Жаңалықтар

«Кедергісіз келешек» жаңаша қарқын алды

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «BLIND RACE ASTANA–PARIS» құрлықаралық веломарафонының қатысушыларымен жүздесті. Айта кетейік, веломарафон «Нұр Отан» партиясының қолдауымен ұйымдастырылған болатын.

«Спортта шекара жоқ» деген ұранмен өткен бұл іс-шараға көзі мүлдем көрмейтін және нашар көретін спортшылар қатысты. Олар еріктілермен бірге Астанадан Парижге дейінгі 5 мың шақырым жолды велосипедпен жүріп өтті. 6 мемлекеттің 30 қаласын аралаған спортшылар 5 мың шақырым жолды бағындырды. Веломарафоншылар Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша, Германия, Франция елдерін басып өтті.

Бұл жобаға батыл қадам арқылы қоғамның мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарасын өзгертуді және өз бойларындағы күдік пен күмәнді жеңуді алдарына басты мақсат етіп қойған жандар қатысты. Веломарафон барысында қатысушылар күніне 100-200 шақырым жолды артқа тастап отырған. Зағип жандар негізінен екі кісілік велосипедте стокердің (артқы орындықта отырып, жүргізетін велосипедші) міндетін атқарса, ал пилоттың рөлін еріктілер атқарды. Соған байланысты оларға негізінен жолды бағдарлау, велосипедті басқару сияқты міндеттер жүктелсе, басты күш стокерлерге түскен. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандардың бұл әрекетін батылдыққа балауға толық негіз бар.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары спортшыларды марафонның сәтті аяқталуымен құттықтап, бұл бастама елімізді әлемге танытуға, Қазақ­стан­да паралимпиадалық спорт түрлерінің дамуына және мүмкіндігі шектеулі жандар арасында саламатты өмір салтын насихаттауға үлкен үлесін қосатын игі іс екенін айтты. «Қатарынан 3 жыл бойы өткізіліп келе жатқан веломарафонға биыл «Нұр Отан» партиясы да қолдау көрсетіп, оның табысты жүзеге асырылуына атсалысты. Соның нәтижесінде жоба құрлықаралық деңгейге көтеріліп, қатысушылар Еуропаның 6 мемлекеті мен 30 қаласын басып өтті. Осы жолдағы сіздердің қажыр-қайраттарыңыз, өмірге деген құштарлықтарыңыз бен жеңіске деген құлшыныстарыңыз, төзімділіктеріңіз бен табандылықтарыңыз және ерік-жігеріңіз барша халыққа, әсіресе жастарға үлгі болатын өнегелі іс. Халық өздеріңіздей рухы мықты жандарды қашанда құрмет тұтып, мақтан етеді. Алдағы уақытта да партия осындай игі бастамаларға қолдау көрсету ісін жалғастыра береді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, ол партия қызметін жаңғырту аясында қайта жанданған «Кедергісіз келешек» партиялық жобасына да тоқталып өтті. «Бүгінде партия мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету мақсатында «Кедергісіз келешек» жобасын жүйелі жүзеге асырып келеді. Бұл жоба партия қызметін жаңғырту аясында жанданып, жаңаша қарқын алды. Соның нәтижесінде нақты басымдықтар анықталды. Яғни, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кедергісіз орта қалыптастыру, олардың инклюзивті білім алуларына ықпал ету, жұмысқа орналасуларына қолдау көрсету және осы салаға қатысты заңнамаларды одан әрі жетілдіруге айрықша көңіл бөліп отырмыз. Сондай-ақ, партия еліміздегі саяси өмірге белсене араласып, мәслихат, Мәжіліс сайлауларына қатысқысы келетін мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолдау көрсетуге дайын», – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Веломарафонның ұйымдастырушысы, «Спортта шекара жоқ» жобасының жетекшісі Бақтияр Базарбековтің айтуынша, бұл шараның мақсаты – саламатты өмір салтын және табиғи таза көлік түрі саналатын велосипедті насихаттау, сондай-ақ, экотуризмді дамытып, мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау. Бұл – аталған топтың үшінші ірі велошеруі. Алғашқы екеуі Алматы – Астана және Алматы – Ыстықкөл бағыттары бойынша өткен еді. Веломарафон кезінде команда құрамы 17 адамнан тұрды. Оның ішінде 6 стокер (көзі мүлдем көрмейтін және нашар көретін жандар), 6 пилот (велотандемде жол нұсқаушы еріктілер) және 5 ерікті (оператор, жүргізуші, аспаз, медицина қызметкері) болды. Олар 5 екі кісілік және 2 бір кісілік велосипедпен алыс шақырымдарды бағындырды.

Back to top button