Қазақы сырлы саз бен сарын

Қазақы сырлы саз бен сарын

Қазақы сырлы саз бен сарын
ашық дереккөзі
Музыка өнері қашанда даму үстінде болатын құбылыс десек, оны әрдайым тұлғалы таланттар өз шығармашылық қуатымен жаңа сатыға көтеріп отырады. ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ музыкасындағы ұлттық негізді сақтай отырып, оны әлемдік биік деңгейге шығара алған Кеңес Дүйсекеев – санаулы саңлақтардың бірі. Музыка әлеміне қадам басып, білім жолы Алматыдағы П.И. Чайковский атындағы музыкалық училищесінен басталған К.Дүйсекеевтің композицияға тереңдеп енуі Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында оқып жүрген кезінен басталды. Сыр елінде дүниеге келіп, Қорқыт атаның қобыз сарынын, Қазанғап, Шал Мырза секілді дәулескер күйшілердің күмбірлеген терең философиялық күйлерінің нәрін бойына сіңіріп өткен оның енді әлемдік музыкаға қарай тереңдеуі басталды. Консерватория жас талантқа Еуропаның классикалық музыка теориясын терең түсініп, дыбыстар гармониясын сезінуіне, композиция ғылымын игеруіне жол ашты. Консерватория қабырғасында жүріп алғашқы музыкалық шығармаларын жазған Кеңес Дүйсекеев – Е.Брусиловский, Қ.Қожамияров, Е.Рахмадиев секілді композиторлардың назарына ілігіп, музыка әлемінде өзін шарқ ұра іздеген мазасыз ізденістерімен сүйсінтті. Ұлттық музыкаға уызынан жарып, шәрбатынан қанып ішкен жас дарынның алғашқы музыкалары кәсіби композицияның формасына сыймай, өзгеше өлшемдермен өрнектелетін. Тіпті, классикалық музыка қалыбын сақтай отырып жазғанның өзінде, жас композитордың туындыларында қобыз сарыны мен домбыраның күмбірі жарыса естіліп, Сыр сүлейлерінің ән-жыр интоннациясы айқын танылып тұратын. Бұл үшін оқу орнындағы ұстаздарынан сын естісе де, өжет мінезді, батыл жас талап алған бетінен қайтпай, керісінше осы саладағы ізденістерін тереңдете түсті. Бұл кейіннен қазақ музыкасында өзгеше арна қалыптастырған Кеңес Дүйсекеевтің бағын ашқан жаңа бағыттың бастауы еді. Кеңес Дүйсекеевтің музыка әлемінде сан түрлі ізденістерге барып, шоқтықты әндер жазуына, түрлі бағыттағы музыкалық туындылар жаратуына оның еңбек жолының да үлкен әсері болды. Ол еңбек жолын мемлекеттік «Гүлдер» ансамблінің бас дирижері және музыкалық жетекшісі болудан бастады. «Гүлдер» ансамблі сол тұста заманауи музыкалық бағытта құрылған аспаптық ансамбль болатын. Ансамбльде классикалық та, ұлттық аспаптар да қолданылатын. Сондықтан оны басқарып, музыкалық топ ретінде дамыту үшін режиссура мен хореографияны терең игерген музыка маманы керек-ті. Міне, осы үдеден шыға білген Кеңес Дүйсекеев алғашқы еңбек жолында-ақ үлкен табыстарға жетті. Ол басқарған «Гүлдер» ансамблі халықтық музыка мен классикалық әуендерді тамаша үйлестірген кәсіби эстрадалық өнер ұжымына айналып, өзінің жаңаша формасымен елдің көңілінен шықты. Жас композитор жаңа бағыттағы музыкалық бағытты ұстанып, конкурстық әндер жазып, талантты жас әншілердің дарын қуатын жарқырата көрсетуге мүмкіндік берді. Одан соңғы кезеңде қазақ теледидарында еңбек еткен Кеңес Дүйсекеев «Тамаша», «Халық – талант қайнары», «Шабыт», «Жастарға арналған музыкалық кештер», «Музыка әлемінде» атты тележобалардың музыкалық жағын өз ізденісімен тереңдетіп, аталған хабарларды халықтың асыға күтетін бағдарламалары дәрежесіне жеткізді. Бүгінде ұлттық арнаның алтын қорында сақталған «Терме» хабарының сапалы түсірілімдері де Кеңес Дүйсекеевтің ізденімпаз композитор екенін айғақтайды. Ұлттық өнер мұраларының насихатталуы кемшін кезде терме өнерін қайта дамытуға еңбек сіңірген композитордың бұл жобасы қазақ музыка мәдениетінің заманмен бірге қайта жаңғырып, екінші тынысының ашылуына жол ашты. «Гүлдерден» кейін «Қазақконцерт» гастрольдік-концерт бірлестігінің музыкалық жетекшісі болып тағайындалған К.Дүйсекеев ауыл еңбеккерлеріне арналған концерттік бағдарламаларды жаңа деңгейге көтерді. Себебі дәстүрлі ән-күй, жыр-термелер мен классикалық музыкаларды бірдей терең игерген композитор тыңдаушы қауымды нағыз өнер туындыларымен сусындатып, оларды түрлі бағыттағы музыканың інжу-маржандарымен қауыштырып отырды. Кеңес Дүйсекеевтің музыкалық біліктілігі жарқырай көрінген тағы бір кезең – оның Қазақстан мемлекеттік теле-радио комитетінің эстрадалық-симфониялық оркестріне көркемдік жетекші және бас дирижер болып қызмет атқарған жылдары еді. Сол тұста бүкіл Одақ бойынша құрылған осындай оркестрлер халыққа танымал бұқаралық әндерді, эстрадалық бағыттағы жаңа әндерді насихаттаса, қазақ еліндегі бұл оркестрдің репертуарында орыс және одақтас елдердің композиторларының шығармалары басымдыққа ие еді. Қазақ жеріне әндері тез тарайтын бұл оркестрді басқаруға келген дарынды композитор оркестр репертуарындағы олқылықты тез аңғарып, оның орнын толтыруға шығармашылық белсенділікпен кірісті. Ол оркестрдің репертуарын қайта қарап, жаңа партитуралар жасау керектігін жақсы түсінді. Осы бағыттағы сәтті ізденістері композитор-жетекшіге абырой әкелді. Аз ғана жылдың ішінде репертуары эстрадалық-симфониялық оркестрге арнап жазылған шығармалармен толыққан шығармашылық ұжым халыққа жаңа шығармаларымен танылды. Оркестрдің жеке орындаушы-әншілері Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Сенбек Жұмағалиев, Мақпал Жүнісова, Ақжол Мейірбеков, Мақпал Дәулетбақова, Нұрлан Өнербаев секілді талантты өнерпаздардың аты шығып, ел арасында үлкен танымалдылыққа ие болды. Әрине, мұның бәрінде композитор Кеңес Дүйсекеевтің биік талабы мен тынымсыз ізденісінің әсері бар. Халықаралық музыкалық конкурстарда шығармалары орындалуымен қатар үлкен жүлделерге ие болуы – композитордың дарын қуатын көрсететін құбылыс. Бұл жағынан алғанда, Кеңес Дүйсекеев – музыкалық өмірбаяны бай композитор. Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Нұржан Қалжан секілді қазақтың талантты әншілері К.Дүйсекеевтің әндерін орындап, халықаралық конкурстардың лауреаттары атанды. Кеңес Дүйсекеевтің «Сәлем саған, туған ел», «Домбыра туралы баллада», «Толғау», «Еркеледің сен», «Ғашықтар әні», «Өкінбе сен», «Қарағым-ай», «Арман, арман», «Ойлан, балам», «Айнакөл» секілді әндері танымал қазақ әншілерінің репертуарынан тұрақты орын алған және оны әр буынның талантты әншілері қайталап орындап, халыққа жиі жеткізіп жатады. Әрбірі өзінше дара қалыпта дүниеге келген бұл туындылар ұлттық ән өнерімізде шоқтықты шығармалар ретінде алтын қорымызға енген. Кәсіби композитор ретінде Кеңес Дүйсекеевтің классикалық бағытта жазған шығармалары өз алдына бір төбе. Оның классикалық жанрлардағы музыкалық шығармалары Ресей, Англия, т.б. елдердің академиялық симфониялық оркестрлерінде ойналғаны белгілі. Композитордың «Жалаңтөс батыр» атты симфониялық поэмасы, труба мен симфониялық оркестрге жазылған концерт-фантазиясы, «О, дүние!» атты кантатасы, «Жыл мезгілдері», романстар циклы, «Астана» симфониясы, камералық оркестрге арналған «Жайлау таңы», «Жайлаудағы көш», фортепианоға арналған сонатасы, рапсодия, романстар, «Мәди», «Аққу» «Жібек» мюзиклдары, «Алдар көсе» опереттасы, «Далам менің», т.б. көптеген туындылары көркем өнердің әр саласында орындалып, тыңдарман қауымның да, кәсіби мамандардың да лайықты бағасын алған. Аталған туындыларда шығарма мазмұнындағы өрістілігі, ширақтық, қазақтың бай ұлттық музыка дәстүрін кәсіби түрде дамыта пайдалану үрдісі ерекшеленіп көрінеді. Кеңес Дүйсекеевтің классикалық бағытта жазған шығармалары арнайы тоқталып өтуге лайық. «Толғау» симфониясы күрделі жанрда жазылған. Кезінде бұл шығарма қазақ музыка мәдениеті үшін ерекше жаңалықтың бірі болды. Қазақтың күй өнерін еске салатын симфонияда ұлттық музыка әуені батыл де еркін көрініп, оның композициялық құрылымы тың формада жасалған. «Жалаңтөс батыр» симфониялық поэмасында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңінде қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан азат ету жолында қан төккен Жалаңтөс Баһадүр бейнесі сәтті ашылған. Дүниені өзінше танып, жақсылықты да, жамандықты да жанымен сезе білетін композитордың «О, дүние!» кантатасы, «Жыл мезгілдері» романстар циклы жеке адам жан-сезімінің көрінісі. Кантатаның психологиялық күйді айқын беретін формалық мүмкіндігі К.