«Қазақстанда жасалған» бренді

«Қазақстанда жасалған» бренді

«Қазақстанда жасалған» бренді
ашық дереккөзі
Бүгінде елімізде отандық ауылшаруашылық өнімдеріне деген сұраныс артып келеді. Сондықтан мемлекет ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі нарықтан бөлек халықаралық нарыққа шығару жұмыстарын қолға алған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуда өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтауды басты назарға алуды ұсынды. Елбасы өнімнің сапасын арттыру бүкіл әлемге танылатын «Қазақстан­да жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік беретінін атап айтты. Сондықтан да қазір еліміздің барлық өңірлерінде табиғи азық-түлік брендін қалыптастыру жұмыстары қолға алынды. Бұл ретте Алматы қаласында да табиғи азық-түлік өнімдеріне ерекше назар аударылып отыр. Алматы қалалық Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының деректері бойынша, отандық ауыл шаруашылығы өнімдері түрлерін көбейту үшін жаңа технологияларды игеріп, өндіріс орындарына жаппай енгізу маңызды. Бүгінде Алматыда 2 миллионнан астам адам тұрады. Сондықтан Алматы тұтыну индексі жоғары көрсеткішке ие болып отырған бірден бір қала. Ең бастысы, Алматы қаласы өзін-өзі қамтамасыз етуге қауқарлы. Бұл ретте қала бюджетіне түсетін пайданың 65 пайызы шағын және орта бизнестің еншісінде екенін айта кеткен абзал. Мегаполисте ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін өндіріс ошақтары жеткілікті. Алматы қаласының аумағында өндірілетін өнімнің 60 пайызы ішкі нарыққа шығарылса,  қалғаны сыртқы нарыққа жөнелтілуде. «Қазақстанда жасалған» брендін ішкі нарықта алға жылжыту  мақсатында Алматы қаласында халық тұтынатын отандық тауарлардың жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкенің мақсаты – тұрғындардың отандық өнім туралы ақпараттандырылуын кеңейту, отандық өндірушілер мен олардың өнімдерін  көпшілікке тарату. Бұл жәрмеңке келушілердің қазақстандық өніммен танысуына мүмкіндік береді.  Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары Қазақстанда жасалған тауарларды шетелдік тауарлармен салыстыра отырып, отандық өнім бағасы жағынан ғана емес, сапасы жағынан да бәсекеге қабілетті екеніне көз жеткізеді. Ал халық тұтынатын қазақ­стандық тауарларға сұраныстың жоғарылауы кәсіпкерлерді  осы салаға қаржы салуға ынталандырады. Жалпы, жәрмеңке алдағы уақытта қазақстандықтар «Қазақстанда жасалған» деген логотипі бар тауарларды мақтанышпен сатып алуына және пайдалануына бағытталған. Сонымен бірге, мұндай жәрмеңкелер жергілікті өндірушілердің өніміне деген қызығушылығы мен сенімін арттыруға ықпал ететінін атап өткен жөн. Бұл өз өндірісін ашуды жоспарлап жүрген кәсіпкерлерге де үлгі болмақ. Алматы қаласының әкімдігі тұрғындарды өз өнімдерімен қамтамасыз ету үшін барын салуда. Мәселен, жергілікті билік Алматыдағы жылыжайда өсірілетін егін қарқынын арттыру үшін субсидия беруге ниетті. 11 гектар жерді қамтитын жылыжайдан биыл 7 мың 400 тонна көкөніс өнімі алынады. Былтырғы жылмен салыстырғанда 400 тоннаға артық. Ақылды техниканың арқасында бұл аумақта ауа температурасы 25-тен әрі аспайды, ал ылғалдылық көлемі 75 пайыз деңгейінде сақталады. Қиярдың көшетін жылына 3 рет отырғызып, 3 рет өнім алуға болатын болса, қызанақты бір рет егіп, 9 ай бойы таза табиғи экологиялық өнім алуға болады. Сондықтан да оны сабағынан үзіп алып жей берсеңіз де, ешқандай қаупі жоқ деген сөз. Ешқандай химиялық қоспасы