауысымдағы жұмысы үшін қосымша ақы мөлшеріне қатысты нормаға көңілдері толмайды. Сондықтан да Заң жобасын тиянақтау кезінде олардың ұсынысы ескерілуі керек. Өйткені кодекстің жаңа жобасы – әлеуметтік қорғаныс пен экономикалық тиімділіктің арасындағы ұтымды тепе-теңдікті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып табылады», – дейді. Партия Төрағасы бірінші орынбасарының айтуынша, жақында өңірлерге жасаған сапарында Атыраудағы фосфорлық зауыт жұмысшылары еңбек мерзімінен тыс уақыттағы жұмысы үшін төлемақыны 2-ден 1,25-ке дейін қысқартудың орынсыз екендігін жеткізген. Жобаға сәйкес төлемнің осы көлемін бекітіп, қалғаны ұжымдық келісімшарт аясында тараптардың келісімімен қосылатындығы жазылған. Ал бұл жағдайды Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова былайша түсіндіреді: «Құжатты әзірлеу барысында үш жақтың – мемлекеттің, жұмыс берушінің және жұмысшының өзара міндеттерін нақтылап, айқындап бердік. Әсіресе, қарапайым еңбеккерлердің мүддесін барынша ескердік. Еңбекақыны төлеудің барлық ерекшеліктерін ұмытпай, әлеуметтік жәрдемдерді де тиімді етіп, енгіздік. Әрине, бұл Заң жобасы қоғамның ең белсенді тобына тікелей тиесілі болғандықтан, қызу талқылау да, сын да болады. Енді мемлекет негізгі міндеттерді бекітеді. Атап айтқанда, күніне 8 сағаттық, аптасына 40 сағаттық жұмыстан аспау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жылына 24 күннен кем емес еңбек демалысын беру сынды стандарттарды белгілеп бердік. Ары қарайғы еңбек жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы келісімшартпен реттеледі. Ал оның орындалуын мемлекеттік билік қадағалайды», ̶ дейді.
Өткен апта басында «Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракция төралқасының отырысында Еңбек кодексі талқыға салынып, бірқатар тұстарына түзетулер енгізілген болатын. Атап айтқанда, аймақтарда жұмысшылардың келіспеушілігін туғызған баптарына барынша көңіл бөлінген. Нәтижесінде, депутаттар еңбекке мерзімдік ақы төленетін жағдайда жұмысшының бір күндік төлемі 1,5 мөлшерлемесінен кем болмай, кесімді еңбекақы төленетін жағдайда жұмысшының бекітілген күндізгі төлемінің елу пайызын төлеу керектігі туралы бастамаға қолдау көрсету туралы шешім де қабылданған. Өз кезегінде мемлекет минималды стандарттарды бекітіп, еңбек қатынастарының барлық субъектілері тарапынан міндеттемелердің орындалуына қатаң қадағалауды қамтамасыз етуге тиіс. Ал Кәсіпкерлердің «Атамекен» Ұлттық палатасы мен Кәсіподақтар федерациясының өкілдері де Кодекске түзету енгізу бастамасын қолдайтындарын мәлімдеді. Айта кетерлігі, Заң аясында ауыр өндірісте еңбек ететіндер зейнетке 63 емес, 55 жасында шықпақ. Еңбек кодексінің жаңа жобасы қазір Парламентте қаралып жатыр. Қарапайым еңбеккерлердің мүддесін көздеген мәселе бойынша тұщымды ой-пікір айтқан қатысушылар жиын соңында ортақ ұйғарымға келіп, «Нұр Отан» Фракциясы мүшелерінің ұсынысы Үкіметке жолданатын болды.
Еркежан ЖҰМАТАЙ