395
Бағаны өсірмеу – басты міндет
Бағаны өсірмеу – басты міндет
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында үш мәселе қаралды. Үкімет мүшелері бұл жиында 2016-2019 жылдарға арналған қолданыстағы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын өзекті етіп, жаңғыртылған жобасын мақұлдады. Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын шарықтатпау жөнінде ұсыныстар айтылды.
Әуелі Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының аясында денсаулық сақтаудың қазіргі мәселелері мен медициналық көмек көрсету сапасын арттыру туралы баяндады. «Қоғам көтеріп отырған денсаулық сақтау саласының өзекті мəселелері 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын толықтыру үшін ұсынылған өзгерту жобасында көрініс тапты», – деді министр. Оның айтуынша, министрлік ресми өтінімдер мен БАҚ беттеріндегі, əлеуметтік желілерде көтерілген бар мəселелерді ескеріп, талдау жасаған. Министрдің баяндамасында денсаулық сақтау жүйесінің негізгі мəселелері алты топқа бөлініп көрсетілді: қызмет көрсету сапасы; білікті мамандардың жетіспеуі; дəрі-дəрмекпен қамтамасыз ету; медициналық жабдықтарды жаңарту; сондай-ақ, халық арасында міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру туралы ақпарат тарату; денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығы; азаматтардың денсаулығының төмен деңгейі. Денсаулық сақтау министрлігі алғашқы көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру үшін мемлекеттік бағдарлама аясында бірқатар маңызды шараларды қабылдамақ. Мəселен, келесі жылдың аяғына дейін министрлік жалпы тəжірибе дəрігерлеріне түсетін жүктемені азайту, мемлекет-жекеменшік əріптестігі арқылы алғашқы медициналық көмектің шағын нысандарын дамытуды көздеп отыр. «2019 жылдың соңына дейін жергілікті атқарушы органдар бір дəрігерге түсетін жүктемені 1,700 адамға дейін азайтуы керек», – деді Е.Біртанов. Бұдан өзге министр қағазсыз құжат айналымына толық көшу арқылы барлық емханалардың қызметін цифрландыруды жалғастыру, соның нəтижесінде медицина қызметкеріне түсетін шамадан тыс жүктемені төмендету қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламада дəрігерлердің біліктілігін арттыру, медициналық ұйымдарды акушер-гинекологтармен жəне анестезиолог-реаниматологтармен жасақтауды 95 пайызға дейін жеткізу көзделген. Медициналық көмектің сапасын арттыру жөніндегі шаралар шеңберінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілмек. Мəселен, биыл 31 млрд теңге сомасында 35 нысанның құрылысы жүргізілсе, 2019 жылы сомасы 55,6 млрд теңге болатын 33 нысанда құрылыс-монтаждау жұмысы жоспарланған. Мұнда 60 пайыздан астамы жекеменшік инвестициялар арқылы қаржыландырылмақ.
Бұдан соң Маңғыстау облысының əкімі Е.Тоғжанов, Ақмола облысының əкімі М.Мырзалин, Қызылорда облысының əкімі Қ.Көшербаев, Алматы қаласының əкімі Б.Байбек, Атырау облысының əкімі Н.Ноғаев, Солтүстік Қазақстан облысының əкімі Қ.Ақсақалов, Қостанай облысының əкімі А.Мұхамбетов, Шығыс Қазақстан облысы əкімінің орынбасары Е.Аймұқашевтың өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар туралы есептері тыңдалды. Баяндалған ақпараттарға сəйкес, көптеген көрсеткіштер бойынша денсаулық сақтау сапасының артуы байқалып отыр. Дегенмен бірқатар облыс əкімдері бағдарламаның бекітілген көрсеткіштерін уақытылы орындамай отырғаны белгілі болды. Осыған орай Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев денсаулық сақтаудың өзекті мəселелері бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Денсаулық сақтау министрлігіне əкімдердің ұсыныстарын қарастырып, мемлекеттік бағдарлама аясындағы жұмыстарды одан əрі белсенділендіру үшін қосымша тетіктерді пысықтау тапсырылды. Сонымен қатар министрлікке дəрі-дəрмектер, медициналық бұйымдар, кадрлармен қамтамасыз ету мəселелері бойынша жұмыстарды жүйелеу, денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық жай-күйі мен заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыру мəселелерін шешу тапсырылды.
Баға шарықтамауы тиіс
Үкімет отырысында əлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын өсірмеу шаралары қаралды. Бұл жайында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев пен Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дəленов, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Евниев айтып берді. Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, биылғы жылдың басынан бері инфляция деңгейі 5-7 пайыз аралығында сақталып отыр. Қыркүйек айындағы инфляция өсімі 0,4 пайызды құраса, жыл басынан бері 3,3 пайыз болды. Жылдық инфляция 6,1 пайыздық көрсеткішті көрсетті. «Бірқатар өңірлерде баға орташа республикалық деңгейден асып түскен. Бұл жағдай Маңғыстау, Атырау, Павлодар облыстары мен Астана, Шымкент, Алматы қалаларында байқалады», – деді Р.Дəленов. Оның айтуынша, бүгінде əлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізіміне 19 азық-түлік өнімі – ұн, нан, макарон, қарақұмық, күріш, картоп, сəбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы мен сары май, сиыр жəне тауық еті, сүт, айран, жұмыртқа, тұз, сүзбе кіреді. Биылғы жылдың 9 айында осы тауарлардың бағасы 0,7 пайызға өскен. Ал нарықты отандық азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету туралы Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев: «Жалпы алғанда, жылдың басынан бері республика бойынша барлық əлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының аздап өскені байқалды. Сонымен бірге кейбір тауарлар түрлері бойынша бағалардың төмендеуі байқалды. Қарақұмық жармасы – 27,2 пайыз, картоп – 22,3 пайыз жəне пияз – 16 пайызға төмендеген», – деді А.Евниев. Үшінші мəселе – Тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) қайта өңдеу жəне кəдеге жарату. Бұл жөнінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев əкімдіктермен бірлесіп, шағын жəне орта бизнес субъектілерін кеңінен тарту арқылы тұрмыстық қатты қалдықтарды заманауи кəдеге жарату жəне қайта өңдеу бойынша шаралар кешенінің жобасы əзірленгенін айтып өтті. «Жыл сайын елімізде 5-6 млн тонна тұрмыстық қатты қалдық түзіледі. 2018 жылдың 8 айында шамамен 3,2 млн тонна болды, оның 330 мың тоннасы немесе 10,5 пайызы қайта өңделді жəне кəдеге жаратылды. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап пластмассаны, макулатураны, картон мен қағаз қалдықтарын, шыныны көмуге тыйым салатын талап күшіне енеді. Бұдан кейін 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап, Қазақстанда құрылыс және тамақ қалдықтарын көмуге де толық тыйым салынатын болады», – деді Қ.Бозымбаев. Энергетика министрлігінің дерегінше, қазіргі кезде елімізде қалдықтарды сұрыптайтын және қайта өңдейтін, қоқыстан жалпы саны 20-дан астам өнім түрін жасайтын 130-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы Б.Сағынтаев Энергетика министрлігіне әкімдіктермен бірге, тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау және өңдеу технологияларын қолдану жұмысын күшейтуді, сонымен қатар халыққа түсіндіру жұмыстарын да ұйымдастыруды тапсырды.