жоқ өнімге деген сұраныс қашанда жоғары. Қияр мен қызанақтан бөлек, баклажан мен тәтті бұрыш тауарына ұсыныс түсіп, жарты гектар жерге тұқымы себіліп, көкөніс алынды. Жылыжайдан алынған өнімнің шамамен 30 пайызы алматылықтар үшін сауда нүктелеріне жіберілсе, 35 пайызы еліміздің солтүстік аймақтарына: Астана қаласы, Ақмола, Қарағанды облыстарына жөнелтілуде. Ішкі нарықтан бөлек, эко өнімнен дәмелі ресейліктерге 20 пайызы жеткізіліп отыр. Тауар сапасының сынға ілікпеуі мен сәйкесінше, бағасының да көңілге қонымды болуын үнемі қадағалауда ұстаймыз дейді бизнес өкілдері. Кәсіпкерлер бастаған бизнестің беталысына көңілге қонымды баға ұсынған жергілікті билік биыл да субсидия арқылы көмек беруге әзір. Ал жұмыспен қамту орталығы жылыжайда жұмыс істейтін 200-ге жуық жұмысшыға төленетін жалақының 30 пайызын төлеп отыруға ынталы. Былтыр дәл осы салада кәсібін дөңгелетіп отырған іскерлердің ішінен 118 миллион теңге салық төлеп, қазынаға ең көп қаражат құйған кәсіпорын ретінде топ жарғаны тағы бар. Тірлік мұнымен тоқырамақ емес. Индустриалды аймақтан тағы да 8  гектар жерге жылыжай салып,  егін егуді едәуір арттыру жоспарда тұр.  Сонымен қатар, биыл 5 мың тоннадай қуаты бар «BR BRAPK» ЖШС-нің 8 гектар жылыжай кешенін кеңейту көзделіп отыр. Бұл жобаның жалпы құны 8,5 млрд теңгені құрамақ. Сосын 12 гектар жерге «Green­AgroKz» ЖШС-нің 11,5 млрд теңгелік көкөніс жылыжайы салынады деп жоспарланған. Айта кетейік, Алматы тұрғындарының бір жылдық сұранысы шамамен 750 мың тонна көкөніс пен 400 мың тонна жеміс-жидек. Осы ретте, жыл басынан бері  баға тұрақтылығын сақтау үшін апта сайын алты  ауданда 300-ге жуық жәрмеңке өткізілді. «Бармақ басты, көз қысты» әрекетке пиғылы бар бизнесмендер қатаң бақылауға алынуда. Сондай-ақ, жылына еліміздің түкпір-түкпірінен 10 рет ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізіледі. Жаппай жеңілдік кәсіпкерлердің қалтасын қалыңдатып, жұртшылықты да арзан өнімге қарық қылады. «Қазақстанда жасалған» отандық өнімдердің жәрмеңкесі Алматы қаласында жиі ұйымдастырылады. Мәселен, шаһарда үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында 230 отандық тауарлар жәрмеңкесі өтті. Мұндай жәрмеңкелер алдымен отандық өнімді халыққа кеңінен танытуға мүмкіндік береді. Павлодар облысындағы фермерлер биыл Алматыға 20 мың тонна картоп жөнелтуді жоспарлап отыр. Алматы қалалық әкімдігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және павлодарлық өндірушілермен үш жақты меморандум жасалды. Осы келісімнің арқасында тұрғындар өнімді нарық  құнынан 15 пайыз төмен бағамен сатып ала алады. «Алматы қаласының нарығы өте үлкен. Біз отандық тауар өндірушілерді саудамен қамтамасыз ету үшін қазіргі таңда үш жақты меморандумға қол қойып отырмыз. Кәсіпкерлер палатасы отандық тауар өндірушілер үшін нарыққа тиімді және ыңғайлы, қолайлы шарттар қарастырып, олардың тауарларын сату мүмкіндіктерін пысықтап отырмыз», – дейді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының аппарат жетекшісі Нұрлан Қабыштаев. Ал Алматы қаласының әкімдігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сай отандық өнімдер сапасын арттыру, «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастыру жұмыстарын әрі қарай жалғастыра беретіні сөзсіз.   Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажет. Бұл бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік береді. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан