Еуропадағы ең биік «Аспандағы көпір»

Италиядағы Валь Тартано  алқабында  Еуропадағы ең биік аспалы көпір салынып жатыр. Морбень және Сондрио елді мекендерін жалғастыратын бұл құрылыс 22 қыркүйекте ашылады.

«Аспандағы көпір» атауына ие болған нысан биіктігі 1034 метрлік екі тау шыңын жалғастырмақ. Көпірдің ұзындығы – 234 метр, ол 140 метр биіктікте орналасады. Оның құрылысына 750 мың еуро жұмсалған.

Бұдан былай ерекше көпір арқылы жергілікті тұрғындар өзге елді мекендерге жылдам жетіп, сондай-ақ, туристер жергілікті табиғаттың әсем көріністерін – Коломбер су бөгетін, Альпі шыңдарын, Адда өзенінің сарқырамасын,  жайылымдықтарды тамашалауға мүмкіндік алады.

Айта кетелік, таяуда құлаған Генуядағы көпірден 38 итальяндық қаза тапқан еді. Десе де, таулы-тасты Италия үшін аспалы көпірдің маңызы өте зор. Себебі осы көпірлер арқылы Италия жұртшылығы бір-бірімен  жақындасады. Әсем табиғаттың тауларын жалғайтын аспалы көпірлер талай жылдан бері елдің туризміне де оң әсерін тигізіп келеді.

Back to top button