Қоғам

ДИРИЖЕРДІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ

Өткен аптада Алматыда ҚР мәдениет қайраткері, белгілі дирижер Ықылас Нұрғалиевтің шығармашылық кеші өтті.

Кеште А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектебінің директоры М.Қадыров, ҚР Оқу ісінің үздігі Т.Кәрібаев, «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Б.Тілегенов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Ж.Темірғалиев, қоғам қайраткері Ғ.Бибатырова, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясы, Халық музыкасы факультетінің деканы Н.Аширов, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының концерт жүргізушісі, көркем сөз шебері Г.Байбосынова кеш иесін құттықтап, Ықылас Нұрғалиевтің шығармашылық жолы мен оның қазақ музыкасының насихатталуына еткен ерен еңбегі жайында әңгімеледі.

Кәсіби музыкант және бірнеше оркестрді құрып, дирижерлік жасаған Ы.Нұрғалиевтің өңдеуімен оркестрге түсірілген Қазанғаптың «Боз жорғаның бөгелек қағуы», Шал Мырзаның «Ташауыз», Досжанның «Қыпын» күйін, «Аспаптар шеруі» және «Күй керуен» музыкалық композицияларын «Ақжелең» және «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблдері орындаса, қобызшы Ә.Қарсақбаева Ықылас Дүкенұлының «Аққу аңызы» күйін, саз сырнайшы Эльмира Кашкимбаева халық әуені «Алқоңырды» шебер орындап, тыңдарманның ризалығына бөленді. Ал кешке Якутиядан арнайы келген өнерпаз Юлиана Кривошапкина шаңқобызбен Саха елінің музыкалық композициясын орындап, тыңдаушыларды таңдай қақтырды.

Күнқожа ИСЛАМҚОЖАҰЛЫ

Back to top button