Балық қорғаушыға лайық қайық болса...

Балық қорғаушыға лайық қайық болса...

Балық қорғаушыға лайық қайық болса...
ашық дереккөзі
805
Өткен аптада Маңғыстау облысында «Қызыл кітапқа» енген бекірені заңсыз аулап, оны сатпақ болды деген күдікпен 8 адам қолға түсті. Табиғатты қорғау полицейлері оларды жолда көлікпен кетіп бара жатқан жерінен ұстаған. Бірі бекіре толы қапшықты көліктің жүксалғышына, енді бірі салон ішіне жасырыпты. Он шақты көліктен сақшылар жарты тоннадай қызыл балық тәркіледі. Айдынға заңсыз ау салатын осындай жүгенсіз браконьерлердің кесірінен онсыз да азайып бара жатқан бекіре балығы көзден бұлбұл ұшатын түрі бар.

Оңай олжа осы деп...

Елімізде заңсыз балық аулаушыларға қарсы күрес шаралары тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі. Браконьерлікті біржола тыйып, азайып бара жатқан балық түрлерінің популяциясын қалпына келтіру мақсатында бірнеше акция, атап айтқанда, «Браконьер», «Бекіре», «Уылдырық» жедел профилактикалық шаралары жыл сайын республиканың барлық аймағында өткізіледі. Десе де, бас пайдасын бәрінен биік қоятын жүгенсіздермен күресуге күш құрылымдарының шамасы жетер емес. Заңсыз балық аулау деректері жыл өткен сайын арта түсуде. Мәселен, жуырда «Уылдырық» жедел профилактикалық шарасын өткізу барысында павлодарлық полиция қызметкерлері заңсыз балық аулаудың 68 фактісін анықтады. Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінің мәліметінше, рейд уақытында сақшылар 15 құқықбұзушылық жасау құралдары мен жүзу құралдарын тәркіледі. Құқықбұзушыларға жалпы сомасы 853 475 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Олар уылдырық шашу кезеңінде облыс аумағындағы қатаң түрде күзеттегі аймақтардан және балық аулауға тыйым салынған жерлерден балық аулаған. Қатаң тыйым салынғанына қарамастан Сыр өңірінде де браконьерлер сирек кездесетін балықтарға қырғидай тиюді қояр емес. Арал инспекциясы өткен жылы балық аулау қағидасын бұзған 384 деректі тіркесе, биылғы 5 айда бұл көрсеткіш 178-ге жеткен. Қызылорда облысында сәуірден бастап маусым айының алғашқы 10 күндігіне дейін балықтың уылдырық шашатын мезгілі. Сондықтан бұл кезеңде су айдындары ерекше қорғауға алынады. Алайда табиғаттың тұтастығын емес, қалтаның қамын ойлайтындар заңды белшеден басып жүр. Мамандар айдындар айрықша бақылауға алынатын мезгілде 42 заңсыз балық аулау дерегін тіркеді. Уылдырық шашатын кезеңде балық ауламақ тұрмақ, су көліктерінің қозғалысына да тыйым салынатыны белгілі. Су маржанының табиғи көбеюіне барынша жағдай жасау үшін Арал инспекциясының мамандары тәулік бойы теңіздің басынан табылады. Дегенмен құрыққа ілінбей құтылып кететіндер көп. Өйткені браконьерлер тізгіндеген қайықтардың жылдамдығы 100 аттың күшінен де асып түсіп жатады. Мамандардың айтуынша, жүрісінен тұрысы көп ескі техникалар балық қорғаушыларды тығырыққа тірейді. Қанша жамап-жасқағанымен, бірер күннен кейін қайта істен шығатын көрінеді. «Техниканы көбейтсе дейміз. Біздің теңізге лайықты қайықтар керек. Балық қорғаушылар мініп жүрген өзен кемесі ашық теңізде жүруге жарамайды. Спорттық қайығымыздың жағдайы да мәз емес. Сондықтан көп жағдайда браконьерлерден көз жазып қаламыз», – дейді облыстық орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі инспекциясының бөлім басшысы Есенбай Есіркепов. Заңсыз балық аулаушылардың көбеюі салдарынан Батыс Қазақстан облысында да балық шаруашылығының жағдайы мүшкіл. Мамандар өңірде балық азайып барады деп дабыл қағуда. Патша өкіметі кезінде, тіпті бертін келе Кеңес өкіметі кезінде де Орал өңірі күллі Одаққа қызыл балығымен танылған өлке еді. Ал қазіргі Жайықтың жағдайы адам аярлық. Қуаңшылық жылдары өзен суы лайланып, тереңдігі толарсақтан келеді. Биыл су жылдағыдан мол келсе де, балық көбейген жоқ. Мұның себебін мамандар түрлі факторлармен байланыстырады. Әлбетте, азып-тозған экология сылтауратуға «сұранып-ақ» тұр. Алайда адамдардың табиғатқа өшпенділігі арта түскендей. Бөкендерді баудай түсірген браконьерлер балыққа да ауыз салған. Биылғы жылдың сәуір-мамыр айларында Батыс Қазақстан облысы аумағында өткізілген «Бекіре-2018» шарасы барысында заңсыз балық аулау дерегі бойынша 13 қылмыстық іс қозғалды. Бұдан бөлек, 143 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Табиғат қорғау заңдылығын бұзғаны үшін 156 адам жауапқа тартылды. Оларға 2,1 млн астам теңге айыппұл салынды. Құқық бұзушылардан заттай айғақ ретінде 7514 келі балық, 19 балық аулау құралы, 3 жүзу құралы тәркіленді. Өңірдегі көпті көрген қариялардың сөзіне сүйенсек, Оралда ең үлкен бекіре соңғы рет 1972 жылы ауланған екен. Балықтың басының өзі ғана 42 келі тартса, ішінен 6 шелек уылдырық шыққан деседі. «Патша балық» атанған бекіреге жергілікті жұрт осы оқиғадан 45 жыл өткесін қоладан ескерткіш орнатты. Мұны патша балықты сақтай алмаған оралдықтардың ішін өртеген өкініші деп ұқты ел. Ақтөбеде де заңсыз балық аулау тыйылар емес. Облыс аумағында өткізілген «Браконьер» жедел профилактикалық шарасы кезінде мобильді топтар жүргізген 145 рейдтік шара нәтижесінде табиғат қорғау заңнамасын бұзған 77 факт тіркелді, оның 16-сы бойынша 192 мың 400 теңге көлемінде айыппұл салынды. Мәселен, 23 мамыр күні «Браконьер» жедел профилактикалық шарасы барысында Ырғыз аудандық ішкі істер бөлімі мен орман шаруашылығы аумақтық испекциясының және «Охотзоопром» инспекторлары бірлескен рейд кезінде заңсыз балық аулаушыларды ұстады. Тәуіп селолық округінің Құйылыс ауылынан 25 шақырым жердегі Тайпақкөл көлінен ауданның 47 және 50 жастағы тұрғындарын айдынға ау салған сәтінде қолға түсірген. Олардан әрқайсысы 100 метр болатын 4 дана ау, 1 дана үрлемелі резеңке қайық тәркіленді. Заңсыз ауланған балық 91 келіден асады. Оның ішінде 50 келі сазан, 27 келі табан балық пен 13 келі мөңке балық бар.

Жайық балығы жайпалды

Жайықты жағалай қонған атыраулықтар үшін балық аулау – негізгі нәсіп көзі. Балық шаруашылығы аймақ экономикасының негізін құрайды. Алайда бекіретұқымдас балықтарды тағылықпен аулау балық шаруашылығының дамуына, бекіретұқымдас балықтардың көбеюіне орасан кедергі келтіруде. Аймақта заңсыз балық аулаушылармен күрес жүйелі жүргізіледі. Құқық қорғау органдары браконьерлердің өздерін ұстап, олардың суда жүзетін құралдарын, аулаған балықтарын тәркілейді. Айталық, былтыр «Бекіре-2017» акциясы кезінде 64,3 тоннадан көп балық (оның үш тоннадан астамы бекіре тұқымдас балық болып шыққан) пен 11 келі қара уылдырық тәркіленген. Атырау облысының орман шаруашылығы және жануарлар әлемі территориялық инспекциясы өкілдерінің айтуынша, олар заңсыз балықшыларды ұстаудан бөлек, браконьерлерден балық сатып алатын кооперативтерімен де күреседі. Мысалы, инспекция дерегінше, 2017 жылғы сәуірде («Бекіре-2017» акциясы кезінде) «Ақсу-Қиғаш» балық аулау кооперативінен заңсыз ауланған 35 тонна балық тәркіленген. Соңғы екі жарым жыл ішінде браконьерлерге қатысты 4 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталып, 58 заңсыз балық аулаушының үстінен 35 қылмыстық іс қозғалған. Браконьерлерден жалпы сомасы 125 млн теңге шығын өндірілген. АШМ Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы Данияр Баймағамбетовтің айтуынша, балық аулаушылармен күрес шаралары нәтижесінде 2016-2017 жылдары 11 мың балық аулау құралы, 600 жүзу және көлік құралдары тәркілеген. 2017 жылы қарашада балық қорғау инспекциясы қызметкерлері Каспий теңізінің солтүстік жағынан бекіре балығына лық толы қайықты ұстағаны көптің есінде болар. Тәркіленген балықтың салмағы – 1089 келі. Ал мемлекетке келтірілген зиян көлемі – шамамен 250 миллион теңге. Балық қорғау инспекциясы қызметкерлерінің сөзінше, бұл браконьерлерден тәркіленген ең үлкен заңсыз ауланған балық партияларының бірі болған. Кейінгі кезде заңсыз ауланған бекіре балығымен ұсталатын браконьерлердің көпшілігі Атырау облысындағы Жанбай ауылының тұрғындары көрінеді. Каспий теңізі жағалауында орналасқан әлгі ауылда ертеректе балықшылар мен полиция арасында бірнеше қақтығыс болған. Жанбай тұрғындарының полициямен 2017 жылы сәуірдегі соңғы қақтығысында жергілікті тұрғындар балық тиелген көлікті аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінен тартып алып, оқиғаның соңы үлкен дауға ұласа жаздаған. Жанбай туралы, заңсыз балық аулау мәселесі жайлы індете жазып жүрген жергілікті журналист Азамат Майтановтың айтуынша, бұл аймақта браконьерлікпен күресу қиын. – Кент теңіз жағасында тұр, ол жақта балық аулап, азын-аулақ мал ұстаудан басқа күнкөріс көзі жоқ. Сондықтан ауылдағы ер адамдардың бәрі жыл бойы балық аулайды. Қыста олар теңізге мұздың үстімен мотоциклдерімен барып, балыққа ау тастайды. Ал балық уылдырық шашатын көктем кезінде қайықпен аулайды, – дейді мәселенің мән-жайына әбден қаныққан тілші. Журналистің сөзінше, құзырлы органдардың Жанбайдағы браконьерлікпен күресу әрекеті нәтиже бермеген. Ауыл тұрғындарына балықты саудагерлерге сату тиімді. Бүгінде Атырау қаласындағы астыртын балық базарларынан қызыл балық сатып алу қиын емес. Кез келген атыраулық тұрғынның қызыл балықты астыртын сататын орынды немесе оны қайдан сатып алуға болатынын білетін танысы бар көрінеді. Әсіресе, Жанбай балығына сұраныс көп дейді жергілікті саудагерлер. Сондықтан жанбайлық браконьерлер пайдадан кенде қалмайды екен. Көктемде балық аулау маусымы қызған шақта қызыл балықтың бір келісі шамамен екі жарым мың теңгеден сатылған. Ал былтыр күзде Атырау тұрғындарына қара уылдырықтың келісін 220 мың теңгеден ұсынғандар болыпты. Атыраулық эколог Галина Чернованың сөзінше, браконьерлер көбінесе бекіре тұқымдас балықтардың алты айлық және бір жасар шабақтарын аулайды. Қазақстан және Ресей бекіре бірлестігі теңізге жіберген жетілмеген бекірелерге қырғидай тиетіндер көбейген. – Дағыстандағы Каспий балық шаруашылығына қарасты ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының айтуынша, бекіре балығы популяциясынан көбінесе екі-алты жасар, яғни «жеткіншек» шабақтар ауланады. Оларда уылдырық болғанымен әлі ешқандай құндылығы жоқ. Бірақ браконьерлер жыныстық жетілмеген шабақтарды аулап, популяция санын мүлде азайтуда, – дейді Чернова. Бағалы балық санының күрт азайып бара жатқанына қынжылған эколог браконьерлерге қарсы күрестің нәтижесіздігін техникалық қиындықтармен байланыстырады. «Балық қорғау инспекциясында катерлер жоқ, онсыз рейдке шығу мүмкін емес», – дейді маман. Ал Атырау облысының орман шаруашылығы және жануарлар әлемі территориялық инспекциясы өкілдерінің сөзінше, заңсыз балық аулаумен күресудің тиімді жолдары бар. Олар мәселені шешу үшін браконьерлерді шартты мерзімге соттап немесе айыппұл салу арқылы жазаламай, оларды түрмеге кесу жазасын қарастыруды ұсынады. Сондай-ақ, қолдан жасап алған әрі моторының қуаты 40 аттың күшінен асатын қайықтарды мемлекеттік тіркеуге алу керек деп есептейді. Бұл шаралар аймақтағы браконьерлікке аз да болса тосқауыл боларына сенім мол. Сайып келгенде, балықты заңсыз аулаушылардан су көліктерін тәркілеу балықтардың уылдырық шашатын қауіпсіз аймаққа оралып, шабақтардың өзенде еркін сайрандауына септігін тигізуде. Заңсыз балық аулаушылардың дені «Байда» атты қуатты моторлы қайықпен жабдықталғанын ескерсек, күні бүгінге дейін олардан тәркіленген 600 су көлігі браконьерлерді біраз шығынға батырғаны сөзсіз. Каспий теңізі, Жайық пен Қиғаш өзендерінің бойын жағалап, оңай олжаға батқысы келгендерден тартып алынған қуатты қайықтар халықтың аузынан жырылған бағалы балықтардың өтемі бола алмас. Десе де, қара жаяу қалған браконьерлер енді айдын бетінде емін-еркін сайран сала алмайды.

Серіктес жаңалықтары