Астық жинау аяқталуға жақын

Астық жинау аяқталуға жақын

Астық жинау аяқталуға жақын
ашық дереккөзі
Соңғы аптада Қостанай облысында жиын-терім жұмыстары қарқын алды. Апта басындағы мәліметтерге сәйкес, облыс бойынша 2 миллион 800 мың гектар алқаптың астығы жиналып алынған. Бұл – жалпы алқаптың 70 пайызы. Мамандардың айтуынша, солтүстік диқандары жиын-терімнің бел ортасынан енді асса, оңтүстік аудандар науқанды аяқтауға жақын. Алынған өнім әзірге әр гектарға 10, 5 центнерден. Ауа райы кедергі жасамаса, астық түсімі 11 центнерден кем болмайды дейді мамандар. Яғни, биыл да облыс диқандарының 5 миллион тонна өнім алуға мүмкіндігі бар. Оның сапасы да көңіл көншітерліктей. «Егер ауа райы қолайлы болса 1 қазанда астықты толықтай жинап бітеміз», – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Сәлімжан Есенаманов. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, есептік кезеңде ауылшаруашылық өнімін өндірушілер 10 мың 838 гектарды немесе өңірлердегі жалпы астық алқаптарының 72,1 пайызын жинап үлгерді. Апта басында 13 мың 950 тоннадан астам астық жиналғаны мәлім болды. Мамандар айтқан деректер бойынша, елімізде орташа өнімділік бір гектардан 12,9 центнерді құраған. Өткен жылдың сәйкес мерзімінде жалпы астық алқаптарының 14 мың 466 мың гектары немесе 94,4 пайызы жиналып, 19 мың 357 тонна астық бастырылған болатын. Орташа өнімділік әр гектардан 13,4 центнерді құрады. Биылғы егіс алқаптарының көлемі де өткен жылмен салыстырғанда аз. 2018 жылғы егін алқаптарының жалпы көлемі 15 027,9 мың гектарды құрады. 2017 жылы  егін көлемі  15 318,6 мың гектар болған еді.