Елімізде тәулігіне 776 бала дүниеге келеді, бірақ...

Елімізде тәулігіне 776 бала дүниеге келеді, бірақ...

Елімізде тәулігіне 776 бала дүниеге келеді, бірақ...
ашық дереккөзі
690

Ана мен бала – қоғамның бас­ты байлығы. Адамзаттың ұрпағын жалғастырушы ана мен жарық дүние есігін енді ғана ашқан бейкүнә нәрестенің өмірі мен денсаулығын басты назарда ұстайтынымыздың себебі сол. Еліміздің денсаулық сақтау жүйесі үшін де ана мен бала денсаулығын сақтау маңызды міндет ретінде бекітілген. Соңғы жылдары ана мен бала өмірін жақсартуға бағытталған түрлі жобалар қолға алынды. Тіпті, олардың нәтижесі де көзге көріне бастаған тәрізді. Өйткені ресми деректер соңғы жылдары еліміздегі ана мен бала өлімінің азайғандығын көрсетіп отыр.

Өлім-жітім азайды

Бүгінгі күннің күн тәртібіндегі басты мәселе – халықтың санын арттырып, саналы ұлт ұрпағын көбейту. Бұл үдеден шығу үшін дені сау ұрпақты өмірге әкеліп, қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру қажет. Мұндай тапсырманы өз Жолдауында Мемлекет басшысы да нақтылап берген еді. Әлбетте, демографиялық ахуалды жақсартуда ана мен баланың денсаулығы маңызды рөл атқарады. Сол себепті, ана мен баланың денсаулығын жақсарту мақсатында соңғы жылдары көптеген перзентханалар, әйелдер мен балалар консультациялары, жүкті әйелдер мен балалы әйелдер үшін демалыс орындары салынуда. Қолда бар деректерге көз салсақ, Қазақстанда тірі туылған әрбір мың сәбидің 18-і шетінеп кетеді екен. Мұның жақсы көрсеткіш емес екендігі айтапаса да түсінікті. Дегенмен, Қазақстандағы ана мен бала өлімі 1999 жылмен салыстырғанда 2013 жылы 12,6 пайызға азайыпты. Ресми деректер еліміздегі ана өлімі соңғы онжылдықта 65 пайызға кемігенін көрсетсе, жаңа туған нәрестелердің өлімі 60 пайызға азайғандығын анықтап отыр. «Сапалы денсаулық сақтау» атты USAID бағдарламасының аяқталуына арналған баспасөз мәслихатында АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігі Орталық Азиядағы миссиясының өңірлік директоры Джонатон Аддлтон: «Қазақстан ана мен бала денсаулығы, отбасын жоспарлау саласында айтарлықтай жетістікке жетіп отыр. Әсіресе, ана мен бала өлімінің азайғаны қуантады. Бұл – үлкен жетістік. Қазақстанның бұл саладағы оң өзгерістерінен үлкен әсер алдым», – деген болатын.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2010-2013 жылдар аралығында еліміздегі ана өлімі 3,7 есеге, ал бала өлімі 25 пайызға азайыпты. Ал Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің биылғы мәліметтері бойынша, 2015 жылдың алғашқы алты айында ана мен бала өлімі 2 және 1,7 есеге төмендепті. Үстіміздегі жылдың алғашқы жеті айында республикада 1 жасқа дейінгі қайтыс болған нәресте саны 2 263 адамды құрап, 2014 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,1 пайызға азайды.

Бүгінде еліміздің медицина саласында ана мен бала өлімін азайту жолға қойылса да, түйінді толық тарқату мүмкін болмай тұр. Жалпы, еліміздегі жас қыздардың 30 пайызының ғана денсаулығы қанағаттанарлық деңгейде екен. Ал қалған 70 пайыз қаракөз қыздардың денсаулығында кінәрат барын мамандар жоққа шығармайды. Мәселен, 47,4 пайыз қыздардың асқазан-ішек жолдары сырқаттанса, несеп, зәр жүйесі аурулары мазалайтын қыздар қатары 30,8 пайызды құрап отыр. Ал жас қыздарымыздың 12,5 пайызы эндокриндік жүйе дертіне шалдыққан екен. Болашақ аналардың денсаулығында кездескен мұндай сырқаттардың құрсақтағы сәбиге де өз әсерін тигізетіні анық. Сондықтан, өмірге ұрпақ әкелетін аналар өз денсаулығына асқан жауапкершілікпен қарауы керек.

Кінәні қайдан іздейміз?

Ана мен бала өлімінің негізгі себебі – әйел денсаулығында болатын кінәраттар, жүктілік немесе жүктілік кезінде пайда болған әртүрлі аурулар. Жалпы, медицинада ана өлімінің себептері акушерлік немесе акушерлік емес деп екіге бөлінеді. Акушерлік себептерге преэкламсия, қан кету, түсік жасау кезіндегі асқынулар жатса, акушерлік емес себептерге экстрагенитальды аурулар, яғни, жүрек қантамыр жүйесінің, бүйрек пен бауыр және өзге ағзаларда кезедесетін ауру түрлерін жатқызуға болады. Ана мен бала өлімінің тағы бір себебі – дәрігерлердің біліктілігінің төмендігі. Білікті дәрігерлер санының аздығынан еліміздің шалғай аудандарында ана өлімі жиі тіркеледі. Мұндай қайғылы жағдайлар кейде босандыру әдістері дұрыс жүргізілмегендіктен орын алады. Елімізде көбінесе ана мен бала өліміне дәрігерлерді жазғырып жатады. Бірақ бұл жағдайға аналар да үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Дәрігердің кеңестеріне сүйеніп, уақытында тексеруден өтіп тұруды қанша міндеттесе де, жүкті әйелдердің біразы бұған бас қатыра бермейді. Біздің мақсат – ақ халаттыларды ақтап алу емес, екі жақты жауапкершілікті арттыру. Сонымен қатар, ана мен бала өліміне жедел медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың дұрыс жолға қойылмауы да себеп. Сәбилер өлімі, оның ішінде бір жасқа дейінгі балалар өлімі еліміздің денсаулық сақтау саласының өте маңызды көрсеткіші ретінде халық денсаулығы мен оған көрсетілетін медициналық көмектің сапасын сипаттайтын 12 индикаторлық жүйенің қатарына енеді. Бұл ұлт денсаулығының жағдайын бағалауға және болжауға көмектеседі.

Еліміздің жер көлемінің үлкендігіне қарамастан, онда тұратын халық санының аздығын ескерсек, еліміздің келешегіне әрбір жүктілік пен дүниеге келетін барлық баланың өмірін аман алып қалу өте маңызды. Бір жасқа дейінгі балалар өліміне перинаталды кезеңде пайда болатын жағдайлар, тыныс жолдарының қабынуы, оның ішінде пневмония мен туа пайда болатын ақаулар себеп болады. Ал балалар өлімінің себептеріне тыныс жолдарының қабынуы, оның ішінде пневмония, жарақаттар мен күйік және жедел ішек инфекциялары жатады. Медицина мамандарының зерттеуі бойынша, сәбилер өлімінің кем дегенде 70 пайызы медицинаға тәуелді екендігі байқалады.

Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдары еліміздегі демографиялық ахуал күрт төмендеп кеткені белгілі. Соның нәтижесінде халықтың жалпы өлімі ұлғайып, бала туу деңгейі азайды. Елімізде 1991 мен 2000 жылға дейінгі аралықта тірі туған 1000 балаға шаққандағы сәбилер өлімі 1991-1995 жылдары тым жоғары деңгейде болып, содан кейінгі жылдарда біртіндеп төмендей бастады. Десек те, көршілес Ресей, Беларусь елдеріне және Украинаға қарағанда біздің еліміздегі сәбилер өлімінің көрсеткіші әлі де жоғары деңгейде. Соған байланысты бүгінгі күні біздің елімізде сәбилер өлімін азайту өте өзекті мәселеге айналып отыр.

Бүгінде денсаулық сақтау саласында ана мен бала денсаулығын жақсарту, олардың өлімін тежеу мақсатында түрлі іс-шаралар қолға алынып, жұмыс жасалу үстінде. 2013 жылы Үкімет елімізде ана мен бала өлімін төтенше жағдай ретінде қарастыру туралы ұсыныс айтып, әрбір өңірге ана мен бала өлімін төмендетуге мүмкіндік беретін іс-шараларды тыңғылықты атқаруға тапсырма берген еді. Соңғы жылдары статистикалық деректер еліміздегі туу көрсеткіші артып, ана мен бала өлімі төмендегенін көрсетіп отыр. Десек те, Қазақстандағы ана мен бала өлімінің көрсеткіші Еуропа елдерімен салыстырғанда 2 есе жоғары екен.

Қазақстанда әрбір 113 секундта бір нәресте дүниеге келеді

Қазір қала көшелерінен жүкті әйел­дерді жиі кездестіруге болады. Әрине, оларды көзбен көрген сайын халқымыздың саны артып, демографиялық жағдайдың жақ­саратынына сенім арта түседі. Елі­міз­де көп балалы отбасылардың саны артып, бала туу көрсеткішінің көбеюі орынды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Таиланд елі алғаш тәуелсіздік алған кезде халық саны 16 млн. болса, қазір 65 млн.-ға жеткен. Бар болғаны 40-50 жылдың ішінде халық санының өсімі айтарлықтай өскен. Біздің елдегі 2050 жылға жоспарлаған бағдарламада 2020 жылға қарай халқымыздың саны – 20 млн.-ға жетсе екен деп ойлағанмын. Кезінде тәуелсіздік алған тұста 1991-1995 жылдар аралығында Қазақстаннан 3,5 млн. халық көшіп кетті. Сол көрсеткіш бойынша халық саны 14 млн.-ға дейін түскен. Қазіргі уақытта, енді қайта қалпымызға келіп жатырмыз. Оның ішінде 1 млн.-нан астам қандастарымыз сырттан келіп жатыр. Алдағы уақытта да осы қарқыннан таймай, халыққа жағдай жасау арқылы халық өсімін арттыру, оның ішінде балаларға жағдай жасау толығымен дұрыс жолға қойылды»,  ̶ деген болатын.

Бүгінгі ресми деректер Қазақстандағы туу көрсеткішінің артып жатқанын алға тартуда. Әлеуметтік желілерде Қазақстанда әрбір 113 секундта бір нәресте, ал тәулігіне 766 бала дүниеге келетіні жиі жазылып жүр. Бұл деректердің жай сөз еместігін Алматы шаһарындағы көрсеткіштер растайтындай. Мәселен, 2014 жылы Алматыда 7 рет үшем дүниеге келсе, соңғы 5 жыл ішінде оңтүстік астанада 2 рет төртем жарық дүние есігін ашқан. Өткен жылы бір ғана Алматы қаласының өзінде 43 мыңнан астам нәресте өмірге келді. Алматының биылғы жылы бала туу көрсеткіші жөнінен республика бойынша екінші орынға шығуы да сондықтан. Ал бала сүю жөнінен көш басында Оңтүстік Қазақстан облысы тұр. Бүгінде Алматыда күн сайын 140-қа жуық сәбидің кіндігі кесіліп, жарық дүние есігін ашады.

Бір жылда туатын нәрестелердің саны төрт жүз мыңға жуықтайды. Елімізде соңғы 10 жыл ішінде бала туу көрсеткіші 25 пайызға өскен. Қазіргі уақытта медицина саласында қолға алынған шаралар нәтижесінде мерзімінен бұрын туған балалардың өмірін сақтап қалу жақсарды. 2009-2014 жылдар аралығында 1500 граммға дейінгі салмақтағы балалардың өмір сүруі отыз пайызға өсіп, 60 пайызды құраған. Ал 2008 жылы уақытынан бұрын дүниеге келген балалардың 40 пайызы ғана өмір сүретін. Жаңа туған нәрестелердің алғашқы жеті күндегі өлім-жітімі 2,5 есеге төмендеді. Бұл – ең жақсы көрсеткіш. Жалпы, Қазақстан тәуелсіздік алған 23 жыл ішінде 6 миллион бала дүниеге келді.

Еліміздегі тағы бір мәселе – ұлдар мен қыздар санының теңеспеуі. Мәселен, 2010 жылы 188,4 мың ұл және 177,8 мың қыз бала дүниеге келген, яғни, 100 қызға 106 ұлдан келеді. Ал 2011 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда ұлдар 1,8 қыздар 2,4 пайызға артық туылыпты. Бұл теңсіздіктің әсері алдағы уақытта еліміздегі бала туу көрсеткішін азайтуы бек мүмкін.

Бүгінгі уақытта Америка, Еуропа елдерінде бала туу көрсеткіші мүлдем азайып кетті. Сондықтан, Еуропа халқы жылдам қартаюда. Келешекте мұнда жұмыс істейтін жастардың қалмауы әбден мүмкін. Дәл осындай қиын жағдайды қазір Ресей мен Беларусь те бастан өткеруде. Атап айтар болсақ, Ресейде соңғы жылдары туу көрсеткіші әр мың әйелге 12,9 баладан келсе, бұл көрсеткіш Беларусьте 12,2 баланы құрапты. Бірақ Батыс елдері бұл қиындықпен күресуде. Соның нәтижесінде, 2014 жылы Ресейде туу көрсеткіші рекордтық деңгейге жетіп, бір жылда 2 миллионға жуық сәби жарық дүниеге келді. Себебі дәл осы жылы Ресейде отбасындағы әрбір екінші бала үшін мемлекет 10 мың доллардан сыйақы беруге шешім шығарды. Бұл қадам елдегі туу көрсеткішін бірден 15 пайызға өсірді.

Әрине, елдегі халық санының өсімін арттыру үшін ана мен баланың жағдайын жасау басты талап. Әлемдік деңгейдегі Save The Children қайырымдылық ұйымы ана мен балаға жағдай жасайтын елдердің тізімін жасаған болатын. Ана денсаулығы, әйелдердің білім алуы мен табысы, сондай-ақ, бала өлімінің деңгейін есепке ала отырып, 176 елдің рейтингін шығарыпты. Аталмыш тізімде ана мен балаға ең жақсы жағдай жасайтын ел ретінде Финляндия көш басына шықты. Ал тізімнің соңында Конго Демократиялық Республикасы жайғасқан. Рейтингтің соңында тұрған он мемлекеттің барлығы Африканың тропикалық аймағында орналасқан екен. Ұйым деректеріне сүйенсек, Конгода 30 әйелдің біреуі босану кезінде немесе басқа да жағдайларда қаза табады. Ал Финляндияда 12 200 әйелдің біреуі ғана босану кезінде қайтыс болады. Жаңа туған балалар ең көп қайтыс болатын ел – Үндістан. Save The Children ұйымы мұнда жыл сайын 310 мыңға тарта жаңа туған сәби шетінейтінін растап отыр. АҚШ әйелдердің өмір сүру сапасы жөнінен 30-орында тұр. Дамыған елдер арасындағы жаңа туған бала өлімінің ең жоғарғы көрсеткіші Құрама Штаттарда тіркелген. Ал Қазақстан бұл рейтингте 65-орынды иеленіпті.

Сәби сүйіп, бақытқа кенелемін деген асқақ арманның жетегінде жүрген аналардың перзентхана кереуетінде жан тапсырғанын естігенде, жаның түршігетіні рас. Сол аналардың артында шырылдап қалған жетімекті көрсең, жаның тыным таппай, дегбірің қашады. Балалардың денсаулығы тек ата-ана үшін ғана емес, мемлекет үшін де өте маңызды екенін ұғынған жөн. Ал баланың денсаулығы қалыпты болу үшін ананың денсаулығы дұрыс болуы қажет. Бірақ... Бүгінгі күні ана мен баланың денсаулығы көңіл көншітпей тұр емес пе? Медицина дамыған бүгінгі заманда ана мен бала өлімінің тіркелгені қалай? Дені сау ұрпақ тәрбиелеу үшін мемлекет аналарға жағдай жасап, ал ата-ана мен дәрігерлер өздеріне жүктелген міндетті мүлтіксіз атқаруға тиіс. Денсаулықты күту – әр адамның өз міндеті. Әр ана болашақ сәбиінің дүниеге сау болып келуін қаласа, өз денсаулығына немкетті қарамауы керек. Жан-жақты жауапкершілік қана ана мен бала өлімінің алдын алуға ықпал етпек. Осыны жадымыздан шығармағанымыз абзал.

Серіктес жаңалықтары