Дүйсекеев шығармасында жарқырап көрінген. Жыл мезгілдері туралы шығарма жазу барлық композиторларға ортақ тақырып. Оны аспапты немесе вокалды шығарма ретінде жаза береді. Ал вокалдық қалыпта романс формасымен жазу – композитордың білімі мен шеберлігін сынақтан өткізетін күрделі құбылыс. Бірақ Кеңес Дүйсекеевтің «Жыл мезгілдері» – романстардың табиғат құбылыстарын дәл суреттей алатын мүмкіндігін ұтымды пайдалануымен тыңдарманның жүрегіне жетті. «Жыл мезгілдері» романс циклы арқылы композитор өзінің суреткерлік құдіретін танытып, шығармашылық ерекшелігіне назар аудартты. Композиторлардың жаңаша қырынан көрінуіне мүмкіндік беретін сахналық қойылымдар саласында да Кеңес Дүйсекеев тамаша жетістіктерге жеткен дарын иесі. Оның «Аққу-Жібек» мюзиклы мен «Алдар Көсе» опереттасы композитордың ұлттық музыкалық фольклорға жетік, білікті суреткер екенін танытып қана қоймай, халықтың аңыз кейіпкерлерінің бейнелерін ашуда дәстүрлі ән-күй, жыр-терме сарынына сүйене отырып, жаңа қалыптағы туындыны өмірге әкелді. Көпшіліктің көзайымына айналған ол шығармаларда Кеңес Дүйсекеевтің эпикалық жанрды шығармашылықпен игергені композиторлық қолтаңбасынан айқын аңғарылады. «Жайлаудағы таң», «Көшу» секілді камералық оркестрге, «О, туған жер» атты хор капелласына арнап жазған туындыларында композитор К.Дүйсекеев заманауи жаңашыл музыкалық ағымдар мен бағыттарды пайдаланса да, қазақы саз бен сарынды алға шығарып, өзгеше өрнек жасады. Ұлттық саз-әуенді өз шығармаларына негіз ете отырып, оны заманауи бағытпен ұштастыра отырып гармония жасау – Кеңес Дүйсекеевтің өзіндік стилі. Қазақ музыкасының табиғи байлығын кәсіби композиторлық бағыттың кең көлемде сіңірудің қиындығын мамандар жақсы біледі. Өйткені этникалық ерекшеліктері бар музыкалық пішіндер мен классикалық дәстүрлі пішіндердің қабысуы аса сирек құбылыс. Бұл жағынан алғанда, композитор Кеңес Дүйсекеев бағы жанған сирек шығармашылық тұлғаның бірі деуге болады. Еуропалық классикалық музыка мен ұлттық музыкамыздың синтезін жасап және оны заманауи орындаушылықпен үйлестіре білген композитордың еңбегі шеберлік пен біліктіліктің жоғары дәрежесін көрсетеді. Кеңес Дүйсекеевтің бір бөлімнен тұратын «Астана» симфониясы оның соңғы кезде жазған көлемді ірі шығармаларының бірі. Қазақ елінің өркениет жетістігін көрсететін елордасы – Астана қаласының 10 жылдығына арналған симфониялық шығарма. Бір сөзбен айтқанда, «Астана» симфониясы композитор шығармашылығындағы үлкен орын алатын ерекше бағыттағы музыкалық көркем шығарма. Жалпы, композитор Кеңес Дүйсекеев классикалық бағыттағы шығармаларын былай қойғанда, 200-ден астам әнді дүниеге әкелген. Оның әндері жай ән ретінде емес, ұлттық музыкалық мәдениетіміздің алтын арқауын үзіп алмай, жаңа ғасырда жаңаша түлеуіне жол ашқан туындылар ретінде келгенін атап айту керек. Өткен ғасырдың екінші жартысына қарай құлашы кең, әуені бай қазақ әндері кейінгі жылдарда музыкалық мәдениетімізге сыналап кірген фокстрот, вальс сияқты әуендерге ыңғайланып, соның әсерімен қазақ әндерінің ырғақ-өлшемдері өзгерістерге ұшырай бастаған-ды. Міне, осындай кезеңде қазақ музыкасының ұлттық негізіне қайта оралып, жаңаша түлеуіне үлкен ықпал жасаған композитор Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылығы ұлтымыздың рухани-музыкалық әлеміндегі соны серпіліс болды. Ол – бүгінде халықтың рухани әлемімен біте қайнасып кеткен тұлғалы өнерпаз. Қазақтың мәдени-музыкалық мұрасында лайықты орны бар және туындылары ұлттық байлығымызға айналған композитор Кеңес Дүйсекеев Қазақстан Республикасының мәдениет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа лайық деп санаймыз.  

Халықберген ӘБІЛЖАНОВ,

Қазақ ұлттық өнер университеті Қорқыт ата атындағы ҒЗИ-дың

жетекші ғылыми қызметкері, композитор

Ахмет ӨМІРЗАҚ,

ақын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты