Түркістанға келген алғашқы елші

Түркістанға келген алғашқы елші

Түркістанға келген алғашқы елші
ашық дереккөзі
241
Бүгінде оңтүстік өңірді туристердің орталығына айналдыру күн тәртібіне шықты. Бұған дейін Түркістан облысына құйылып жатқан инвестицияның көлемі де едәуір артқаны мәлім. Енді шет мемлекеттер өңірдің туризмін дамытуға атсалыспақ ниетте. Жақында Индонезия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рахмат Промономен жүздескен Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев екі тарап туризм және сауда-саттық салалары бойынша тығыз байланыс орнатуға келіскенін жеткізді. Түркістан қаласына арнайы келген елшіні қабылдаған өңір басшысы Индонезияның әлеуеті жоғары мемлекет екеніне тоқталды. «Индонезия туризм саласында табысқа жетіп жүрген мемлекет екенін білеміз. Біздің өңір үшін осы елдің туризмді дамыту бағытындағы тәжірибелерін меңгеру маңызды. Себебі Индонезияда Қазақстанды, оның ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көргісі келетін саяхатшылар көп. Әуежай салынған соң, облысымызға туристер ағылатыны анық. Қазір индонезиялықтар Өзбекстанның Самарқан, Бұхара қалаларына жиі саяхаттайды. Оларды облысымызға шақыруға мүмкіндік мол. Өйткені Түркістан облысында тау да, өзен де, көл де, құм да, курортты аймақтар да, тарихи-мәдени ескерткіштер де көп. Түркістан-Самарқан-Индонезия туристік бағытын қалыптастырып, әуе рейстерін аша білсек, туризмді дамытуға тиімді болмақ. Тек туризм саласы емес, сауда-саттық пен экономикалық әріптестікті де нығайтамыз. Өңіріміз Индонезияға бақша өнімдерін, ет пен көкөніс экспорттауға қабілетті. Ол елден де бізге тиімді жобалар ұсынылатынына сенімдімін. Түркістан облыс орталығы атанғалы бері осында ат басын бұрған тұңғыш елші болғаныңыз үшін сізге алғыс айтамын. Еліміз үшін қастерлі қала деп әспеттелетін Түркістанды дамытуға үлес қосамыз, инвестиция салып, бірге жұмыс атқарамыз десеңіздер, әріптестікті тереңдетуге әзірміз. Сізді 28 қыркүйекте Түркістан қаласында өтетін халықаралық инвестициялық және туристік форумға шақырамын», – деген өңір басшысы әріптестік пен достық-экономикалық байланысты нығайта түсу үшін жиі кездесіп, тағы да келіссөздер жүргізуге дайын екенін айтты. Ал Рахмат Промоно Түркістан қаласынан алған әсерін жеткізді. «Өзбекстандағы Самарқан, Бұхара қалаларын аралап көрдім. Бірақ Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі айрықша әсер етті. Сәулетті ескерткіш екен. Менің бұл елдегі миссияларым – саяси және экономикалық байланысты күшейту. Саяси тұрғыда Индонезия мен Қазақстан сенімді әріптестер екенін білесіздер. Түрлі мәселелерде, халықаралық форумдарда қос ел бір-бірін қолдап дауыс беріп жүреді. Енді біз экономикалық және сауда-саттық бағытындағы жұмыстарды тереңдете түсуге ниеттіміз. Сіздерді келесі жылы Индонезияда өтетін туристік көрмеге шақырамыз. Түркістанның туризм саласын дамытуға біздің ел де үлес қосады деген сенімдемін», – деген ол екі ел арасындағы виза мәселесін жеңілдете түсу керектігіне тоқталды. Кездесу соңында облыс әкімі мен мәртебелі мейман бір-бірімен естелік сыйлықтар алмасты. Индонезиядан келген дипломатиялық қызмет өкілдеріне Түркістанның Бас жоспарына ұсынылған жобалар көрсетілді.

Серіктес жаңалықтары