656
Астана мен Алматыда ескі техниканы өткізіп, жаңа тоңазытқыш алуға болады
Астана мен Алматыда ескі техниканы өткізіп, жаңа тоңазытқыш алуға болады
Астана мен Алматыда ескі электро-тұрмыстық техникаларды қабылдап, энергия үнемдейтін жаңа тоңазытқышқа жеңілдік беру науқаны басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған науқанды БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстандағы энергия тұтыну көлемін азайту мақсатында ұйымдастырып отыр. Мұнда ескі немесе істен шыққан тоңазытқыш, электр плитасы сынды тұрмыстық техниканы өткізген тұрғындарға энергия үнемдейтін жаңа тоңазытқышқа 16 500 теңге жеңілдік купоны беріледі.
«Қазақстанда электр энергиясын тұтыну көлемі жылдан-жылға артып келеді. Еліміздегі электр энергиясының құрылымы көп жағдайда көмірге, қазбалы отын түрлеріне негізделеді және сәйкесінше атмосфераға парниктік газдар көп бөлінеді. БҰҰ Даму бағдарламасы аясында біз энергия үнемдеуге және энергетикалық тиімділікке ерекше көңіл бөлеміз. Сондай-ақ, энергетикалық тұрғыда тиімді өнімдерді қолдануды насихаттаймыз. Талдау жүргізу арқылы тұрмыстық құрылғылар арасында ең көп энергияны тоңазытқыш қажет ететінін анықтадық. Жалпы сомасы 33 млн теңгеге 2 мың купон әзірлеп отырмыз», - дейді Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы Тұрақты даму және урбанизация департаментінің басшысы Рамазан Жампейісов.
Өз кезегінде ҚР ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің басқарма басшысы Жақсылық Тоқаев энергетикалық тиімді тұрмыстық құрылғыларды сатып алуды насихаттау қажеттігін жеткізді.
«Бір тоңазытқыш жылына 400 киловатт қуатты тұтынады. Соңғы жылдары шығарылған тоңазытқыштардың энергетикалық тиімділігі артып келеді. Бұрындары А санаты болса, қазір А+, А2+ шығарылды, болашақта А4+ үлгісі де пайда болуы мүмкін. Мемлекет басшысы энергияны үнемдеу, энергетикалық тұрғыда тиімді құрылғыларды сатып алуды насихаттау жөнінде тапсырмалар берді. БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлескен жобамыз да осыған бағытталған», - деді Ж. Тоқаев.
Айта кетейік, жеңілдік купоны арқылы жаңа тоңазытқышты «Мечта» және «Технодом» дүкендерінен алуға болады. Науқан 2018 жылдың 1 қазанынан 1 желтоқсанға дейін жалғасады. Ескі тұрмыстық техникаларды мамандар тегін алып кетеді. Ол үшін Астанада - 8 (7172) 64-25-33 нөміріне, Алматыда - 8 (7273) 11-54-52 нөміріне хабарласу керек.