Ел иесі ретінде биікпіз біз...

Ел иесі ретінде биікпіз біз...

Ел иесі ретінде биікпіз біз...
ашық дереккөзі
«Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек. Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» (А. Байтұрсынұлы). «Қазақ тілі бай, таза іргелі жұрт тілі деп бәріміз де айтамыз… Бірақ құр бай, таза деумен тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі болса да, түу басында біздікі секілді таза да, бай болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған. Біздің қазақ тілі бұрын ылғалсыз таза болса да, бұл кезде басқа жұрттармен араласа бастадық, басқа жұрттардың оқуын оқыдық… Бір жағы Бұхар, бір жағы Мекке, Медине, Стамбұлда да оқып қайтқандарымыз бар. Солардың бәрі елге ноғайшылап, арабшылап, сартшылап қайтып жүр. Бұлардың сөйлеген сөзінде, жазған хатында шет жұрттардың тілі аңқып тұр…қазақ тілін іске асыратын болсақ, ең алдымен істің санын салмақтамай, сапасын ескеруіміз керек. Оны құрту үшін ең алдымен бел кемшіліктің қандай екенін білу керек» (М. Дулатұлы). Тіл турасындағы бұл ойлар – халқының болашағына алаңдаған Алаш зиялыларының 1930 жылы 25 қыркүйекте Семей қаласында елдің, тілдің тағдырын талқылаған кеңесте айтқан сөздері.  Нәтижесінде, ана тіліміздің келешегіне шырылдаған Алаш ардагерлері қызылдар қырғынының құрбаны болды. Атылды, айдалды. Қазақ даласын 70 жылға созылған қызыл террор басты. Совет Одағының бір бөлшегіне айналған қазақ елінде ұлт мектептері жабылды. 1980 жылдары Алаштың мәдени-рухани  орталығы болған, халықтың тең жарымынан артығын қазақтар құрайтын Семей қаласындағы 70-тен астам мектептердің екеуі ғана қазақ тілінде дәріс беретін. Тіпті, ел астанасы болған Алматы қаласында да қазақ мектептері санаулы еді. Қазақ тілі талай қилы тағдырды, алмағайып сәттерді бастан кешті. Тек Тәуелсіздіктен кейін ғана туған тіліміздің тарылған тынысы ашылып, өрісі кеңейіп, қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланды. «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек», – деді Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» жолдауында. Ал биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында Президент: «Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде. Орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп, енгізілуде. Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет», – деп көрсетті. Мемлекет басшысының тіл саясатын жүзеге асыру еліміздегі ең ірі мегаполис саналатын Алматы қаласында қарқынды жүргізілуде. Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Алматы қаласының 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітілген. Осыған орай, Тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тілді нығайтуға және Елбасының мемлекеттік тілді ардақтап, басқа тілдерді құрметтеуге дәріптейтін  «Ана тілім – ардағым» мерекелік іс-шарасын өткізді. Онда тіл мамандары тілдерді дамыту саласында атқарып жатқан жұмыстары үшін Алматы қаласы әкімінің атынан алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.  Мерекелік іс-шараға мемлекеттік мекеме басшылары, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қала тұрғындары, студенттер мен оқушылар қатысып, өнер шеберлерінің қатысуымен әзірленген концерттік бағдарламаны тамашалады. Қалада қазақ тілінің қолданылуын дамыту, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мақсатында Алматы қаласындағы этно-мәдени бірлестіктердің қатысуымен «Тіл – татулық тірегі», «Абай оқулары», «Пушкин оқулары», қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қатар меңгерген жастар арасында «Тіл шебері», «Тіл дарын», «Тіл парасат» атты байқаулар ұйымдастырылады. Мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру мақсатында «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Көркемсөз оқу шеберлері», «Тіл мерейі», «Ана тілім – ардағым», БАҚ өкілдерінің арасында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты қалалық байқаулар өткізу дәстүрге айналған. Аталған қалалық байқаулар мен іс-шараларға жыл басынан бері 400-ден аса адам қатысып, 2 мыңға жуық көрермен тартылды. Іс-шараларды өткізу барысында 150-ден аса адам уақытша жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Алматы қаласының көшелеріндегі деректемелер мен көрнекі ақпараттарда Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнама талаптарының сақталуы да тұрақты бақылауда. Жарнама мәтіндерін міндетті түрде тиісті мемлекеттік органмен келісу тәртібі белгіленген. Жыл басынан бері 3 мыңнан аса жарнама эскиздерінің мәтіндері тексеріліп, оның 1 мыңнан астамына орфографиялық, грамматикалық, стилистикалық түзетулер енгізілді. Қазіргі таңда Алматы қаласында 67 024 баланы қамтитын барлығы 756, оның ішінде 181 мемлекеттік және 576 жеке меншік мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бар. Оның ішінде қазақ тілінде білім беретін 254 (33 пайыз), орыс тілінде – 237 (32 пайыз), аралас тілде – 265 (35 пайыз) мемлекеттік балабақша жұмыс істейді. Алматы қаласы бойынша бүгінде 204 мемлекеттік мектеп бар. Олардағы  9 449 сыныптың 4 721-і, яғни 50 пайызы қазақша сыныптар. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Алматыда бірді-екілі ғана қазақ мектебі болса, қазір олардың саны 67-ге жетті. Оған қоса 69 аралас мектеп бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қалада қазақша оқитын балалар саны бар-жоғы 8 мың ғана болатын. Қазір Алматы мектептеріндегі 244 мың оқушының 117 мыңы қазақша оқиды. Алматы қаласы театрлары мен концерттік залдары қала тұрғындары мен қонақтарына мемлекеттік тілде мәдени қызмет көрсетеді. Алматы қаласы мұражайларында экскурсиялар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Ұйымдастырылатын іс-шаралардың 90 пайызы қазақ тілінде өткізіліп жүр. 2011 жылдан бері «Болашақ» корпоративті қорының  қолдауымен голливудтық 23 кинокартина  қазақ тіліне аударылды. Алматы қаласының кинотеатрларында бұған дейін «Моана», «Галактика сақшылары», «Көліктер-3», «Алғашқылар дәуірі», «Тағы бір күн», «Қазақ хандығы. Алмас қылыш», «Соқыр махаббат», «Бір сен үшін» және т.б. фильмдер қазақ тілінде көрсетілген болатын. Қазіргі кезде көрермендер назарына «Суперотбасы 2», «Монстрлар демалыста», «Ральф интернетке қарсы», «Шақылдақ және төрт патшалық» атты фильмдер қазақ тілінде ұсынылуда. Алматы қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне 2017 жылы және 2018 жылдың бірінші жартысында мемлекеттік бағдарлама бойынша 41 726 кітап тек қазақ тілінде алынды. Аталған кезеңде кітапханалар қызметін пайдаланған оқырман саны 933 715 болса, оның 746 972-сі, яғни 80 пайызы қазақ тілді оқырман болды. Алматы қаласында мемлекеттік қызметшілерге қазақ және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылған. Жаңа технологиямен жабдықталған оқу кабинеттері жұмыс істейді. Олардың барлығы іс жүргізуге қажетті құжаттардың мемлекеттік тілдегі үлгілері мен екі тілді электронды сөздіктермен, қазақ тілі орфографиясы мен орыс тілінен қазақ тіліне аударма жасау және тілдерді оқытуда жиі қолданылатын 30-дан астам электронды бағдарламалармен қамтамасыз етілген. Биылғы 2018 жылы 817 тыңдаушы қазақ тілі курсына қатысып  жатса, 350 мемлекеттік қызметші ағылшын тілін үйреніп жүр. Бұған қоса 148 этнос өкілі қазақ тілін, 175 этнос өкілі өз ана тілдерін үйренуде. Бұл жұмысқа 9 қазақ тілінің, 5 ағылшын тілінің, 2 этнос тілінің оқытушысы және 2 әдіскер тартылып отыр. Алматы қаласы бойынша осы жылы бүгінгі күнге дейін  мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін 3 215 қызметкер ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша диагностикалық тестілеуге қатысты. Оның ішінде Алматы қаласы әкімдігінің 1 179 (80 пайыз) қызметкері тестілеуден өтіп, оның нәтижесінде мемлекеттік тілді А1 қарапайым деңгейде – 30 (2 пайыз), А2 базалық деңгейде – 260 (22 пайыз), В1 орта деңгейде – 513 (44 пайыз), В2 ортадан жоғары деңгейде – 367 (31 пайыз), С1 жоғары деңгейде – 9 (1 пайыз) қызметкер меңгерген. «Жер бетінде астанасы, елінің басшысы, аспанда желбіреген байрағы, тіпті ұлтарақтай жері жоқ қаншама ұлт пен ұлыс бар. Ал біз қайсар ұлттың бақытты ұрпағымыз. Жаратқан адамның кеңдігіне береді дейді. Сол сияқты біз туған тілімізді ардақтаймыз, ал өзге тілдерге құрметпен қараймыз. Ел бойынша жасалып жатқан осы мереке де қазақ тілінің ғана емес, Қазақстан халықтарының тілі күні деп аталуы да сондықтан. Бұл көрер көзге мемлекеттік тілді кемсіту деген сөз емес, керісінше, Олжас Сүлейменовше айтқанда: «Тауларды аласартпай даланы асқақтатайық!» деген нақылға көбірек саяды. Біз осындай үлкен гуманистік қағида ұстанған елміз. Өзеуреп, болмашыдан дау шығарып, таласып, «біздің ана тілімізде сөйлейсің» деп, қысым жасап жатқан мемлекеттердің не болып жатқанын көріп жатырмыз. Ел болғасын оның қызығы мен шыжығы қатар жүреді, әрине. Жылы жылы сөйлесе, кімнің інінен шығатынын барлығыңыз жақсы білесіздер. Сондықтан Елбасы ұстанған саясатқа қарап, оның көрегендігін байқауға болады. Мемлекеттік қызметте жүргеннен кейін,  күнделікті осы түйткілмен кездесеміз. Қазіргі таңда, яғни соңғы 5-10 жылдың көлемінде қазақ тілін білмеу әбестікке, кемшіндікке саналатын құбылыс болып бара жатыр. Оның барлығы ұлт пен тілдің шынайы жанашырларының арқасында», – деді әкімнің орынбасары Арман Қырықбаев. Тілдер күніне арналған мерекелік концерт тарихтан сыр шерте отырып, Алаш зиялыларының қазақ тілін қалыптастырудағы жанкешті еңбегін ұрпаққа үлгі етті. «Халықтың халықтан, адамның адамнан озуы – білімде» (М.Әуезов) демекші, қалыптасқан жаңа Қазақстанның ұстанатын мүддесі де осындай. Бірлік, татулық, құрмет, сыйластық. Халқымыз «Бірлік барда тірлік бар» деуі де тегіннен емес. Қазақ кең халық. Осы орайда ана тілді білу – парыз, бірнеше тілді білу – жетістік, ал өзге тілге құрметпен қарау асқан мәдениеттің белгісі болып қала бермек. Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату-тәтті, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру – барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт. Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген жан өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды.  Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз. Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс. Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Кез келген тіл өзге тілмен қарым-қатынасқа түскенде ғана өсіп, өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы