Түркіменстанда қаңтардан бастап газ, электр ақылы болады

Түркіменстанда қаңтардан бастап газ, электр ақылы болады

Түркіменстанда қаңтардан бастап газ, электр ақылы болады
ашық дереккөзі
Түркіменстан үкіметі 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрғындарға газ, электр қуаты, су мен тұзды тегін таратуды тоқтатады. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі - Азатлык радиосы "Хроника Туркменистана" агенттігіне сілтеме жасап хабарлады. Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов "Түркіменстан халқын электр қуаты, газ, ауызсу және ас тұзымен қамтамасыз етуді ретке келтіру туралы" қаулы қабылдады. Құжатта 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Түркіменстан тұрғындары электр қуаты, газ, ауызсу және ас тұзымен жеңілдетілген бағамен ақылы түрде қамтмамсыз етілетіні" айтылған. Түркіменстанда Халық Мәслихатының 25 қыркүйекте өткен жиналысында ел президенті Гурбангулы Бердімұхамедов "қиын кезеңде газға, электр қуатына, ауызсу мен тұз жеңілдікпен берілгенін" еске салған. "Бірақ заман өзгеріп жатыр. Біз қазір жаңа экономикалық жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі күннің талабы - табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қоғам, мемлекет және әрбір адамның нарықтық қатынастарға бейімделуді ақылға салып шешу. Қазір халықтың табысы әлдеқайда өсті. Сол себепті коммуналдық қызметке жеңілдіктер алып тасталады" деген президент. Элекр қуаты, газ, ауызсу төлемі алғашқы президент Сапармұрат Ниязовтың тұсында - 1992 жылы жойылған еді. Әуелде Түркіменстан үкіметі аталған коммуналдық қызметтерді 10 жыл мерзімге тегін тұтынуды енгізіп, кейін оны 2030 жылға дейін ұзартқан. Соңғы жылдары елде астық пен ұн тапшылығы туындай бастаған. Түркімен телеарналары дүкен сөрелерінде азық-түлік толып тұрғаны туралы хабарларды ауық-ауық көрсетіп, президент "мемлекет азық-түлікпен өзін-өзі толық қамтитын жағдайға жеткені" туралы мәлімдейтініне қарамастан, дүкендерде азық-түлік тапшылығы жиі туындайды.