ЖаһанРуханият

Елордада – Еуразия қаламгерлері

Соңғы жылдары қазақ әдебиетіне әлем жұртшылығының назары ауып келеді. Басты себеп – қазақ әдебиетінің өміршеңдігі және тілінің байлығы. Қазақ ешуақытта сөзін ұсақтамаған, жұмбақтап сөйлеп, мәтелдеп жауап қатқан. Қай уақытта да ақыны мен жазушысы сарқылмаған бүгінгі ұрпақ қазақтың әдебиетін келесі бір биікке көтеру үшін отандық және шетелдік ақын-жазушылардың басын қосып, Астана қаласында екі күнге созылған Еуразиялық әдеби форумын өткізді.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен өткен форум «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» тақырыбында өрбіді. Мұндай ауқымды шара 1973 жылы Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Алматыда өтіпті. Осылайша, әлемнің 50-ге жуық елінен келген жүздеген ақын-жазушы жарты ғасырға жуық үзілістен кейін Астанадағы Тәуелсіздік Сарайында бас қосты.

Айтулы шараның алғашқы күнінде Тәуелсіздік сарайында «Адамзат. Шексіздік. Мәңгілік» тақырыбында үш бөлімнен тұратын пленарлық отырыс өтті. Оған Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет модераторлық етіп, түрлі елдерден келген беделді қаламгерлер баяндама жасады. Пленарлық отырыстың «Әдебиет және жаһандық мәселелер» деп аталған бірінші бөлімінде Иран жазушылары қауымдастығының төрағасы Хади Саеди Киасари «Заманауи әдебиет: Өркениеттер қақтығысындағы адам мәселесі» деген тақырыпта баяндама жасап, қазіргі жаһандану заманындағы адам жанының өзгерістері мен бұлтарыстары туралы тұшымды ойларымен бөліссе, Әзірбайжан Республикасының беделді жазушысы Юнус Оғуз «Әлем қауіпсіздігі және әдебиеттің рөлі», Моңғолияның белгілі ақыны Гун-Аажавын Аюурзана «Әдебиет трансформациясы, жанрлар бәсекесі», ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Төлен Әбдік «Жаңа замандағы қаламгер тағдыры» деген тақырыптарды қаузады, ал публицист-саясаттанушы Расул Жұмалы «Әдебиет және идеология: мемлекеттің рөлі» тақырыбында өз ойларымен бөлісті. Оның айтуынша, уақыт өткен сайын әдебиетте заман талабына сай тақырыптар мен кейіпкерлердің ерекшеліктері, әдістер және тағы басқалары өзгеруі мүмкін.

«Тиісінше, 21 ғасырдың әдебиеті немен ерекшеленуі керек? Ол қандай сұрақтарға жауап беруі керек? 50-100 жылдан кейін қандай әдебиеттер оқылмақ? Ертеңгі классиктер кім болмақ? Ғасырлар бойы әдебиет адамның ойын жеткізуші, адалдыққа үндеу жасаушы жалғыз платформа болды десек артық айтпағандық», – деп атап өтті Расул Жұмалы.

Сонымен қатар, жиын соңында қаламгерлер жарыссөзге түсіп, түрлі пікірлермен алмасты. Қазақстан жазушыларымен қатар, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Латвия, Моңғолия, Молдова, Мажарстан елдерінен келген делегаттар сөз сөйледі.

Форумның екінші күнінде «Жаңа заман поэзиясы», «Жаңа заман прозасы», «Драматургияның өзекті мәселелері», «Қазіргі заманғы аударма ісінің хал-ахуалы» сынды секцияларға бөлінген қаламгерлер Қазақстандағы және басқа елдердегі үдерістермен бөлісіп, күрмеуі қиын мәселелерді шешу жолдарын бірлесіп іздеді.

Жалпы, форумда әдебиет саласындағы жаңашылдықтар, оның кемшіліктері мен артықшылықтары кеңінен талқыланды. Ақын-жазушылар көңілдерінде жүрген біраз жылғы ойларын ортаға салып, әлемдегі және Қазақстандағы әдебиет жайынан хабардар болды. Ортақ ұсыныстар мен шешімдер айтылды. Сондай-ақ, форум бірін-бірі талайдан көрмеген жазушы достардың да басын қосып, әңгемелесіп, арқа-жарқа болып қалуына да өз септігін тигізді.

Back to top button